Ақорда резиденциясында елімізге ресми сапармен келген Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамені салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Руанданың әнұрандары шырқалды. Салтанатты рәсімнен кейін президенттер келіссөз өткізді.
Қазақстан – Руанда: әлеуеті жоғары әріптестік
222
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кага­меге іл­ти­пат біл­ді­ріп, бұл са­пар­дың тарихи мәні зор деп бағалады. Сон­дай-ақ Қазақстан мен Руанда ара­сындағы қарым-қатынас жаңа дең­гейге шығатынын жеткізді.

– Сіздің бұл сапарыңыз және ал­дағы ке­ліссөздер екі­жақ­ты ық­пал­дас­тық­қа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды деп ойлаймын. Руан­да­ның экономикасы қар­қын­ды дамып ке­леді. Меніңше, өзара бай­­ланыс­тар­ды ны­ғайта беру қажет. Өйт­кені Қа­зақ­стан – ІЖӨ көлемі, ІТ техноло­гия­­лар мен жасанды интеллектті да­­­мыту бойын­­ша өңірдегі көшбасшы ел. Бұл біздің өзара тиімді ын­ты­мақ­тас­­тығымызды өр­кен­детудің басым ба­­ғыттары бо­ла алады. Сондықтан Сіз­­дің сапарыңызға ерекше мән бе­ре­­мін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Руанда Президенті Мемлекет бас­шы­­сына қонақ­жай­лық танытқаны үшін алғыс ай­тып, екіжақты ынты­мақ­­тас­тықты да­мы­туға ниетті екенін жет­кізді.

– Еліңізге шақырғаныңыз үшін ри­за­шы­лығымды біл­діремін. Мен бұ­ған дейін Қа­зақстанға 2015 жылы кел­ген бо­ла­тын­мын, бұл менің екін­ші сапарым. Өзіңізбен және Сіз­дің ко­мандаңызбен бірге екі ел игі­­лігі жо­лындағы бір­лескен жұмысы­мыз­ды жал­ғастырудың мүмкіндіктерін қа­рас­­­тыра­мыз, – деді Поль Кагаме.

Тараптар Қазақстан мен Руан­даның сая­си, сауда-эко­номикалық, көлік-логис­ти­ка, ауыл шаруашылығы және цифрлан­дыру салаларындағы қарым-қатынастарын да­мыту перс­пективасын талқылады. Сон­дай-ақ пре­зи­дент­тер аймақтық және ха­лық­аралық мәселелер туралы пікір ал­мас­ты.

Жаңа белеске жеткен ел

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысу үшін елімізге келген Руанда Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Руанда Президенті Поль Кагаменің Қазақстанға 2015 жылы жасаған сапарынан кейін екі елдің өзара құрметке негізделген, ынтымақтастық пен орнықты дамуды көздейтін қарым-қатынасы айтарлықтай табысқа жеткенін атап өтті. Президент Қазақстанның Африка мемлекеттері­мен байланысты кеңейтуге ерекше мән беретініне назар аударды.

– Сіздің көреген көшбасшы­лығыңызбен Руанда даму даңғылына түсіп, институционалды орнықтылық пен болашаққа бағдарланған жаңашылдықтың үлгісін көрсетті. Еліңіздің экономикалық өсімі 8 пайыздан асты. Бұл – жаңғыртудың жарқын көрінісі. Осы орайда Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән береміз. Қазақстан екіжақты тиімді байланыстарды нақты жобалар арқылы ілгерілетуге дайын. Сіздің сапарыңыз барысында қол жеткізілген уағдалас­тықтар Қазақстан мен Руанда арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Поль Кагаме Қазақ­стан­ның екіжақты ықпалдастықты дамытудағы күш-жігеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ Руанда мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің әлеуетіне тоқталып, екі елдің өркендеуіне және стратегиялық диалогтың нығаюына ықпал ететін бірлескен жобаларды жү­­зеге асыруға дайын екенін жеткізді.

– Астанаға екінші мәрте жолым түскеніне қуаныштымын. Қазақстан ұлттық даму жолында толайым табысқа жетіп, соның арқасында халықаралық аренадағы рөлі артып келеді. Біз өзіңізбен және сіздің еліңізбен серіктес әрі достас болғанымызға ризамыз, – деді Руанда Президенті.

Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ықпалдастықтың басым бағыттарын, соның ішінде сауда, инвестиция, көлік, электрондық үкімет және қаржы салаларындағы байланыс­тарды дамытуға уағдаласты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Руанда Президенті Поль Кагаме Бірлескен мәлімдеме қа­был­дады. Ал ресми делегация мүшелері ақпарат­тық-коммуникациялық технологиялар, ғылым, ауыл шаруа­шылығы, туризм, сауда салаларында ынтымақтас­тық орнатуға бағытталған құжаттармен алмасты.

Экономиканы ілгерілетудің тиімді тетігі

БАҚ өкілдері үшін өткізілген брифинг барысында Мемлекет басшысы елдеріміз үшін мән-маңызы зор келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Африка құрлы­ғы­ның халықаралық ықпалы жылдан жылға күшейіп келеді. Қазақстан осы аймақтағы елдермен тығыз қарым-

қатынас орнатуға ерекше мән беріп отыр.

– Біз Руанданы Африкадағы сенімді серіктесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Бүгінгі кездесу мазмұнды әрі мағыналы болды. Біз екіжақты ынтымақтастықты күшейту жолдарын талқыладық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік. Екі ел арасындағы саяси диалогты дамытуға уағдаластық. Алдағы уақытта Сыртқы істер министрліктері жоғары деңгейдегі кездесулер өткізетін болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстан мен Руанда дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін визалық талаптардан босатуға келіскеніне тоқталды.

Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары парламентаралық дипломатия мәселесін пысықтағанын жеткізді. Сондай-ақ көлік-логистика және сау­да салаларында бірлескен жұмыс топ­тарын құру туралы келісім жасады. Қазақстан Президенті мұны сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытудың тетігі санайды.

– Бұл ретте халықаралық дәліздер­дің мүмкіндігін талқыладық. Келіссөз ба­­рысында азық-түлік қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету мәселесін пысықтадық. Қазақ­станның ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка құрлығына тасымалдау жолдарын қарастырдық. Елдеріміз озық технология, жасанды интеллект және ға­рыш саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Біз цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға аламыз деп келістік. Ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Мұндай қа­дам мемлекеттік қызмет пен бизнестің тиім­ділігін арттыруға септігін тигізеді. Ақ­параттық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Руанда жасыл энергетика саласын өркендетіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүдделі екенін айтты. Осыған орай қос мемлекет бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл уағдаластықтар сауда-саттық көлемін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар екі елдің инвестициялық ықпалдас­тығына тың серпін береді.

– Бүгінде Астана мен Кигалидің ха­лық­аралық қаржы орталықтары арасында тығыз байланыс бар. Біз жаһандық қар­жы нарығындағы осы байланысты одан әрі нығайтуға келістік. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Руанданың климатты сақтау бағытында мол тәжірибесі бар. Соның арқасында жаһандық жобаларға зор үлес қосып келеді. Осы ретте тәжірибе алмасудың өзекті екенін атап өттік. Халықаралық конвенциялар мен келісімдер аясында экология мәселелерін шешу үшін күш біріктіру жолдарын талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.

Берік байланыс одан әрі нығая түспек

Келіссөздер кезінде мәдениет, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, президенттер ака­демиялық байланысты дамытуға, студент ал­масуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге келісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Поль Кагамені әлемдік саясатта мол тәжірибесі, беделі бар Президент ретінде атап өтіп, жаһандық мәселелер жөнінде пікір алмасқанына тоқталды.

– Екі елдің халықаралық түйткілдерге қатысты ұстанымдары ортақ деп айтуға бо­лады. Біз жаһандық дағдарыс­тың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешу керек деп есептейміз. Бейбіт келіссөздер жүргізуді қолдаймыз. Бұған қоса, халықаралық ұйымдар аясында өзара ықпалдастықты күшейтуге уағдаластық. Бастамаларымыз бойынша бір-бірімізге қолдау көрсетуге келістік. Президент Кагаме мырзаның елімізге ресми сапарының тарихи маңызы бар. Біз екіжақты байланысты дамытуға, түр­лі саладағы ынтымақтастықты кеңей­­­туге мүдделі еке­німізді растадық. Бүгінгі келіссөздің нә­тижесі – соның айқын дәлелі. Енді осы ке­лісімдерді са­палы жүзеге асыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Поль Кагаме де келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалады.

– Қазақстан Президентімен өте нәтижелі келіссөз жүргіздік. Елдеріміз арасындағы берік достық өзара серіктестігімізді одан әрі нығайтуға негіз болады. Келісімдерге қол қою арқылы ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттыруға ниеттіміз. Екі мемлекеттің сауда, технология және ауыл шаруашылығы салаларында бір-бірінен үйренері көп. Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board арасында келісім жасалуын құптаймыз. Руанда Қазақстанның энергетика, тау-кен өнеркәсібі және минералдарды өңдеу салаларындағы инновацияларын игеру арқылы айтарлықтай пайдаға кенеле алады, – деді Руанда Президенті.

 

Дайындаған Кәмила ДҮЙСЕН