Қазақстанда 250 астық өңдейтін кәсіпорын тіркелгенімен, нақты жұмыс істеп тұрғандары 80-нен аспайды.
Депутат Мұрат Ергешбаев Қытайда Қазақстан ұнын сататын өкілдік құруды ұсынды
279
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев Қазақстанда астықты ішкі өңдеуді ынталандыру мәселесін көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Егер 2009–2011 жылдары Қазақстан бидай ұны экспорты бойынша әлемде бірінші орында болса, бүгінде бұл көрсеткіш кері кетіп отыр. Астық өндірісі өскенімен, ұн өндірісі 2011 жылғы деңгейден де төмен. Бидайды шикізат күйінде сыртқа сату белең алып барады, – деді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстанда 250 астық өңдейтін кәсіпорын тіркелгенімен, нақты жұмыс істеп тұрғандары 80-нен аспайды. Ал олар қуаттылығының 35–45 пайызы бойынша ғана жұмыс істеп отыр.

Осы тұста Мұрат Ергешбаев ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі проблемаларға тоқталды. Атап айтқанда, қосымша құн салығының уақытылы қайтарылмауы мен Qaztrade акционерлік қоғамы арқылы көлік шығындарын өтеу бағдарламаларының жеткіліксіз қаржыландырылуы – салаға кедергі келтіріп отырған негізгі факторлардың бірі.

– Ұн сатуда дәстүрлі нарықтарымыздан айырылып қалдық. Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан импорттық баждың дифференциялық ставкаларын енгізіп, өз өндірушілерін қолдап отыр. Қазақстан тек Ауғанстан нарығында қалды. Бірақ бұл нарықты да жоғалту қаупі бар, – деді депутат.

Осыған байланысты, Ергешбаев астықты ішкі өңдеуге ынталандыру үшін көлік шығындарын өтеу тетігін енгізуді ұсынды. Сондай-ақ Қытайда мемлекеттік экспорттық корпорацияның қатысуымен сауда өкілдігін құрып, көрші елдің нарығына жол ашу керегін айтты.

– Отандық өндірушілердің астықты елімізде өңдеп барып сату мәселесін барлық құзырлы органдармен бірге жан-жақты қарастыру қажет, – деді ол.