84 шақырым жолдың 17 шақырымы Абай облысына, 67 шақырымы Жетісу облысына қарайды.
Нұртай Сабильянов Үкіметтен «Алматы-Өскемен» тасжолын жөндеуді талап етті
669
оқылды

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов «Алматы-Өскемен» тасжолын жөндеу мәселесін көтеріп, Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутат Абай облысының тұрғындарымен кездесулер өткізгенде «Ақтоғай кентінен «Алматы-Өскемен» жолына дейінгі 84 шақырым жолды жөндеу мәселесі жиі көтерілетінін айтты.

- Жол өте нашар жағдайда, шұңқырлардың көп болуы жолаушылар мен жүргізушілерге қиындық тудыруда. Аталған жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы  2023 жылғы 5 сәуірде Үкіметке депутаттық сауал жолдағанмын. Үкімет депутаттық сауалға (2023 жылғы 3 мамырда) осы автожолды жөндеу 2025 жылға дейін аяқтау жоспарлануда деп жауап берген. Бірақ жолды жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін басталмаған, - дейді депутат.

84 шақырым жолдың 17 шақырымы Абай облысына, 67 шақырымы Жетісу облысына қарайды. 

Сабильяновтың айтуынша, Абай облысының әкімдігі 2023 жылғы 28 тамыздағы және 2025 жылғы 28 наурыздағы хаттарында жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, әзірленіп жатқаны туралы хабарлаған.

Ал Жетісу облысының әкімдігі 2023 жылғы 15 қыркүйектегі және 2025 жылғы 19 наурыздағы хаттарында алдағы уақытта жолды жөндеу жұмысы қарастырылатын болады, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде деп жазған.

- 2 жыл өткеніне қарамастан жобалық-сметалық құжаттамалар әлі дайын емес, қаражат қарастырылмаған. Осыған байланысты, Сізден «Ақтоғай кентінен «Алматы-Өскемен» жолына дейінгі 84 шақырым жолды жөндеу мәселесін шешуді және қаражат бөлуді сұраймын, - деді депутат. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.