Мектеп оқушылары арасында чемпионатқа қызығушылардың саны жылдан жылға артуда.
Астаналық оқушылар кәсіби шеберлік додасында бағын сынауда
319
оқылды

Елорданың жалпы білім беру мектептерінің 8-10-сынып (14-16 жас) оқушылары арасында «Астана дарыны» орталығының ұйымдастыруымен JasSkills Astana 2025 қалалық чемпионатын өтіп жатыр, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Қызығы, 19 мамырда басталған қалалық біріншілік 31 мамырға дейін жалғасады. Елордалық 27 білім беру мекемесінен 84 оқушы қатысады. Чемпионат 8 құзыреттілік бойынша өткізіледі. Атап айтсақ, мейрамхана қызметі, сән технологиясы, элекромонтаждық жұмыстар, мобильді робототехника, мобильді қосымшаларды әзірлеу, графикалық дизайн, веб дизайн және әзірлеу, кәсіпкерлік секілді бағыттары бар.

Әр қатысушы өзі таңдаған сала бойынша негізгі кәсіптік білімі мен практикалық әлеуетін көрсетеді. Соның көмегімен оқушылардың болашақ мамандығына қатысты кәсіптік маңызды дағдыларын қалыптастырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, мол тәжірибе берері сөзсіз. 

WorldSkills қалалық чемпионаты аясында 2019 жылдан бастап «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 8-9-сынып (14-16 жас) оқушылары арасында JasSkills Astana кәсіби шеберлік чемпионатын өткізіп келеді.

– Чемпионаттың мақсаты  мектеп оқушыларына ерте кәсіптік бағдар беру және олардың заманауи мамандықтарды игеруі үшін жаңа мүмкіндіктер жасау, өзіндік жұмыс дағдыларын қалыптастыру. Өздеріңіз байқағандай, чемпионат заман талабына сай әрі қазіргі қоғамға аса қажетті салаларды қамтыған. Осындай шаралар елімізде кәсіптік базалық түсінігі қалыптасқан, білім алған мамандығы бойынша жұмыс істейтін, ел дамуына өз үлесін қосатын жастардың санын арттыруға ықпал етеді деген сеніміміз мол. Сондықтан кәсіптік білімнің беделін арттыратын, жастарды кәсіпке бейімдейтін мұндай жобалар мен жарыстар жиі ұйымдастырылу керек, – дейді ұйымдастырушылар.

Естеріңізде болса, бұған дейін “Астана дарыны” орталығы екінші рет балабақша тәрбиеленушілеріне ерте жастан кәсіптік бағдар беру және балалардың болашақта заманауи еңбек кәсіптерін игеруге қызығушылығын арттыруға мүмкіндіктер жасау мақсатына бағытталған ІI BalаSkills қалалық чемпионатына 6 құзыреттілік бойынша өткізген болатын. Оған барлығы 100 бала қатысқан еді.

«Елордалық оқушылардың WSK қозғалысына қатысқан жылдары чемпионаттың географиясы едәуір кеңейіп, құзыреттіліктер саны 3-тен 9-ға дейін өсті. Сондай-ақ, JasSkills Astana кәсіби шеберлік чемпионатына қатысуға ниет білдірушілер саны да артты. Жарысқа қатысуға ниетті жастардың санының артуы өз жұмысымыздың оң нәтижесі, оған қалай қуанбасқа?! Өйткені чемпионат оқушылардың өздері қызыққан саланың қыр-сырын тануға, коммуникация орнатуға, заман талабына сай келетін мамандықпен танысуға көмектеседі. Сондықтан жас жеткіншектер осындай беделді әрі берері мол жарыстардан тыс қалмас. Нақты бір мамандық бойынша бойларындағы дағдылары мен біліктіліктерін сынға салатын оқушылар жарыс жолында түрлі тапсырмалар орындайды. Ал қатысушыларды тәуелсіз сарапшылар жан-жақты бағалайтынын да айта кету керек. Қалалық чемпионаттың қорытындысы бойынша елордалық оқушылар І орын, ІІ орын, ІІІ орын және медальдармен марапатталады», – дейді ұйымдастырушылар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, елордалық мектеп оқушылары арасында чемпионатқа қызығушылардың саны жылдан жылға артуда.

Соның бірі – 27 мамыры күні Астана қаласы әкімдігінің Astana Polytechnic жоғары колледжінің базасында графикалық дизайн және веб-дизайн және әзірлеу құзыреттіліктері бойынша чемпионат өтті. Кәсіптік чемпионаттар легі мұнымен тоқтамақ емес. Алдағы күндері колледж студенттері де өзара бақ сынамақ. Ал 30-31 мамыр күндері Құрылыс техникалық колледжі базасында Элекромонтаждық жұмыстар бойынша чемпионат өтетін де еске саламыз, – дейді ұйымдастырушылар.