Бірі Самалдың табандылығына сүйсініп, дауыс бергенін айтса, енді біреулер онлайн-дауыс берудің ашықтығына күмән келтірді.
Баян Алагөзова «Алтын ханым» байқауының жеңімпазы кім екенін айтты
instagram.com/dinarasatzhan
3,756
оқылды

Қазақстанда мыңдаған адам назар аударған «Алтын ханым» байқауының бас тәжін ақтөбелік кәсіпкер Самал Асанова иеленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Самал бизнесін нөлден бастап, бүгінде 50 дүкен ашып, 600-ден астам қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. 

«Бүгін 35 мың адам дауыс берді, соның 10 мыңнан астамы Самалға тиесілі… Сізде жанкүйерлер мен қолдаушылардың үлкен әскері бар», – деді жобаның продюсері Баян Алагөзова марапаттау рәсімінде. 

Журналист әрі жүргізуші Динара Сәтжан «Алтын ханым» байқауы сұлулық пен жетістіктер жарысы ғана емес, бүкіл елдегі әйелдерге мотивация беретін әлеуметтік платформа екенін атап өтті:

«26 қатысушы, 26 тағдыр, 26 шабыттандырарлық оқиға», – деді ол.

Жеңімпаздың есімі жарияланған соң әлеуметтік желілерде қызу пікірталас өрбіді. Бірі Самалдың табандылығына сүйсініп, дауыс бергенін айтса, енді біреулер онлайн-дауыс берудің ашықтығына күмән келтірді.

Кей қолданушылар «Самал – танымал тұлға, блогерлер мен әртістер қолдады, бұл басқа үміткерлерді көлеңкеде қалдырды», – деп жазды. 

Байқауды қолдайтындар да аз емес: «Екі күннің ішінде қаншама қызық болды, қаншама алғыс айтылды. Өз халқын сүйетіндер дәл осылай көмектесуі керек», – деген пікірлер де бар. 

«Алтын ханым» жобасы қарапайым әрі өр рухты әйелдердің өмірін жұртқа таныстырып, тең мүмкіндіктер туралы маңызды сұрақтарды көтерді. Қоғам ішіндегі сын-пікірге қарамастан, байқау мыңдаған көрерменді біріктіріп, Қазақстандағы әйел табысының жаңа үлгісін көрсетті.