Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында киіктердің популяциясы мәселесі талқыланды. Бүгінде киік санының көбеюі Ақмола, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарындағы шаруаларға кедергі келтіріп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиында Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, жекеменшік шаруа қожалығының басшысы Ғалымхан Саханов киіктердің егін өсіруге зиян келтіріп отырғанын айтты.
– Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің болжамы бойынша, Атбасар ауданы, Астрахань ауданы, Егіндікөл ауданының аумағында киіктердің саны төлімен қосқанда миллионнан асады. Біз Премьер-Министрдің қаулысын қолдаймыз. Онда аңшылық және аумақтық инспекциялар бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің егістігін киіктерден қорғауды ұсынады. Алайда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бұл шаралар жеткіліксіз, – деп атап өтті ол.
Сахановтың айтуынша, бұл проблема шаруаларға 2020 жылдан бастап зиянын тигізіп келеді. Оған қоса әлі күнге мәселе шешімін таппай, киіктердің саны жыл сайын 2-3 еселеп артып келе жатыр.
– Біздің шаруашылықта шамамен 20 мың гектар жер бар. Қазір бес күннен бері киіктерді егіс алқаптарынан қуып шығып, егінді аман сақтап қалу үшін 10 көлік пен мотоцикл экипажы үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Адамдар таңнан кешке дейін рөлде отырып, тынбай еңбек етуде. Бірақ еш нәтиже жоқ. Мыңдаған киік табынына не көлік, не дыбыстық сигнал, не өзен тосқауыл бола алмай отыр. Далада олармен бетпе-бет келген адамды үрей билейді. Оған қоса елді астықпен қамтамасыз етіп отырған еңбек адамдары бүгінде мемлекеттік маңызы бар мәселені шешуге мәжбүр. Жағдай өте қиын, адамдар дәрменсіздігін сезініп, тығырыққа тіреліп отыр, – деді Ғалымхан Саханов.
Мәслихат депутаты Ауыл шаруашылығы министрлігіне егістік алқаптарын қоршауға арналған торлар мен қоршаулар шығаратын өндіріс орындарын ашуды, фермерлерге осы мақсатта жеңілдетілген несие беріп, бағаны қолжетімді ету жөнінде ұсыныс білдірді.