Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жаңа туристік демалыс орны ашылып жатыр.
Ауыл туризмін дамыту – еліміздің экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды бағыттың бірі. «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасының шапағатын көріп, туған ауылында кәсіп бастаған азаматтардың саны артуда. Солардың бірі – Қатонқарағай ауданының тұрғыны Тұңғат Игманов.
«Ауыл аманаты – менің арманымның бастауы болды. Осы бағдарлама арқылы 2,5% жеңілдетілген мөлшерлемемен 9,2 миллион теңге көлемінде несие алып, туған өлкемде кәсіп бастауға шешім қабылдадым. Қазір шағын демалыс үйінің негізгі құрылысы аяқталып, алғашқы қонақтарды 25 мамыр күні қабылдауға дайындалып жатырмыз», – дейді кәсіпкер.
Қатонқарағайда салынған қонақүйде туристерге қажетті барлық жағдай жасалған. Жылқымен серуендеп, ем алуға болады. Киіз үйде қымыз ұсынып, ұлттық тағам пісіреді.
«Қатонқарағайдың сұлу табиғатын елге кеңінен танытқым келеді. Қонақтар демалып қана қоймай, қазақтың дәстүрі мен тағамдарынан ләззат алып, ауыл туризмінің әлеуетін сезінуі тиіс. Бұл – менің бала кезгі арманым еді. Қазір оны жүзеге асырып жатырмын. Ауылда отырып-ақ кәсіп ашуға, туған жердің дамуына үлес қосуға болады», – дейді кәсіпкер Тұңғат Игманов.