Дидардың айтуынша, студент кезінде Ақнәр жатақханада талай қолайсыз жағдайға тап болып, кей қыздар тіпті оны пышақпен қорқытқан.
«Намаз оқыды, қайтадан боғауыз айтты»: Ақнәрдің өліміне қатысты тың дерек пайда болды
919
оқылды

Ақнәр Хамит қайтыс болған түні сол пәтерде болған Дидар Мұқият алғаш рет журналист Руслан Өтепбайға сұхбат берді. Ол сол оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап, бұрын-соңды жарияланбаған жайттарды ашық айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дидардың айтуынша, студент кезінде Ақнәр жатақханада талай қолайсыз жағдайға тап болып, кей қыздар тіпті оны пышақпен қорқытқан. Сондықтан сол түні пәтерде Рано мен Ақнәрдің арасында кикілжің туындағанда, Дидар қауіптеніп, дәретханаға жасырынған. Сол жерден Ақнәрдің әпкесіне хабарлама жіберіп, кейін жедел жәрдем шақырғанын айтады.

"Сағат түнгі 1-ден 45 минут кеткенде теледидарды сындырып тастады. Кейін Ақнәр жылады. “Басымда көп қарыз бар, мен саған ақша төлей алмаймын” деп жылады. Ол 2 миллион қарызы барын баяндады. Құшақтап, жұбатып, жатқыздым. 10 минуттан кейін өзін-өзі ұрып жылады. Қатты жылады, айқайлады. Екеуімізді Ақнәр ұрды. Шок болдық. Жұбаттық. Бізді қасына жолатқызбады. Бізді шапалақпен ұрды, қорықтық. Біз оны мүлдем ұрмадық. Кейін Ақнәр бастап Раноның анасын балағаттады. Өте көп жаман сөз айтып кетті. Кейін намаз оқыды, қайтадан боғауыз айтты", – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, пәтерге қыздарды Ақнәрдің өзі шақырып, сыра ішуге көбінесе өзі ұсыныс жасаған. Әлеуметтік желілерде тараған видео сол кештің бір ғана үзігі болып шықты: Дидар «онда көрінетін зорлық белгілері контекстен жұлынып алынған» дейді. Қайта, қыздар Ақнәрді сабырға шақыруға тырысқанын алға тартты.

Сұхбат барысында Дидардың телефонынан екінші видео көрсетілді. Бұл жерде Ақнәр кәлимасын айтып жатыр.

Ақнәр терезеден құлаған сәтте қараңғы болды. Далаға шыққан кезде бірден көзім тырнаққа түсті. Далада жатыр. Тергеушілер өзінің жұмысын дұрыс істемеген. Ол терезеден бетпен құлады. Сол кезде тырнағы сынған болар. Видеоларды мен өз телефоныммен түсірдім. Ақнәрдің әпкесіне жібердім.

Кейін сұқбатта әлеуметтік желіде таралған аудиожазбалар жарияланды.

Ақнәр Раноны тістеп, шашын жұлып, өлтіруге шақ қалды. Сол кезде Ақнәрдің әпкесіне мекенжайды жолдап, тез келуін сұрадым. Ол кездегі видеоларды түсіре алмадым. Қорықтым. Оларды ажыратып жаттым. Кейін 02:43-те жедел жәрдемге хабарластым, полиция жіберіңіздер дедім. 

Оқиғаның өрбуін еске алған Дидар, біраз уақыттан соң екі қыздың басқа бөлмеге кеткенін, ал сәл кейін олар Ақнәрді таба алмай, терезеге жақындаған кезде оның секіріп кеткенін көріп қалғанын жеткізді.