Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «LG AI MediaLab» ғылыми-зерттеу орталығы (медиадағы жасанды интеллект зертханасы) ашылады.
«LG AI MediaLab» - нейрожелілерді медиа және коммуникация саласында қолданатын еліміздегі алғашқы зертхана. Оның аясында Фараби университетінің ЖИ және Big Data кафедрасымен бірлесе кешенді зерттеулер жүргізіліп, жасанды зерде көмегімен түрлі технологиялық шешім әзірленеді.
«Мемлекет басшысы «Ғылыми-техникалық үдеріс жағдайында еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық тәуелсіздігін нығайту үшін барша мүмкіндікті пайдалану маңызды. Бұл тұрғыда жасанды интеллектіні дамыту зор мүмкіндікке жол ашып отыр», - деген болатын. ҚазҰУ журналистика факультеті базасында жасанды интеллект орталығын құру – университеттің білім мен тәжірибеге негізделіп, жаңа экожүйе қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадамы», - дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы — ректор Жансейіт Түймебаев.
Жасанды интеллект зертханасындағы білім беру цифрлық технологиялар мен әлеуметтік ғылымдар тоғысындағы пәнаралық бағытта жүзеге асады. Соның арқасында нейрожелілердің озық тәжірибесі білім беру үрдісіне енгізіліп, деректі талдау, визуалды сторителлинг және үлкен тілдік модельдерді (LLM) біріктіруге жол ашылады. Зертхана жоғары сапалы кескіндер және визуалды дерекпен жұмыс істеуге ыңғайлы заманауи LG Ultra Gear мониторларымен жабдықталып отыр.
Өткен жылы Қазақстан мен Қытай басшыларының мемлекетаралық келісімі аясында ҚазҰУ-да суперкомпьютер орнатылды. Қазір суперкомпьютерді іске қосуға дайындық жұмысы жүріп жатыр. Суперкомпьютер цифрлық «егіздер» жасау, жасанды интеллектіні дамыту және күрделі ғылыми мәселелерді шешу мақсатында пайдаланылады.
«AI MediaLab» зертханасы суперкомпьютердің мүмкіндігін пайдалану мақсатында ортақ дерекқорға бірігеді. Ғылыми-зерттеу орталығы қазірдің өзінде медиа және коммуникация ғылымдары бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. 2025 жылдың сәуірінде «Фараби әлемі» халықаралық форумы аясында «Медиасаладағы жасанды интеллект» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Конференцияда нейрожелі көмегімен жасалған алғашқы студенттік ғылыми-когнитивті, инклюзивті га «AI-Tamyz» таныстырылды. Журналистика факультетінде жаңа «AI&Media» (медиадағы жасанды интеллект) магистратура бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама бойынша пәнаралық бағытта масс-медиа өкілдері, IT мамандары және дизайнерлер бірлесе медиа саладағы жоғары білікті кадрларды даярлайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.