Сарапшылардың сөзінше, семинар – биоалуантүрлілік саласында кадрларды даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Ол Қазақстанның ортақ экологиялық болашағы үшін барлық мүдделі тараптардың ынтымақтастыққа дайындығын көрсетті.
Шара барысында БҰҰ Даму бағдарламасының «ЕРТ-да қаржылық жоспарлау» оқыту бағдарламасын енгізу – табиғатты қорғау саласындағы өзекті сын-қатерлер жағдайында дер кезінде қолға алынған және аса маңызды бастама болды. Өйткені аталған бағдарлама тек қажетті дағдылардың орнын толтырып қана қоймай, экологиялық білім берудің жаңа – практикалық және ұзақ мерзімді шешімдерге бағытталған – тәсілін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Зерттеу университеті мәртебесіне ие біздің оқу орнымыз халықаралық ынтымақтастықты дамыта отырып, ғылым, білім және қоршаған ортаны қорғауды біріктіретін жобаларға белсенді үлес қосуға ұмтылуда. Табиғат – ең қымбат байлығымыз. Биоәртүрлілікке инвестиция салу – бұл ортақ болашағымызға инвестиция салу. Осы мақсатта біз биоресурстарды тиімді пайдалану мен ұлттық және жаһандық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған білім беру бағдарламаларын, ғылыми зерттеулер мен серіктестіктерді дамытып келеміз. Бүгінгі семинар ғалымдар, сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдар өкілдері арасында тәжірибе алмасу, жаңа идеяларды генерациялау және ынтымақтастықты нығайту үшін тиімді алаңға айналады деп сенемін», – деді Қанат Маратұлы.
Шара барысында БҰҰ ДБ мен университет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар тұрақты білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерняға С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Құрметті профессоры атағы берілді.
Сондай-ақ қатысушылар табиғатты қорғау саласына кадрлар даярлаудағы қиындықтарды талқылап, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың өкілдері білім беру бағдарламаларын, студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуда және оқытудың жаңа әдістерін енгізуде тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар семинарда ағымдағы кадрлық әлеует туралы зерттеу нәтижелері, сондай-ақ экотуризм мен табиғатты қорғауды білім беру процесіне интеграциялау жөніндегі бастамалар ұсынылды.
Әмина МҰХАНБЕТ