Қазынада қаржы жетіспеушілігі өткір тұрғанда ұлттық компаниялар бюджетке демеу болу орнына табысын өзіне шығындап, мемлекетке төлейтін дивидендін азайтқан. Депутаттар бұл кесірлі тәжірибені өзгертудің амалын қарастырып жатыр.
Салада жаға ұстатар жайт жетерлік. Сенаторлардың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың еншілес бір ұйымы акционерлерге дивиденд түрінде беру үшін үш жыл мерзімге 300 миллион доллар займ алған. Яғни, қожайындарына төлем төлеу үшін сырттан қарыз тартқан.
Ал «Қазақтелеком» өз акциясын ұстаған байларға бүкіл табысын дивиденд ретінде үлестіре салды. Салдарынан компанияның құны құлады: 1 акциясының бағамы 59,2 мың теңгеден өткен жұмада 34,2 мың теңгеге (57,6%-ға) дейін құлдилады. Ұлттық телекоммуникациялық компания акцияларының құны «көк тиын» болып қалмау үшін Қазақстан қор биржасына (KASE) сауданы екі күн қатарынан тоқтатуға тура келді.
Freedom Broker сарапшылары «Қазақтелекомның» дәл осы дивиденд төлегені үшін құнсызданғанын атап өтті және төмендеу үрдісі бірнеше күн бойы жалғасатынын болжады. Оның сарапшылары «Қазақтелекомның» шығыны 40%-ға жетеді деп жорамалдаған еді. Өмір шындығы одан «ащылау» болып шықты.
Жалпы, қазақстандық телеком алпауыты 2024 жылғы 74,2 млрд теңге бүкіл таза табысын және бірнеше жыл бойы ешқайда бағытталмай, қордаланған 219,3 млрд теңге кірісін – тұтастай алғанда, 293,6 миллиард теңгені дивиденд ретінде үлестіріп жіберуге шешім қабылдағанын жариялады. Бұл ретте әрбір акция үшін оның иегеріне 26,6 мың теңгеден төленбек.
Өйткені осының алдында «Қазақтелеком» Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істеген өз құрамындағы «Мобайл Телеком-Сервис» (МТС) компаниясын қатарлық Power International Holding холдингіне 1,1 миллиард долларға (шамамен 550 млрд теңгедей) сатқан-тын. Егер осы және басқа миллиардтарын бюджетке аударғанда, қазына қоржыны біршама қампайып қалар еді.
Алайда олай болмады. KASE мәліметінше, «Қазақтелеком» бұл қаржыларды дивиденд ретінде бюджетке емес, акционерлеріне төледі. Атап айтқанда, жүздеген миллиард қаражат тасқынының 9,19%-ын Telecom Systems LTD жеке компаниясы, тағы 9,96%-ын – акцияларды ұстаушы байлар, миноритарлық акционерлер еншілейді. Акцияларының 80,85%-ы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі.
Ұлттық компаниялар ұйғарымы қандай?
Өз кезегінде Ranking мониторинг агенттігі 2024 жылдың аяқталғанына біраз уақыт өтсе де, ұлттық компаниялар мемлекетке дивиденд төлеуге мүлдем асықпай отырғанын жария етті. Агенттік Қазақстанда мемлекеттік активтердің, мемлекеттің дүние-мүлкінің басым көпшілігі квазимемлекеттік секторға, ұлттық компаниялар мен холдингтерге бөліп берілгеніне екпін түсірді.
Квазимемсектор өз қызметі барысында сол мемлекеттік мүлікті басқарудан, пайдаланудан тапқан табысының бір бөлігін бюджетке дивиденд түрінде аударуға тиіс. Мысалы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес ұйымдарын алсақ. Қордың өзі 2024 жылдың қорытындысы бойынша қанша дивиденд төлейтінін әлі күнге айқындаған жоқ.
«Ал оның бірқатар еншілес ұйымы шешім қабылдап та қойды. Мысалға, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының директорлар кеңесі 2024 жыл үшін акционерге 300 млрд теңге көлеміндегі қаражатты дивидендке бөлуге кеңес берді. Алайда бұл ҚМГ-ның былтырғы бүкіл табысының небәрі 27,4%-ы. Мұның сыртында бұл тек рекомендация ғана: ақырғы шешім әзірге қабылданған жоқ», – деді Ranking сарапшылары.
Олардың айтуынша, дәл осындай ахуал «Қазатомөнеркәсіпке» қатысты қалыптасып отыр. Ұлттық атом компаниясына өзінің қолданыстағы дивидендтік саясатына сәйкес, 327,9 млрд теңгені дивиденд ретінде аударуға ұсыныс түсті. Бұл оның бос ақша ағынының 75%-ына тең. Бұл да тек ұсыныс.
Электр желілерін басқаратын «KEGOC» АҚ-ы 2024 жылдың бірінші жартысы үшін мемлекетке 22,7 млрд теңге ғана дивиденд төлепті. Магистралды электр желілерінің операторы былтырғы екінші жартыжылдық үшін 22,3 млрд теңге бөлуге ниетті. Бұл да тек ниет қана.
«Самұрық-Энерго» мемлекеттік көп бейінді электр энергетикалық холдингі айқындалғандардың арасынан табылды: 2024 жыл үшін 20,6 млрд теңге ғана дивиденд бере алатынын жариялады. Яғни, мемлекетке өзінің таза табысының бар-жоғы 18,3%-ын қиып отыр.
Азаматтық авиацияның алпауыты, жолаушылар мен жүк тасымалы саласының басым бөлігін қанжығалаған «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысы да мемлекетке жомарттық танытпады. Ол мемлекеті бар, басқа қожайындары бар – баршасына 2024 жыл үшін небәрі 6,3 млрд теңге дивиденд пен 12,8 млрд теңге арнайы дивиденд қана төлеуге ұйғарды. Air Astana төл акцияларының 41%-ы – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ына, 15,3%-ы британдық BAE Systems (Kazakhstan) Limited корпорациясына, 6,5%-ы – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 37,2%-ы басқа акционерлерге тиесілі екенін мәлімдеді.
Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Қазпошта» АҚ-ы мемлекетке бір тиын дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдады. Басқа ұлттық компаниялар, «Самұрық-Қазына» қорының өзге еншілес ұйымдары әлі күнге бір шешімге келе алмапты.
Көкейкесті мәселе депутаттар назарында
Осы орайда «Отбасы банк», «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, KazakhExport, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ сияқты сала алпауыттарын топтастырған, жалпы сомасы 14,1 триллион теңге тұратын мемлекеттік активті басқаратын «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі 2024 жыл үшін айтуға ұят соманы – 61,2 млрд теңгені дивиденд ретінде төледі.
Салыстырсақ, Президенттің, Жоғары аудиторлық палатаның, ақпарат құралдарының тарапынан аяусыз сыналып жүрген «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ өз бетінше бұдан да көп соманы – 67,3 млрд теңгені дивиденд ретінде төледі. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген осы.
Айта кету керек, 2025 жылғы 29 сәуірде Президенттің қабылдауында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин болды. Сонда ол холдингтің таза табысы 416 миллиард теңгеге жеткенін айтып, мақтанды. Р.Қарағойшиннің айтуынша, бұл қаржыны негізінен мемлекетке бермей, холдингтің компаниялар тобы аясындағы бағдарламаларды іске асыруға жұмсау жоспарланған.
Қорыта айтқанда, қаржылық таршылықтан бюджеттің ортайған шақта ұлттық компаниялар жүздеген миллиард ақшаны әлдеқайда шашып, шалқып өмір сүріп жатқаны байқалады. Депутаттар айтқандай, мемлекетте бюджеттік дағдарыс туындағанына қарамастан, квазимемлекеттік сектор шұғыл көмекке келіп, қуатты қолын созуға, алып иығымен демеуге, ұшан-теңіз табыстарымен бюджетті толтырып беруге мүлдем асығар емес. Тіпті, дивиденд төлегеннің өзінде көз қылып, итке сүйек тастағандай, жалпы табысы түгіл, тап-таза табысының шағын ғана бөлігін бөледі.
Мұндай жағдай халық қалаулыларын қанағаттандырмайды. «AMANAT» фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, Үкімет тек салықтық түсімдер бойынша ғана емес, сондай-ақ дивидендтер түсімі бойынша да жұмысты үдетіп, бюджетті толтыруға күш салуы қажет.
– Әзірге фактілер бұл бағытта бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру ісінің олқы соғып, ақсап жатқанын паш етеді. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорының тобына кіретін кәсіпорын-компаниялар акцияларының 100% иегері, қожайыны саналады. Соған қарамастан, олардан ел бюджетіне түсетін дивиденд түсімдері алдыңғы жылдары таза табысының 10-20 пайызы шамасын ғана құрады. Квазимемлекеттік сектордың таза табысының 90 пайызға дейінгісін қор өз бетінше, қалаған бағыты мен жобасына жұмсайды, – деді Елнұр Сабыржанұлы.
Бюджетке жетпеген қаржы қайда?
Аманаттық тағы бір депутат Еділ Жаңбыршин де біраздан бері ұлттық компаниялардан бюджетке алынатын дивиденд мөлшерін арттыру мәселесін көтеріп келеді. Ол Президенттің Үкіметке 2029 жылы республиканың жалпы ішкі өнімін 450 миллиард долларға, ал Ұлттық қорды 100 миллиард долларға жеткізу міндетін қойғанына екпін түсірді. Нысаналы межеге 4 жылдай ғана уақыт қалды.
Бүгінде мұнай бағасы қатты құлдырады, демек қорға құйылатын түсімдер ары қарай азая береді. Әлемдік экономикада рецессия, кері кету белгілері байқалады, ендеше мұнай, метал мен басқа шикізатқа дүниежүзілік сұраныс кемиді. Сондай-ақ адамзат декарбонизация үрдісі аясында бірте-бірте көміртекке тәуелділіктен кетіп жатыр. Бұл ақыр соңында қара алтынға деген жаһандық қажеттілікті «жоқтың қасы» етіп, оның құнын тұрақты, түпкілікті түсіруі мүмкін.
Дәл осы кезде Үкімет «қорға қол салды, бір салғанда мол салды» саясатын жалғастырып, Ұлттық қордан қайта-қайта ақша алып жатыр. Алынған триллиондар көлемі қорға түсетін түсімнен көп асып кетті. Ондағы бүкіл жинақты қотарып алмау үшін бюджет кірісінің басқа көздері қажет. Сондай бір қайнар – квазимемлекеттік сектордағы ағын-тегін табыс «мұхиты».
– Квазимемлекеттік компаниялар 3 триллион таза табыс тапты, соның ішінде «Самұрық-Қазына» – 1,9 триллион, қалғандары – 1 триллион. Осыған байланысты біз: «квазимемлекеттік сектор таза табыстарын 100% бюджетке аударсын!» деп ұсыныс бердік. Үкімет бұған келіспеді. Сонымен бірге алдымызға келгенде: «Ақша жетпей жатыр», – деп еңірегенде етегі жасқа толады. Содан дивиденд бойынша шаманы алдымен 70%-ға, одан 50%-ға түсірдік. Оған да келіспей отыр. Неге екенін айтпайды. Депутаттар бюджетті толтыратын жақсы ұсыныс береді, бұлар қарсы, – деп ашығын айтты Еділ Терекбайұлы.
Қалаулылардың сауалына жауабында Ұлттық экономика министрлігі Үкіметтің түрлі бағдарламаларды «Самұрық-Қазынаның» және «Бәйтеректің» есебінен іске асырып отырғанын нықтады. Олардың бос ақшалары бюджетке алынбағанымен, бәрібір инвестиция ретінде ауыл шаруашылығы салаларын қолдауға, өңдеу өнеркәсібіндегі, шағын және орта кәсіпкерлікке және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады екен.
Бұл бағыттағы бір ілгерілеушілік сол, Мәжілістің табандауы арқасында Үкімет бұдан былай республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынғанда, ұлттық компаниялардың шығыстары бойынша мәліметті де қоса беруге келісті.
Әйткенмен, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне кіретін компаниялардың таза табысының 90 пайызын бюджетке алып қоюға шенеуніктер келісер емес. Тараптардың келіссөзі жалғасады, күзде Үкімет 2025 жылғы бюджетті қайта қарап, нақтылау жобасымен келмек. Қалаулылар дивиденд мәселесін сонда қайта көтеруге ынтық.
Елдос СЕНБАЙ