Өскеменде әйел адам жергілікті тұрғынға несие рәсімдеуге көмектесемін деп алдап кеткен, — деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға қала тұрғыны былтыр желтоқсан айында алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы арызбен жүгінген.
Оның айтуынша, бейтаныс әйел пәтерге ипотекалық несие рәсімдеуге көмектесемін деген сылтаумен 490 мың теңге сомасында ақшасын иемденіп алған. Жәбірленуші аталған соманы алаяқтың банк шотына аударған, алайда уәде етілген көмек те, ақша да жоқ.
Аталған факті бойынша “Алаяқтық” бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: қандай жағдай болмасын, бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыздар, қаржылық мәселелер бойынша көмек ұсынатын тұлғалардың лицензиялары мен құжаттарын мұқият тексеріңіздер, күмәнді жағдайларда полицияға немесе қаржы ұйымдарына хабарласуын сұрайды.