Департамент жүргізген тексеру шеңберінде Атырау облысының аумағында тұратын азаматтың жеке басын анықтады.
Өзін Антикор төрағасы ретінде таныстырған ер адам жауапқа тартылды
739
оқылды

Жамбыл облысында өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде таныстырған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық антикордың мәліметінше, өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы ретінде таныстырған белгісіз адам Жуалы ауданының №4 мектебінің директоры Ж.Е.Пернешевамен телефон арқылы сөйлескен.

Департамент жүргізген тексеру шеңберінде Атырау облысының аумағында тұратын азаматтың жеке басын анықтады.

- Ол өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы ретінде көрсете отырып, бұрын еңбек тәртібін бұзғаны (жұмыс орнында мас күйде болған) үшін жұмыстан босатылған қызметкерді жұмысқа қайта алуға жәрдем көрсетуді сұраған.

Осыған байланысты азамат С.-ның іс-әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық белгілері байқалды, жиналған материалдар құзыреті бойынша Атырау облысының Полиция департаментіне құқықтық баға беру үшін жіберілді, - делінген ақпаратта.

8 мамырда Полиция департаменті С.-ға қатысты жала жабу фактісі бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама (ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігі) толтырып, істі Атырау қалалық әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жіберді.

- Сот процесі барысында С. кінәсін толық мойындады және жасаған ісіне өкініш білдірді.

14 мамырда сот шешімімен азамат С. ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.

Антикор өкілдері азаматтардан осындай алаяқтық қоңырауларға сенбеуді және қоңыраулар немесе хабарламалар келіп түскен жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұрайды.