Қазір қаржы пирамидасы туралы ақпарат көп, қаржылық сауат туралы білім беру платформалары жетілген, ашық дереккөздер мен БАҚ үнемі алаяқтық туралы жиі хабарлап отырады. Бірақ соған қарамастан, көптеген адам әлі де «тез пайда табу» туралы ертегіге алданып қалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты naryk.kz сайтына сілтеме жасап. ЦентрКредит Банкі қазақстандықтарға күдікті қаржы ұйымдарына қаржы салмас бұрын, оны жіті тексеріп, мұқият болуды ескертеді, ал өз кезегінде Naryk.kz редакциясы қаржы пирамидасымен бетпе-бет келген азаматардың оқиғаларымен бөлісіп, күдікті ұсыныстарды қалай анықтап тануға болатынын айтып бермек.
«Жеңіл ақша» иллюзиясы
Мамандардың сөзінше, қаржы пирамидаларының құрығына тез арада көп ақша тауып, еңбексіз тез баюды ойлайтындар жиі түсіп жатады. Себебі бұл эмоциямен байланысты иллюзия. Мүмкіндікті жіберіп алудан қорқу, жарқын болашақтан үміттену, шалқып өмір сүру, қаржылық тәуелсіздік – осындай ойлар қате шешім қабылдауға түрткі болады. Сонымен қатар қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары бұқаралық санаға әсер етуге тырысады. Яғни, табысқа жеткен адамдарды үлгі ретінде көрсетіп, саяхатқа жолдама, көлік сыйлап, өзгелерді қызықтырады. Содан кейін адамдардың көзі тұманданып, сыни ойлана алмай, қаржы пирамидасының құрбанына айналады.
Тез ақша табам деп сан соққандардың бірі павлодарлық Евгения Гановская, ол HAS Holding деген атышулы қаржы пирамидасынан зардап шеккен.
«Мен бұл іске кездейсоқ кіріп кеттім. Бір танысым өз ақшасын менің атымнан салым ретінде құюға көндірді. Сөйтсем бұл қаржы пирамидасы екен. Оның ұйымдастырушылар ауқымды насихаттау шараларын жүргізді. Бүкіл Қазақстан шеңберінде жарнама жасады, танымал блогерлерді тартты. Сотталғандардың артында бір бастамашыл топ бар еді. Олар соңғы екі жылда адамдарды адастырды, арыз жазуға бөгет болды. Осылайша, көпшілік өз құқын қорғай алмады. Өкінішке қарай, ол кісілер енді заң шеңберінде өз ақшасын қайтара алмайды. Бұл шулы іс екі жылға созылып, әрең дегенде әділдікке қол жеткіздік», – дейді Гановская.
Айта кетейік, HAS Holding қаржы пирамидасы тұрғын үй саламыз деген желеумен Алматы, Астана, Екібастұз қалаларының тұрғындарынан 2 млрд теңгеден астам ақша жинаған. Салымшылардың жалпы саны 5 мың адамнан асады. Ұйымдастырушылары 2023 жылы ұсталып, негізін қалаушы 12 жылға сотталды, тағы 5 сыбайласы 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олардың жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын мүлкі тәркіленді.
Пирамида әртүрлі, соңы бірдей
Сарапшылардың сөзінше, кейбіреулер қаржы пирамидасы екенін біле тұра, қасақана ақша салады. Олардың мотиві ақша салып, тез арада табысын көтеріп, артынша шығып кету. Сараңдық пен ашкөздік адамдарды осындай әрекетке баруға итермелейді. Алайда «тегін ірімшік тек қақпанда болатынын» ескере бермейді.
Ең өкініштісі, несие алып, қарызға кіріп, ақша салатындар да бар. Мұндай оқиғаның соңы бәрінде бірдей: ақшасын қайтара алмай сан соғу, қарызға кіру, тіпті кейде сотталуға дейін апаруы мүмкін. Себебі білместік құқықтық жауапкершіліктен босатпайды. Еске сала кетейік, қаржылық пирамиданы құру және басқару үшін қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қарастырылған.
Қаржы пирамидаларының алдау схемалары әртүрлі. Тіпті, кейде алаяқтардың тапқырлығы таңғалдырады. Мысалы, жақында Алматыда жолы кесілген Warner Bros, Roborock және NFT+TRX деп аталатын үш пирамида адамдарға трейлер көргені үшін ақша төлеуге уәде берген. Жоба 9 деңгейден тұрады, салымның орташа сомасы – 225 мың теңге, ақша тек криптовалютамен қабылданған. Схемасы өте қарапайым. Мысалы, Warner Bros жобасы бойынша салымшылар арнайы қолданбаға тіркеліп, криптовалюта арқылы кіруге рұқсат сатып алған және трейлерлерді көргені үшін, сондай-ақ жаңа салымшыларды тартқаны үшін сыйақы алып отырған.
Тергеу барысында салымшылардан ақша жинау және транзит үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясы арқылы 3,8 млн АҚШ доллары көлемінде криптоактивтері бұғатталды.
Өкініштісі сол, мұндай пирамидалар сирек кездесетін құбылыс емес. Қоғамдағы қаржылық сауаттың төмендігін пайдаланатын алаяқтар саңырауқұлақтай қаптаған пирамидаларды ашып жатыр. Бұған Қаржылық мониторинг агенттігінің деректері дәлел бола алады. Мысалы, жыл басынан бері 30 қаржы пирамидасына қатысты 73 іс тіркелген. Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдерінің айтуынша, 22 іс жабылып, 15 іс бойынша 352 құрбанға 725,5 млн теңге көлемінде қаржылай шығын келтірілген. Алайда тек оның 390,6 млн теңгесі немесе 53,8% ғана қайтарылды.
Қаржы пирамидаларының негізгі белгілері
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды инвестиция салуға бел буған жобаның қаржы пирамидасына тән белгі бар-жоғын алдын ала тексеруге кеңес береді. Қаржы пирамидасының белгілері:
- Пассив табыс туралы уәде беру. Мамандардың айтуынша, егер сізге 30% немесе одан көп табыс ұсынса, онда ойлану керек. Өйткені Ұлттық банктің ресми базалық мөлшерлемесі – 16,5%. Әдетте, нарықтағы ең көп табыс 20-30% аралығында болады.
- Жаңа клиент тартуға итермелеу. Сізге жақсы бонус беруге уәде беріп, таныстарыңызды, туыстарыңызды, әріптестеріңізді шақыруға міндеттейді.
- Интернетте белсенді, арбайтын және агрессив жарнама. Әлеуметтік желілерде оңай табыс табу туралы ұсыныстар көп. Қайдағы бір шетелдегі перспективасы бар жобаларға инвестиция салуды ұсынады. Олардың месседжерлерден басқа шетелдік ұйымдастырушымен тікелей байланысы жоқ.
- Компания Қазақстанда тіркелмеген немесе жақында ғана тіркелген. Қаржы пирамидаларына азаматтардан ақша жинап, инвестициялық қызметпен айналысуға мемлекеттік лицензия берілмейді. Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар күдікті компаниялардың тізімін жариялап, тұрақты түрде жаңалап тұрады.
- Заңды қолдаудың болмауы. Келісімшарттың болмауы немесе тараптардың міндеттемелері мен жауапкершілігінсіз жасалуы.
- Ақша қолма-қол, криптовалютамен немесе төлем жүйелері арқылы қабылданады. Түбіртек пен басқа да төлем құжаттары берілмейді.
Еске сала кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, 2024 жылы 42 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Салымшыларға келтірілген залалдың көлемі 20 млрд теңгеден асады. 78 адам жауапқа тартылып, 13 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді. Агенттік қаржы пирамидасына күдік тудырған компанияны «Байқа, пирамида!» атты Telegram бот арқылы тексеруге кеңес береді. Егер сіз немесе жақыныңыз қаржы пирамидасынан зардап шексе, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша Экономикалық тергеу басқармасына жүгінген жөн!
Инвестиция жасағанда құрғақ уәдеге сенуге болмайды. Нақты білім, есеп пен дисциплина керек. Сондықтан ең дұрыс шешім – қаржылық сауатты көтеру және сыни ойлауды қалыптастыру.