Жұмыс күшінің сұранысы мен ұсынысы арасындағы айырмашылық, жұмыссыздық деңгейінің төмендемеуі – қазіргі еңбек нарығы мәселесінің айқын көрінісі. Кейбір салаларда жұмысшылар артық болса, енді бір салаларда жұмыс күші жетіспейді. Сонымен қатар аймақтар арасындағы жалақы теңсіздігі мен бейресми жұмыспен қамту да еңбек нарығын тұрақсыз етіп отыр. Еңбек нарығында техникалық, IT, медицина, өндірістік-инженерлік бағыттағы мамандар тапшы. Бірақ университеттерден жыл сайын артық мөлшерде гуманитарлық бағыттағы мамандар, әсіресе заңгерлер, экономистер, мұғалімдер шығып жатыр. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы І тоқсанындағы мәліметтері бойынша: жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,6%; 15-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі: 3,1%; Ал NEET санатындағы, яғни мүлдем жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар үлесі 6,2%-ын құраған. Жыл сайын еңбек нарығына шамамен 300 мың жас маман қосылады. Алайда колледж түлектерінің тек 40%-ы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады, ал қалғандары жұмыссыздар қатарын толықтырады немесе басқа салаларда жұмыс істейді.
Жас маманнан жұмыс өтілін талап етеді
Көптеген жас маман жоғары оқу орнын бітірген соң жұмыс іздеуге кіріскенде, өмір шындығымен бетпе-бет келеді. Бос жұмыс орны жоқ, ал болған жағдайда талаптары тым жоғары. Беделді
мекемелер болса кемінде 1-2 жылдық жұмыс тәжірибесін сұрайды. Ал оқу орнын енді ғана аяқтап келген жас маман үшін бұл – қисынсыз шарт. Астаналық Айзада Асылбекова да жұмыс іздеудің машақатын тартқан. Дипломдағы мамандығы – эколог. Бірақ ол бойынша жұмыс таба алмай, қазір мүлдем басқа салада еңбек етіп жүр. Оның үстіне, мемлекеттік грантпен білім алып, одан кейін мамандығы бойынша жұмыс істемеген жағдайда, мемлекетке оқу ақысын толық көлемде қайтаруға міндетті болады. 2021 жылы заңнамаға енгізілген бірқатар өзгеріске сәйкес, мемлекеттік грантпен білім алған азамат оқуын бітірген соң кемінде 3 жыл бойы мамандығы бойынша жұмыс істеуі қажет.
– Оқушы кезімнен бері үздік оқыдым, университетті де қызыл дипломмен бітірдім. Ал одан бөлек, екі жақта да белсенділігіммен көзге түсіп, көптеген ғылыми конференцияға қатыстым. Мемлекеттік мекемеге жұмысқа тұрайын десем, жалпы конкурс ұзақ әрі талаптары мүлдем ақылға қонымсыз, ал жеке мекемелерде тұрақтылық аз, – дейді Айзада Асылбекова.
Жас маман үшін мемлекеттік қызметке тұру оңай емес. Себебі тестілеу күрделі және арнайы заңнамаларды терең білуді талап етеді. Сонымен қатар конкурсқа қатысушылар саны көп болғандықтан, бәсеке өте жоғары. Ал сұхбат кезеңінде білім ғана емес, кәсіби тәжірибе мен жеке қабілеттер де бағаланады.
– Кейінгі кезде жоғарғы оқу орындарына керексіз мамандықтарға грантты тым көбейтіп жіберді. Керексіз мамандыққа түсу оңай, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыруды шығарды, ал есесіне жұмысшы мамандар жетіспейді. Мысалы, 1,5 млн-ға жуық тұрғыны бар Шымкентте кәдімгі дәнекерлеуші, электрик деген мамандар жетіспейді, бірақ жоғары білімді маман жетіп артылады. Грант бөлу жүйесі мүлдем есепсіз. Қарапайым мектептердің өзінде қазақ тілі, тарих пәні мұғалімдері өте көп, ал химия, физика пәндерінің мұғалімдеріне тапшылық байқалады. Сондықтан есепсіз, дұрыс игерілмейтін мамандықтардың санын азайтып, бюджетті грант аз мамандықтарға бөлу керек. Жұмыссыздық басым болған соң, әрине парақорлыққа жол беріледі, – дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы.
Грант көбейгенімен, сапа әлі төмен
Еліміздегі мектеп бітіруші түлектерге бөлінетін грант санынан да біраз олқылық кетуі еңбек нарығындағы осы мәселенің одан сайын нашарлауына әкеліп соғады. Жыл сайын мемлекеттен бөлінетін грант саны артқанымен, сапа әлі төмен. Мысалы, былтыр жас түлектерге 78 мың грант бөлінген. Ал 2021 жылы 56 мың грант бөлінсе, 2022 жылы 61 мың, 2023 жылы 73 мың грант бөлінген. Басым бөлігі көбінесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына сонымен қатар техникалық білім беру бағдарламалары мен мамандықтарына берілді. Грант саны көп болған соң, шектік балл да аса жоғары емес. Сол себепті де «маман боламын» деп емес, «грантта оқимын» деп келетіндер көп. Гранттың игерілмей қалып кеткен біраз бөлігі әр оқу жылы сайын қазан, қараша айларына таман басқа салаларға үлестіріп беріледі.
Профориентолог Ақниет Өтенің айтуынша, жастардың жұмыссыз жүруінің бірнеше себебі бар. Ал кәсіби бағыт-бағдардың болмауы мамандықты дұрыс таңдамауынан туады. Елімізде әрбір төртінші жас маман оқу бітіргеннен кейін жұмыс таба алмайды. Жастардың көбі диплом бойынша емес, басқа салада амалсыз жұмыс істейді. Ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер тең емес. Кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары мектепте әлсіз немесе мүлде жоқ десек те болады. Мәселені шешу жолы ретінде әр азаматқа мектеп кезінен профориентация жұмыстарын жиі жүргізіп отыру керек.
– Мамандықты мектеп қабырғасынан бастап дұрыс таңдау үшін профориентация жүйесін енгізу керек. Жастарға арналған тәжірибелік жобаларды көптеп ұйымдастыру, икемді машықтарды (soft skills) дамыту жолында байланыс, сұхбат, өзін-өзі көрсету дағдыларын қалыптастыру қажет, – дейді Ақниет Өте.
Мыңдаған жас маман жыл сайын үлкен үмітпен еңбек жолын бастайды. Бірақ бұл жолда сәйкессіздік, жүйесіздік пен сенімсіздік күтіп тұруы мүмкін. Бүгінгі жас маман – ертеңгі күннің жетекші буыны. Сондықтан да, еңбек нарығына жүйелі, ұзақмерзімді әрі сапалы реформа қажет. Мамандық пен нарық үндескенде ғана жастар шынайы табысқа жетіп, экономикаға да ауыз толтырып айтарлықтай оң әсерін тигізері анық.
Абылайхан Дүйсенбек, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті