Аутизм және психикалық бұзылу белгілері бар балаларға ерте диагностика жасалмайды. Ал олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетілмейді. Жаңартылған хаттамаларға қарамастан, көптеген жалпы тәжірибе дәрігерлері әлі күнге дейін нәрестелердің дамуындағы алаңдатарлық белгілерді дер кезінде байқай алмайды. Сарапшылар диагностиканың бірыңғай алгоритмін енгізуді және ерекше балалары бар отбасыларды қолдау жүйесін құруды ұсынуда.
Диагностика жүйесін қайта қарау ұсынылды
191
оқылды

«AMANAT» партиясының Хатшысы, партияның Әйелдер қанатының төра­ғасы Шолпан Каринова, Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөнін­дегі кеңесшісі Күнсұлу Закария және Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Петропавлда ерекше білім беру қажет­тілігі бар балалармен жұмыс істейтін жеке ұйымдардың басшыларымен кез­десті. Іс-шараға 300-ден астам адам – өңір­дегі белсенді әйелдер, ҮЕҰ басшы­лары мен жұртшылық өкілдері қатысты.

«Ұлттық құрылтай отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елі­мізде ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын ба­рынша көп ашу қажет екеніне айрықша назар аударды. Болашақта бұл балалар лайықты өмір сүруі, әлеуметтенуі және біз­дің қоғамның белсенді мүшелері бо­луы керек. Сондықтан бұл бағытта заң­на­маға көп өзгеріс енгізілді. Биыл пар­тия­мыз жаңа түзетулер енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Ең бастысы – кадр, әдістеме және диагностика базасы мық­ты болуы керек», – деді Шолпан Каринова.

«Мой ребёнок» ҚБ басшысы Татьяна Ковалева атап өткендей, жаңартылған клиникалық хаттамаларға қарамастан, жалпы тәжірибе дәрігерлері, невропа­тологтар және педиатрлар кішкентай балалардың бойындағы аутизм белгілерін әрдайым ерте жастан анықтай бермейді, тиісті тексерулерге жібермейді және ерте араласу жұмысын қолға алмайды. Ол денсаулық сақтау саласының бастапқы буынында қолдану үшін міндетті бі­рыңғай диагностикалық алгоритмді, соның ішінде ата-аналармен сауалнама жүргізуді және кеңауқымды тексеру тізімін енгізуді ұсынды.

«Бала өмірінің алғашқы жылында-ақ педиатр оның дамуындағы «алаңдатар­лық белгілерді» байқап, шара қолдануға тиіс. Өкінішке қарай, бұл жұмыс жүр­гізілмей отыр. Ата-аналар баланы тексе­руден өткізу кезінде кедергіге тап болады. Мамандарға жолдама берілмейді. Са­уалнама жүргізілмейді», – деді ол.

Диагностикадан бөлек, кездесуге қатысушылар бала диагнозына көз жеткізген ата-аналардың психологиялық және ақпараттық оқшаулануы туралы мәселе көтерді. «Көмек» орталығының негізін қалаушы Ғалия Баязитова өңірде Ерекше балалардың ата-аналарын қол­дау мектебін құру бастамасын көтеріп, өз пікірін білдірді.

«Диагноз қойылғаннан кейін көп ата-ана қорқыныш, кінә және абыржу сынды сезімдерімен жалғыз күреседі. Бір адамның салы суға кетеді, бірі жұмыстан шығады, ал енді бірі ажырасып тынады. Бізге жүйелі, қауіпсіз, қолдау көрсететін орта қажет», – деді ол.

Осы күні партияластар «№2 психоло­гиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ қызметімен және «Қамқорлық» ерте араласу орталығының жұмысымен танысты.

Елнар ЕЛТАЙ