«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу және педагогтердің мәртебесін арттыру мақсатында «Мұғалім Talks» кейсплатформасын ұйымдастырды. Іс-шараға өңірге қарасты аудандардан іріктелген 250-ден астам мұғалім, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы қатысты.
Мұғалімнің мәртебесі биік болуға тиіс
386
оқылды

TED-алаңына шақырылған мектеп директорлары мен педагогтер өз тәжіри­белерімен, қызықты оқиғалармен бөлісті. Іс-шара ашық ойталқы форматында өтіп, отандық білім беру саласын дамыту жолда­ры талқыланды. 

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов білім беру саласы әркез Мемлекет басшысының назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ұстаздар қауымы­ның мәртебесін арттыру және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу – партияның негізгі бағыттарының бірі еке­нін жеткізді. 

«Мұғалім Talks» – білім беру сала­сын­дағы жаңашыл көшбасшыларды, өз ісіне адал мұғалімдерді, қоғам өміріне оң өзгеріс алып келуге ниетті жанашыр жандарды тоғыстырып отыр. Мұғалім – мәртебелі ма­мандық. Сіздер ел ертеңін қалыптасты­расыздар. Ал осындай еркін пікір алаңы – тәжірибе алмасуға, тың идеялармен бө­лі­суге, қанаттануға, шабыт алуға берілген зор мүмкіндік», – деді Дауыл Бейсенқұлов. 

Осы орайда Жамбыл облыстық Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршы­беков «Мұғалім Talks» кейс-платформасы өңірдегі ұстаздар қауымының тәжірибесін арттыратын бірегей алаңға айналарына сенім білдіріп, алдағы уақытта бұл баста­ма­ның ауқымын кеңейтуге дайын екенін жеткізді. 

Айта кетейік, іс-шара аясында арнайы байқау ұйымдастырылып, оған барлығы 17 педагог қатысты. Олар 3 бағыт бойынша шы­ғармашылық жұмыстарын ұсынып, тың идеяларымен бөлісті. Осылайша, эссе жазу, бейнежазба ұсыну және ойталқы кезеңдері бойынша үздіктер анықталды.

Бас жүлде Қордай ауданынан келген тарих пәнінің мұғалімі Әлішер Аяпбергенге бұйырды. Ал Тараз қаласындағы «Дарын» лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Рауан Жаңабай 1-орын, А. Макаренко атын­дағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Кусева 2-орын иеленді. Жүлделі 3-орын №39 мек­теп-гимназиясының директоры Гүлнар Раптаеваға бұйырды.

Елнар ЕЛТАЙ