Астанада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 29 жылдық мерейтойы салтанатпен тойланды.
Жарқын болашаққа – даңғыл жол
179
оқылды

Мерекелік шара концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, ойын-сауық бағдарламалары, флешмобтар және мәдени мұра көрмелерімен айшықталып, та­лантты жастардың ұлттық құнды­лықтарды ұлықтаған тамаша өнері­мен ажарлана түсті. Салтанатты жиында университет басшысы Ерлан Сыдықов сөз сөйлеп, халық­аралық деңгейде мойындалған оқу орнының ғылыми-білім беру орта­лығына айналған жетістіктері мен мүмкіндіктерін атап өтті.

– Біздің университет – бұл тек тарих пен дәстүр ғана емес, бұл – ғылым мен білімнің болашағын жа­сайтын адамдар. Біз әрбір сту­дентімізбен, әрбір оқытушы­мыз­бен, әрбір түлегімізбен мақ­танамыз, – деді ректор. 

Университет аумағында өткен жәрмеңкеде қыш құмыралардан бастап антропологиялық жинақтар және шетелден келген студенттер ұсынған әр ұлттың мәдениетіне тән материалдық мұралар жиналған­дардың көзайымына айналды. Қыш құмыра бұйымдар жасаумен айна­лысатын Диана Жалелқызы қыш өнері жайлы әңгімелеп берді.

– Еуразия университетінің өкіл­­дерінің арқасында осы жәрмең­кеде керамикалық терапия туралы көбірек айтуға мүмкіндік алдық, Керамика терапиясы – стресстік күйден арылуға және психология­лық жағдайды жақсартуға бағыт­талған. Сондықтан бұл саламен кез келген жаста айналысуға болады, – деді ол. 

Университет мерейтойы ән-күй, мың бұралған бимен шектеліп қана қоймай, марапаттар мен сый­лықтар жауған қуанышты сәттері­мен де келушілерге қуаныш сый­лады. ENU Alumni Ambassador кездесуінде әр жылдардағы универ­ситет түлектері бас қосып, өзара емен-жарқын әңгімелесті. Соны­мен қатар Eurasian Netherlands Business School білім бағдарламасы талқыланды. Бұған дейін ENU Alumni Ambassador – «Қазақстан Құ­рылысшылар Одағы» РҚБ пре­зидиум төрағасының орынбасары Серікжан Мергенбаев студенттер арасында бір жылдық грант және ақылы тәжірибе ұтысын жариялаған болатын. Мерейтойда ұтыс жеңім­паздары анықталып, бағалы сый­лықтармен марапатталды.

– Бұл жай ғана мереке емес, бұл университеттік бауырластық рухын қайта сезінуге мүмкіндік. Универ­ситетіміз тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде де үздік университеттердің қатарында екені белгілі. Демек, бұл оқу орнында Қазақстанның болашағы білім алуда. Білімді, талантты жастарды қолдау – жарқын болашаққа жол салу деп санаймын, деді оқу ор­нының түлегі Серікжан Мерген­баев. 

Ақбота Мұқтар, ЕҰУ-дың 2 курс студенті