Бұл – Оңтүстік Кореяның H Robotics Inc. компаниясы Қазақстанға сыйға тартқан, жоғарғы аяқ-қол қозғалысын қалпына келтіруге арналған соңғы буындағы құрылғы. Инновациялық қондырғы неврологиялық дертке шалдыққан балалардың моторикасын жақсартуға көмектесіп, оңалту процесін анағұрлым нәтижелі етеді. Енді отандық дәрігерлердің мүмкіндігі артып, ем-шараның сапасы жаңа деңгейге көтеріледі. Салтанатты шараға Оңтүстік Кореядан арнайы ресми делегация келді. Олардың қатарында Кореяның мемлекеттік сатып алулар жөніндегі вице-министрі Пэк Сын Бо, жаңа нарықтарды қолдау бөлімінің басшысы Ли Бон Гю, инновациялық өнімдерді көрсету бөлімінің жетекшісі Пак Сан Су және делегация хатшысы Чан Ик Хван бар.
Кореяның мемлекеттік сатып алулар жөніндегі вице-министрі Пэк Сын Боның сөзінше, мұндай жобалар Корея үкіметінің инновациялық өнімдерді шетел нарығына таныстыру және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдау стратегиясының бір бөлігі саналады.
«Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынастың тағы бір айғағы – осы медициналық құрылғы. Біз тек техникамен ғана емес, адам өміріне деген қамқорлықпен де бөліскіміз келеді. Қазақстан дәрігерлері бұл құрылғыны тиімді қолдана отырып, талай баланың өміріне үміт сыйлайды деп сенемін», – деді ол.
Құрметті қонақтар қатарында Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесшісі Шин Гю Хо, Қазақсан Республикасының Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров, Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Нұрлыбаев, академик Н.Батпанов атындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры О.Бекарысов, сондай-ақ медициналық мекемелер басшылары да болды. Келген меймандарды Орталықтың Басқарма төрағасы Ажар Ғиният қарсы алып, орталық жұмысы, қызмет көрсету бағыттары мен болашақ жоспарлар туралы таныстырылым өткізді. Қонақтарға мекеме ішіне экскурсия ұйым-
дастырылып, Rebless Planar құрылғысының жұмысы көрсетілді. Іс-шара соңында дөңгелек үстел отырысы өтіп, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы медициналық ынтымақтастықты тереңдету жайы талқыланды.
Бұл оқиға – екі ел арасындағы достықтың, ал озық технология мен адам саулығына деген ортақ қамқорлықтың жарқын дәлелі.
Гаухар АСАНҚЫЗЫ,
Айғаным СӘКЕНҚЫЗЫ