16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына байланысты сот отырысында прокурорлар мемлекеттік сот-медициналық сарапшы Мұхит Оразбекұлын куәлікке шақырып, жасөспірімнің өліміне нақты не себеп болғанын анықтауға тырысты, – дейді Aikyn.kz сайты.
«Сол жақ кеуде қуысына еніп, шаншылған және кесілген жарақат анықталды. Аталған жарақат артқы қолтық асты сызығының арасында, бесінші-алтыншы қабырғалардың ортасынан табылды. Сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін жарақаттаған. Сыртқы жарақаттың көлемі 2 сантиметр. Жара арнасы арттан алдына қарай, солдан оңға қарай, жоғарыдан төменге қарай орналасқан. Жарақаттың тереңдігі – 12 сантиметр», – деді ол.
Сарапшының мәліметіне сәйкес, марқұмның оң көзі астынан қан құйылғаны да тіркелген.
«Оң қолдағы саусақтарының ортасында қанталау бар. Көзінің астында жарақаттар бар. Оң жақ иығында екі көгерген жер бар. Сол қолындағы саусақта сызат бар. Желкесі де қанталаған. Өлімге себеп – кеудеге кірген өткір заттың жарақаты», – деп түйіндеді Мұхит Оразбекұлы.