Премьер-Министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында Алматы тау кластері аумағын тікұшақпен аралап көрді. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшылығы және отандық, халықаралық сарапшылар қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен саланы одан әрі дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді
Тау кластерін дамыту жоспары әзірленді
173
оқылды

Алматы тау кластерін дамыту мақса­тында кешенді жоспар әзірленді, оған сәйкес Түргеннен Қаскелеңге дейінгі келешегі зор 3 басым аймақ – шығыс, ор­талық және батыс аймақтары айқындалды. Онда әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым және халыққа қолжетімді 300-ден 700 ша­қырымға дейінгі тау шаңғысы трассаларын салу көзделген. Бір ғана орталық аймақта көтергіштер санын 16-дан 58-ге дейін көбейту жоспарланып отыр. Мұндай шаралар нәтижесінде өткізу қабілетін 5,6 есеге – тәулігіне 6 мың адамнан 34 мың адамға дейін арттырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу күтілуде. Алматы тау кластері 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы жыл бойы жұмыс істей­тін ең ірі туристік жобаға айналады деп жоспарлануда.

Премьер-Министр Шымбұлақ, Ой-Қарағай, Пионер, Қимасар және Бутаковка сияқты орталық аймақты дамыту жоспар­ларымен танысты. Француздың Stem International компаниясының бас директоры Винсент Тассар қысқы туризммен қатар жазғы инфрақұрылымды дамытуға – вело және жаяу жүргіншілер жолдарын қалып­тастыруға, белсенді демалыс орындарын, глампинг, этно-қонақүйлер нысандарын салуға және экологиялық таза көлікті іске қосуға баса назар аударылғанын атап өтті. Орнықты даму стандарттарын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайда­лануды және қоршаған ортаның цифрлық мониторингін енгізу жоспарланып отыр.