Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Қаржылық бақылау күшейеді
260
оқылды

Депутаттардың талқылауына бі­рін­ші оқы­лымда қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жы­лыстатуға) және терроризмді қаржы­ландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарау енгізіледі. Құжат ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға, атап айтқанда, Ақшаны жылыстатуға қар­сы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу то­бының (FATF) ұсыным­дарына сәйкестендіру мақсатымен әзірленген.

Заң жобасы аясында қаржылық мо­ниторинг субъектілерінің тізімін кеңейту ұсынылады. Олардың қа­тарына ұялы бай­ланыс оператор­ларын және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекет­тік кор­порация­сын қосу көзделіп отыр. Сондай-ақ қаржылық мониторинг субъек­­тілерінің уәкілетті органға күмәнді қызмет жөнінде хабарлама жіберу міндетін енгізу ұсы­нылады. Бұдан бөлек, қолма-қол түр­де мә­дени құндылықтарды сатып алу немесе сату, оларды әкелу немесе әке­ту, сондай-ақ цифрлық активтер­мен жасалатын опе­рация­лар бойынша 5 миллион теңгеге тең немесе одан асатын сомаға шекті мән белгіленеді. Сонымен қатар заң жобасында қар­жы­лық операция­лардың ашықтығын арттыруға, қаржылық мониторинг жүйесін нығайтуға және кірістерді заңсыз жолмен заңдастыруға (ақшаны жылыстатуға) әрі терроризмді қар­жыландыруға қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған бір­қатар басқа норма да қарастырылған.

Екінші оқылымда депутаттарға Қыл­мыс­тық, Қылмыстық-процес­суалдық және Қыл­мыстық-атқару кодекстерін оң­тайландыруға қатысты түзетулерді қа­рау ұсынылып отыр. Заң жобасын Пре­зиденттің 2022 жылғы 1 қыр­күйектегі «Әді­летті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақ­стан халқына Жолдауы аясында беріл­ген тапсырмаларын орындау үшін Үкімет әзірлеген. Бұл түзетулер құқық үстем­дігін қамтамасыз етуге, мем­ле­кеттік мәжбүрлеу шараларын әділет­тілік пен жауапкершіліктің сәйкестік қағи­даттарына сай келтіруге, сондай-ақ Қазақ­стан Республикасының жоғары консти­туциялық құнды­лық­тары мен негізгі қызмет қағидаттарын тиімді қорғауға ба­ғытталған.

Сонымен қатар депутаттар «Ныса­налы капи­тал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және ішкі істер ор­ган­дарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламент­телуін болғыз­бау мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді қарайды.

Жалпы отырыста Мәжіліс бірқатар жаңа халықаралық құжатты жұмысқа алу­ды жос­парлап отыр. Олар: Ресей Феде­рациясымен Қостанайдағы Челя­бі мем­лекеттік универ­ситетінің филиалының жұмыс істеуі туралы келісім, Түрік­мен­станмен қылмыспен күресте ынтымақ­тастық жөніндегі келісім, Қатар мемле­кетімен қазақ­стан­дық азаматтарды жұ­­­­­­­мысқа ор­налас­тыруды реттеу туралы ке­­лісім, сондай-ақ 2003 жылғы 25 жел­тоқсанда жасалған Қырғыз Респуб­лика­сымен мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама.

Сонымен қатар күн тәртібінің жо­ба­сында Сенат ұсынған «Аквашаруа­шылық туралы» заңның жекелеген баптарында жаңа редакцияда енгі­зілген өзгерістер де  қаралады.