Әр басылымның өзіне тән концепциясы, болмысы бар. Сол сияқты «Ана тілінің» сүйенері, қорғайтыны – қазақ тілі. Мұндағы әр материал, ой, құрылым ана тілін қадірлеуге үйретеді. Ұлт үнжариясының әуелгі бағыты – ағарту. Бұл басылым газет ардагерлері салған сара жолдан ауытқыған жоқ. Әлі де жас буынның бабалар сүрлеуіне үңілуін, діл мен діңнен ажырамауын, өткен мен болашақтың тоғысқанын қалайды. Әрі сол миссиясынан жаңылған жоқ.
Қазақ баспасөзінің бойтұмарына – 35 жыл
239
оқылды

Ұлт алдындағы үндеу

Иә, «Ана тілін» парақтай қал­­­саңыз, ежелгі Орхон-Ене­сей ес­керт­кішін аралап, қу­ғын-сүргін жылдарына түсіп, Алаш зия­­­­­лылары тарихын зерттеп жүр­ген­­дей күй кешесіз. Тіл мәселесі ту­ралы тегеурінді мақалалардың жө­ні бөлек. Тарихы 90-жыл­дар­дың басынан басталатын басылым ұс­та­нымынан танған емес. Қазақ ті­лінің еркін тыныстауына, тер­мин мәселесіне, қолданыс аясы­ны­ның кеңеюіне мұрындық бо­лып жүр. Ұлт мұратын ту еткен үн­жария оқырманын жоғалтқан жоқ. Әлі де хат жазатын, «газетім кел­мегеніне бәленбай күн болды» деп қоңырау шалатын жоқтау­шы­сы бар. 

Айталық, газеттің алғашқы са­ны жарық көрген 1990 жылдың 22 нау­рызында басылымның атын ес­тігенде-ақ жұрт шұрқырасқан. Се­бебі атауының өзінде сол тұста жұт­қыншақты кенеп тұрған түй­нек бар-ды. Содан ба, жаңбырға қарамай жиылған ел қол соғып, ерек­ше қошемет білдірген деседі. Аталған жылдың аяғында газет ти­ра­жы 110 мыңға жетіп, сең қоз­ға­­ған. Ауыл-ауылдан газетке ха­бар­ласып, хат жазып, «ауыл болып тү­гел жазылдық, тілдің жайын кө­­тере беріңіздер» деп қолдау біл­дір­гендер көп еді. Бұл Кеңес өкі­меті тұ­сында ана тілінің жабық­тан сы­ғалап жүргеніне ашынған ел еңсесін көтеріп, қауыз жарған ша­ғы. Халық қолдауынан қуат ал­­ған журналистер де аянған жоқ. Мә­­селені мінберге жеткізіп, та­рих­­­пен үндесудің жолын іздеді. 

Іздеген мұратқа жететі­нін­дей, алғашқы санынан-ақ қазақ бас­пасөзі бұрын барламаған тақы­рып­тарды қаузайтын апталық жұрт назарынан түскен жоқ. Га­зет­­тің алғашқы бас редакторы Жа­­рылқап Бейсенбайұлының ай­­­­­туынша, Ғарифолла Әнес пен Аман­қос Мектеп түркітану мәсе­лесі мен Алаш арыстарының ауыр тағ­дыр-талайына, мұрасына қа­тыс­ты тақырыпты ту еткен. Сағат­бек Медеубекұлы болса тал бесік­тен жер бесікке дейінгі салт-дәстүр мен этнографияға бас қойған. Мақ­­сат Тәжімұрат тарихи тақы­рып­­­қа қалам тербеген. Марат Қа­­­­банбайдың газетте жариялаған ма­қалалары кейіннен «Қазақ, қайда барасың?» атауымен кітапқа айналды. Жұрт осы айдармен ба­сы­латын автордың мақалаларын із­деп жүріп оқыды. Қоғамдағы ең өт­кір саяси-әлеуметтік мәсе­ле­лер­ді қозғады. Ал Талғат Айтбаев әлеу­­мет тақырыбына терең бой­лап, қарттар мен балалар үйіне ба­­рып, көргенін ашына сарап­та­ды. Бұл бірсыпырасы ғана, газетте қан­шама майталман журналист жұ­мыс істеді. Талай жағдайды қам­­­­тыды. «Көкек айы ма, әлде сәуір деу керек пе?», «-ов,-евтен құтыл­ған соң, текті қалай жазамыз?» сын­ды өткір мәселеге бас қатыр­ды. Жай ғана көтеріп қоймай, ше­шім іздеді, жауап тапты, сүйін­ші сұраған тұсы да аз емес.

Өткен мен бүгіннің тоғысы

Газет бас редакторының орын­басары Қарагөз Се­рік­­қызы айтпақшы, газет, газет бол­ғалы қоғамның сөзі әртүрлі, тек басылым бағытын айқын­да­ға­ны абзал. Ал «Ана тілінің» мис­сия­сы – ағарту. Биыл басшылық кеңе­се келе, мерейтой алдында га­зеттің ескі нөмірлерінен қыс­қа­ша үзінді жариялай бастады. Көз жү­гірткеннен-ақ өткен мен бү­гін­нің үндесіп жатқанын байқайсыз. Мы­салы, газеттің 4 нөмірінде «Тоң қашан жібір екен?» атты ма­қа­лада өзі қазақ мектебінде жұмыс іс­теп, баласын орыс мектебіне бер­ген педагог жайы жазылған. Қа­зақ мектебіндегі білім сапасы жайы­мен үндеседі. Ал қазір Бағдат Сұл­тан есімді жас журналист осы мә­­се­лені тереңнен жазып жүр. Оның «Аралас мектеп: қазақ тілін қа­лай оқытамыз?», «Оқулық тү­сі­­­нікті тілде жазылуы керек» және та­ғы басқа білім мен ғылым жайлы жазғаны ойландырады. Қазір га­зетте діл мен дәстүр жайында ой са­ларлық сараптама жазатын Дағ­жан Белдеубай жолы бір кездегі Ға­рифолла Әнестің бастамасымен то­ғысады. Берік Бейсенұлы ке­зін­де шет жерде жүрген қазақтар жайын­да толассыз келген хаттарға жауап беріп жүргендей. Әлеумет мә­селесін көтерген Талғат Айт­бай­дың үнін қазір Бағдагүл Мұ­рат­­қызы жалғап жүр. Ақбота Мұ­са­бекқызының мәдениет жайында жаз­ғаны да «Ана тілінің» мақсаты ай­қын, болмысы бөлек басылым еке­нін көрсетеді. 

Газетті талай марқасқа басқар­ды десек, қазір редактор – те­рең ақын Ерлан Жүніс.

Бертінде, Жарылқап Бейсен­байұлынан кейін газеттің тізгінін ұстаған Мереке Құлкенов басы­лым­ның қиын-қыстау сәтінде бас­­шы болды. 90-жылдардың ая­ғы­­н­а таман тираж саны азайып кет­ті. Сонда көреген басшы жол тауып, «Ана тілінің» аясын кеңейт­­кен. Сол шақ бас редактордың әлі есінде екен. Оның айтуынша, ал­ғашқы санында-ақ бүкіл министр­ге сұрақ қойған. Өздері басқара­тын министрліктің мемлекеттік тілді қалай қолданып жатқанына, тіл жағдайын жақсарту үшін не іс­теп жүргеніне жауап алған. Га­зет­тің қайта түлеп, оқырман тар­ту­ға бағытталған алғашқы қадамы осы еді. Ақша бір бүйірден қысқан тұста демеуші іздеудің де жолын қа­растырған. Өйткені журна­лис­тердің уақы­тын­да қаламақы алуы да мұң бол­ған кез-ді. Отандық компа­ния­лар­ды ұлт басылымын қолдауға ша­­­­­қырып, «Қазақойл» ком­­пания­сымен бірігіп, қара ал­тынды «қазуға» кіріскен. Осы­лай­ша, сол шақ­тағы «Ана тілін» мұ­най туралы «Ал­тын дария» айдары құтқарған. Бұ­дан соң, қанатын тағы қом­да­ған апталық өткір та­қы­рыптарды қоз­ғауға қайта кіріс­кен. Әкімдер ту­ра­лы үлкен мақа­ла­лар циклі жа­рық көрген. Оқыр­маннан көп хат ке­ліп, бірі әкі­мін мақтап, бірі жақ­таған. Біраз әкімнің кемшілігі, об­лыс­та­ғы халықтың хал-жағдайы сол ай­­­­дардың аясында айтылған. Одан бөлек, шекара жайын, орыс­тілді шұбарала газеттің көбін, жас­­тар арасында алкоголизм өр­шіп бара жатқаны жөнінде жазыл­ған. Басылым үш рет Президентке ашықхат жазғаны тағы бар. 

«Әрине, мен басқарған жыл­дар­да газет тілді жазумен шектеліп қал­ған жоқ. Қазаққа қажет барлық мә­селені көтердік десек, артық айт­қандық болмас. Тіпті, қуда­лау­ға түскен журналистерді, тіл жа­на­шырларын, жалпы қазақтың бо­лашағы үшін деп жүрген аза­мат­тардың бәрін қорғауға тырыс­тық. Ондай мәселелерді бірінші бет­тен бастап көтердік. Одан таяқ та жеп жаттық. Мысалы, «Шын­дық­тың көзіне у құйылды» деген ша­ғын материал шығардық. Сол кез­де бір ағамыздың көзіне у ша­шып кеткендіктен, екі көзі көрмей қал­ған. Жұмаш Кенебай деген аза­матты жұмыстан шығарайын деп жатқанын естіп, оны қорғап бі­рінші бетке жаздық. Тілге бай­ла­нысты ашық хаттар жарияла­дық. Соның барлығы халықтың ал­дындағы газеттің беделінің өсуі­­не ықпал етті. Яғни, бұрыннан ұлт алдында беделі бар газет болса да, халқымызға қажет мәселенің барлығын көтеруге мүмкіндігі бар басылымға айналдыруға тырыс­тық. Сол мақсатқа жеттік. «Ana tili» газеті – өзіндік бағыт-бағдары бар газет, қазір де сол бағытынан айныған жоқ», – дейді Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов. 

Естеріңізде болса, «Ana tili» га­зеті «Әліппені» қайтару мә­­селесін алғашқылардың бірі бо­­лып көтерді. Басылымның 2017 жылы қараша айындағы санында «Әліппемен» қоштасқаннан не ұт­тық?» деген көлемді мақала жа­рық көрді. Мәселенің мән-жайын анықтап, министрлікке де хат жол­­­­­даған. Арада төрт ай өткенде, сол кездегі Білім және ғылым ми­нистрлігінен «Әліппе» мен «Ана ті­лін» мектеп бағдарламасына қай­­та енгізетіні туралы сүйінші ха­­бар жетті.

Марқұм ақын Оразақын Асқар да «Ana tili» газетін үнемі оқи­ты­нын, елең еткізер айдарларына, ой са­латын мақаласына қызыға­ты­нын бірнеше рет айтқан. «Алты Алаш­тың ардағы», «Тіл мен тұл­ға», «Тарих тұңғиығындағы таң­ба­лы сыр», «Сөзтаным», «Ұлт болам де­сең, ұрпағыңды ойла» айдар­лары­мен берілетін материалдарды әрдайым сүйсініп оқимын дегені бар.

Жанға жылы естелік

Естелік турасында газеттің ал­ғашқы бас редакторы Жарылқап Бей­сенбайұлынан сұрағаны­мыз­да, мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Болат Шарахымбайды қа­лай жұмысқа алғаны туралы ай­тып берді. Орыс мектептеріндегі қа­зақ тілі сабағы қалай оқыты­ла­тыны турасында жазғаны редак­тор­­д­ың көңілінен шыққан. Қол­таң­басы ширақ жігітті бірден жұ­мысқа шақырған. Ал Моңғо­лия­дан көшіп келген дәрігер Абай Мау­қараұлы «Ана тілінің» арқа­сын­да мамандығын ауыстырған де­седі. Мауқараұлының мақаласы бірнеше рет жарық көрген соң, басшылық дәрігерге ұсыныс тас­та­ған. Маман мақұл көріп, қа­лам­гер­ге айналған. Редактордың қуат­­ты журналист Сабыржан Шү­­кірұлын «Ана тіліне» шақыр­ға­ны туралы әңгіме тіпті қызық. Ол кісі кезінде «Егемен Қазақ­стан­­да» бас редактордың орын­ба­сары, «Сұхбат» экономикалық ап­талығының бас редакторы бол­ған. Кейіннен, 1996 жылдың жа­зын­да қаржы тапшылығы салда­ры­нан «Сұхбат» газеті жабылып қал­ған. Сөйтіп, Сабыржан ағаның жұ­мыс іздемей, үйінде жатқанын естіген. Арнайы телефон соғып: «Егер қомсынбасаңыз, «Ана тілін­де» қызмет етуге қалайсыз? Құп көр­сеңіз, Сіздің күнде редакцияға келіп тұруыңызды да қажет деп тап­паймыз. Мақалаларыңызды үй­де отырып-ақ жазуыңызға рұқ­сат береміз», – деген. Сабыржан Шүкірұлы келісімін беріп қана қоймай, редакцияға күнделікті ке­­ліп, апталықта он жылға жуық қыз­­мет еткен. 

Ал Мереке Құлкенов 2000 жы­лы «Ана тілімен» бірге көлікпен Қа­зақстанды аралап шыққанын сағынышпен еске алады. Басылым мұ­рындық болып осы сапарға жур­налистермен қоса басқа ма­ман­дық иелері – экономистер, ме­дицина, заң қызметкерлері, гео­логтармен бірге шығып, ха­лық­­тың әлеуметтік жағдайымен та­нысқан. Халықтың тұрмыс жағ­дайы, тілге деген көзқарасы, мем­лекеттік тілдің іс жүзінде қол­да­нылу дәрежесін барлаған. 

Содан бергі көш үзілген жоқ. Ұлт басылымы әлі де тіл мен та­рих, салт пен сана, өткен мен бо­ла­шақ арасын жалғап жүр. Газеттің сүйенері – халық, қозғағаны – әлеуметтің үні. Тілі жоғалған ұлт­тың өзі де жоғалатынын үндеп жүр­ген «Ана тілінің» 35 жыл ме­рей­тойы құтты болсын! Қазақ бас­пасөзінің бойтұмары ғасыр жа­сасын!

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ