Жиын алдымен партияның облыстық филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің төрағасы Баймырза Қожамберлиев хабарлама жасап, аймақтық кеңеспен атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.
Қызылордада  Miras республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті
502
оқылды

Қызылордада «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алқалы жиында «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы мәдени ошақтарды салу және жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстардың Сыр өңірінде орындалу барысы мен облыстағы мәдениет саласының өзекті мәселелері талқыланды. 

Жиын алдымен партияның облыстық филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің төрағасы Баймырза Қожамберлиев хабарлама жасап, аймақтық кеңеспен атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді. 

Қызылорда облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов хабарлама жасап, партияның сайлауалды бағдарламасының өңірде жүзеге асуына тоқталып өтті. 

Басқарма басшысының айтуынша, сайлауалды бағдарлама аясында өңірде  2023-2025 жылдарға 12 нысан құрылысын салу, 45  мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, меже артығымен орындалған. 

«Жол картасы аясында облыс тұрғындарының мәдениет ұйымдарына қолжетімділігін арттыру, сапалы мәдени қызмет көрсету мақсатында 2023 жылы 2 нысан құрылысын салу, 15 мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2024 жылы 5 мәдениет нысанын салу, 15 мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу және 2025 жылы 5 нысан құрылысын салу, 15 мәдениет нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Нәтижесінде, 2023-2024 жылдары 13 мәдени нысанның құрылысы салынып, пайдалануға берілді. 35 мәдениет нысандарына күрделі және жай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған екі жыл ішінде жоспар мәдениет нысаны құрылысын салу бойынша 6 нысанға артығымен орындалса, жөндеу жұмыстары бойынша 5 нысанға артық орындалды», -деді  Жанмұрат Сейілов.

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, кеңес төрағасы Аманжол Әлтай Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Miras кеңесінің ең белсенді аймақтық кеңестердің бірі екендігін және мәдени нысандар құрылысын жүргізу бойынша партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы да жақсы көрсеткішке ие екендігін атап өтті.  

«Сыр елі – жыр елі» атанған бұл өлке – тума таланттардың бесігі болған, дауылпаз Сыр сүлейлері шыққан киелі мекен. Ұлт рухының алдаспаны қайралған, тамырлы тарихымыздың арқауы жалғанған мұндай өңірде мәдениетке жағдай жасалмауы мүмкін емес дүние. Осы бағытта партиямыздың сайлауалды бағдарламасында жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілгенін біліп отырмыз. Жоспардан тыс облыста қосымша «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», «Өнер орталығы», «Шығармашылық академиясы» салынып, жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталған. Жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылып, барлық аудандарда «Руханият орталықтары» салынған. Алдағы уақытта да көптеген мәдени нысандар  пайдалануға берілмек. Бұның барлығы аймақтағы берекелі бірліктің, бірлескен жұмыстардың жемісі», - деді  кеңес төрағасы Аманжол Әлтай.

Жиын барысында кеңес төрағасы Аманжол Әлтай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің, ұлттың негізгі жады кітапхана екенін баса айтып, кітап оқитын ұлт қалыптастыру қағидасын ұстанып келетіндігін тілге тиек етіп, осы орайда өңірде А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана және №13 балалар кітапханасының орналасқан жері білім алушыларға қолайсыздық тудырып отырғандығы жөнінде азаматтардан ұсыныс келіп түскенін айтып, осы мәселені ретке келтіруді ұсынды. Айтылған мәселелер бойынша облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 

Жалпы кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес, өңірдегі мәдениет саласының өзекті мәселелері бойынша кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныс айтылып, жұмыс жасау үшін хаттамаға енгізілді.

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары   Шахмардан Байманов Сыр елінің мәдениет және өнер саласында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде атап өтіп, партия бастамаларын облыс әкімдігі қаншанда қолдайтындығын жеткізді. 

Жиын соңында аймақтық кеңестің бірқатар белсенді мүшелері азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі  Miras республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтайдың арнайы алғыс хатымен марапатталды.

Сыр өңіріне  жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай мен «AMANAT» партиясы Саяси жұмыстар департаментінің директоры Еркебұлан Жауылбаев Bir Tolqynda диалог алаңында өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, олардың бастамалары мен ой-пікірлеріне құлақ салды.

Кездесу спикерлері ең алдымен «Жастар рухы» Жастар қанатының Қызылорда облыстық филиалының жұмысымен танысып, өңірдегі жастар саясатының жүзеге асырылу барысы мен бастамалары жөнінде ақпарат алды.

Мұнан соң «Кітап-AMANAT» орталығының жұмысына шолу жасалып, жастардың білімге, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан істермен танысты.

Іс-шараның маңызды бөлігі – белсенді және өнерлі жастармен еркін форматтағы ашық кездесу болды. Жастар өз пікірлерін ортаға салып, спикерге өз ұсыныстарын жеткізді. 

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жастардың ой-пікірлерін тыңдап, ел дамуы жолындағы белсенділіктерін жоғары бағалады.

«Санасы сергек, ойы озық, рухы биік ұрпақ – мемлекеттің мәңгі тірегі. Бүгінгі жастар тек технологиямен емес, ұлттық мәдениетпен де сусындауы тиіс. Домбыраның үні мен Абайдың сөзі жүрегіңізде жаңғырып тұрса – сіз елдің шын азаматысыз. Сіздер – тек ертеңнің емес, бүгінгі рухани тірегіміз. Өнер мен ой қатар жүрсе, өркениет соңыңыздан ілеседі. Армандаудан қорықпаңыздар, ал өнер мен мәдениетті қадірлеуден ешқашан жалықпаңыздар», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай.

Кездесуде жастар пікір алмасу жүргізіп, спикерлерімізге арнайы жырдан шашу шашты. Жастарға тарту ретінде Аманжол Дүйсенбайұлы да өлеңнен тарту сыйлады.

Сыр өңіріндегі жұмыс сапарлары барысында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі  Miras  республикалық кеңес төрағасы Аманжол Әлтай мен партияның саяси жұмыстар департаментінің директоры Еркебұлан Жауылбаев партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановпен бірге өңірдегі жаңадан бой көтеріп жатқан мәдени нысандардың құрылысымен танысты. 

Меймандар алдымен жақында ғана пайдалануға берілген «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясында болып, балаларға жасалған мүмкіндіктермен танысты. 

Шығармашылық-инновациялық академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.

Мұнан соң қаланың сол жағалауында салынып жатқан заманауи үлгідегі облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен музыкалық колледж құрылысымен танысты.

Қасиетті Сыр өңірінің баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау мақсатындағы жаңа музей сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталған. Музейдің 85 жылдық тарихында алғаш рет типтік ғимарат қор сақтау қоймаларымен жабдықталуда. 

Қазіргі уақытта музей қорында 67 613 экспонат сақталған. Музейдің жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этнография, Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетіледі. 11 залдан тұратын мұражайдың тақырыптық құрылымы, жабдықтары мен безендірілуі жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, 3D модельде жасалуда. 

Ал үш қабаттан тұратын музыкалық колледж ғимараты 650 орынға арналған. 

Атап өту керек, қала орталығындағы колледждің қазіргі ғимараты тозығы жетіп, заман талаптарына сай келмейді. Ескірген ғимарат небәрі 350 орындық, ал онда оқитындар саны, жастардың музыкалық білім алуға сұранысы жыл сайын артуда. Осы жағдайды ескере келе өңірде өткен жылдың соңында «Саутс Ойл» компаниясының қолдауымен жаңа ғимарат іргетасы қаланған болатын. Жаңа колледж ғимараты тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 

Жаңа мәдени нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысқан халық қалаулысы жаңа дәуірдің ұландарын тәрбиелеу мен ұлттық мұрамызды ұлықтау бағытында жасалып жатқан өрелі бастамаларға табыс тіледі.