16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасуда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгінгі сот отырысына жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің өтініші бойынша тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров шақырылды.
Халимназаров марқұм Шерзаттың мәйітіне жасаған сараптама қорытындысын баяндап, оның қанша қан жоғалтқанын айтты. Сондай-ақ сарапшы "Шерзатты аман алып қалуға болатын ба еді?" деген сұраққа да жауап берді.
– Кеуде қуысының кесілген жарақаты салдарынан көп мөлшерде қан жоғалту өлімге себеп болған. Қалған анықталған гематомалар, сырылған жерлер, яғни, сыртқы жарақаттар өлімге себеп болмайды. Тек ауырсыну тудыратын жарақаттар. Ал жарақат алғаннан соң 1 литрге дейін қан жоғалтпаса аман алып қалуға болар еді. Алайда қан тоқтамаса, жағдай қиындай береді. Шерзат Полаттың кеуде қуысынан 1,5 миллилитр қан табылды. Оған сыртқа аққан қанды қосқанда, жалпы жоғалтқан қан мөлшері бұдан көп, – деді Халиназаров.