Қызметкерлер кішкентай қонаққа Полиция департаментінің жүрегі саналатын жедел басқару орталығына экскурсия ұйымдастырды.
Абай облысында полицейлер 8 жастағы оқушының арманын орындады
Фото: polisia.kz
660
оқылды

Абай облысының Пполиция департаментіне ерекше хат келіп түсті. Оның авторы – 8 жастағы Аделя есімді үшінші сынып оқушысы. Ол өз ойымен, сезімімен және болашақ армандарымен бөлісіп, полицей болғысы келетінін жазған,  деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жас жеткіншектің шынайы хаты департамент қызметкерлерін бейжай қалдырмай, олар Аделяға ұмытылмас күн сыйлауды жөн көрді.

Сіздердің жұмыстарыңыз туралы білгім келеді. Бізді қорғайтыныңыз үшін, адамдарға көмектескендеріңіз үшін рақмет. Бұл – маңызды әрі оңай жұмыс емес, – деп жазды Аделя Instagram парақшасындағы балалар айдарын көріп.

Қызметкерлер кішкентай қонаққа полиция департаментінің жүрегі саналатын Жедел басқару орталығына экскурсия ұйымдастырды. Мұнда барлық “102” арнасына келіп түскен қоңыраулар қабылданып, полиция нарядтары оқиға орнына жіберіледі.

Аделя бейнебақылау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, құқықбұзушылықтарға қалай жедел әрекет ететінін өз көзімен көрді. Қызметкерлер оған учаскелік полицей, тергеуші, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың жұмысын таныстырды. Ең бастысы – оның арманына қанат бітірді.

 Аделяның хаты бізге кім үшін қызмет етіп жүргенімізді еске салды. Балалардың өздерін қауіпсіз сезінуі мен әділдікке сенуі – біздің басты міндетіміз, – деді полицейлер.

Аделя полиция логотипі бейнеленген блокнот пен жарқын әсерлерге толы естеліктерді, сонымен бірге болашақта полиция формасын киюге деген асқақ арманын алып кетті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.