Кездесу барысында логистика, қонақүй бизнесі және цифрлық қаржы салаларында ұзақмерзімді жобаларды іске қосу мәселелері талқыланды.
Сыртқы істер министрі Мажарстанның жетекші компанияларымен кездесті
Фото: gov.kz
454
оқылды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Мажарстанның жетекші компанияларының басшылары –  UBM Group  бас директоры Петер Хорватпен,  BDPST Group директорлар кеңесінің төрағасы Иштван Тиборцпен және «4iG Plc.» директорлар кеңесінің төрағасы Геллерт Ясаимен кездесулер өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесулер барысында цифрландыру, көлік логистикасы, агроөнеркәсіптік кешен, қонақүй бизнесі және тұрақты технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Қазақ тарапы халықаралық серіктестікке ашық екенін растады және барлық деңгейде жан-жақты қолдау көрсетуге дайындығын білдірді.

 UBM Group  басшылығымен Алматы, Қостанай және Қарағанды облыстарында өндірістік нысандар салуды қамтитын агроөнеркәсіптік жобаны іске асыруға дайындық барысы қарастырылды. Жобаның бірінші кезеңіне шамамен 64 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Жоба аясында зертхана, оқу орталығы мен логистикалық инфрақұрылым құру көзделген.

 BDPST Group  компаниясымен кездесуде логистика, қонақүй бизнесі және цифрлық қаржы салаларында ұзақмерзімді жобаларды іске қосу мәселелері талқыланды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қатысуымен бірлескен логистикалық хаб құру бастамасына ерекше назар аударылды.

«4iG Plc.» компаниясымен келіссөздер барысында сұхбаттастар спутниктік байланыс, Жерді қашықтықтан зондтау және цифрлық инфрақұрылым құру салаларындағы технологиялық серіктестіктің болашағы жөнінде пікір алмасты. Қазақстан тарапы спутниктік платформаларды құрастыруды локализациялауға қызығушылық білдірді.