Мамандардың айтуынша, вейп тек физикалық емес, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да зиян келтіреді.
Вейпке тәуелді ұрпақ: заң да, ескерту де тоқтата алмай ма?
Фото: istockphoto
584
оқылды

Электронды темекі, яғни вейп – соңғы жылдары жастар арасында кең таралған құрылғылардың бірі. Ол никотинді немесе хош иісті сұйықтықты қыздырып, буға айналдырады. Көпшілік оны кәдімгі темекіге қарағанда қауіпсіз деп ойлағанымен, шын мәнінде оның құрамындағы химиялық заттар мен никотин денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіреді. ДДСҰ мәліметі бойынша, бүгінде әлемде 82 миллионнан астам адам вейп қолданады, олардың басым бөлігі – жастар мен жасөспірімдер, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстанда вейпке тыйым салынды

2024 жылы 19 сәуірде Мемлекет басшысы электронды темекі мен вейп өнімдеріне тыйым салу туралы заңға қол қойды. Заң 2024 жылдың 20 маусымынан бастап күшіне енеді. Бұл құжат:

  • вейп сатқандарға – 700 000 теңгеден жоғары айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу;
  • заңсыз таратқандарға – 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс;
  • өндіріп, елге кіргізгендерге – 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу;
  • қылмыстық топ құрамында айналысқандарға – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

ҚР Қаржы министрлігі мен Ішкі істер министрлігі шекаралық бақылауды күшейтіп, рейдтік тексерулерді жиі ұйымдастыруда. Алайда, әлеуметтік желілерде вейп саудасы әлі де жасырын жолмен жалғасып отыр.

Жасөспірімдердің тәуелділікке ұшырауы: Жанельдің оқиғасы

Жанель – университет студенті. Ол вейппен алғаш рет 10-сыныпта танысқан. Бастапқыда бұл тек қызығушылық еді. Құрбыларының қолындағы құрылғыны байқап, бір-екі рет тартып көрген. Бірақ сол сәттегі бейкүнә қызығушылық біртіндеп күнделікті әдетке, ал уақыт өте келе тәуелділікке айналды.

2024 жылы заң қабылданып, электронды темекі мен вейп өнімдерін ашық сату тоқтатылған соң, Жанель бұл әдетінен бас тартамын деп ойлаған. Алайда ол Telegram желісінде сатушыларды тауып, тапсырыс бере бастайды. Бір күні бір сатушы оған 10 000 теңгеге вейп ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Жанель сеніп, ақшаны аударады. Бірақ тапсырыс келмейді. Ал сатушы байланыстан мүлде жоғалады.

Бұл жағдай Жанельге үлкен ой салады. Тәуелділіктің тек денсаулыққа емес, қалтаға да зиян екенін түсінеді. Осы сәттен бастап ол вейптен бас тартуға бел буады. Дегенмен, бес жылдық әдеттен арылу оңай емес.

«Алғашқы он күн – нағыз сынақ. Ашуланшақ боласың, басың ауырады, ұйқың бұзылады, көңіл күйің құбылып тұрады. Бірақ бұл кезеңнен өтсең, ары қарай жеңілдей түседі», – дейді Жанель.

Ол ортасының да ықпалын жоққа шығармайды. 

«Вейпке қайта оралуыма көбіне орта әсер етеді. Қасымдағы достардың қолынан көріп, мен де тартып жібергім келеді. Бірде өзімді тоқтата алмай, ләззатты қайта сезінгім келіп, досымнан сатып алғаным да болды», – дейді ол.

Дегенмен Жанель үмітін үзбей, алдына мақсат қойған.

«Мен осы жылдың соңына дейін бұл әдеттен құтылуға бекіндім. Өйткені маған, ең алдымен денсаулық керек», – дейді ол сеніммен.

Вейптің денсаулыққа тигізер зияны

Мамандардың айтуынша, вейп тек физикалық емес, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да зиян келтіреді. Атап айтқанда:

1. Никотинге тәуелділік

  • ми дамуына кері әсер етеді, әсіресе жасөспірімдер үшін қауіпті.

2. Өкпе аурулары (мысалы, EVALI)

  • бу өкпенің қабынуын тудырып, тыныс алуды қиындатады.

3. Жүрек-қан тамырлары аурулары

  • қан қысымының көтерілуі, жүрек соғысының жиілеуі.

4. Тыныс алу жүйесіне зиян

  • жөтел, қақырық, тамақ құрғауы, демікпе.

5. Иммунитеттің әлсіреуі

  • oрганизмнің инфекцияларға қарсы тұру қабілеті төмендейді.

6. Химиялық заттардың қаупі

  • қызған кезде уытты қосылыстар пайда болады.

7. Құрылғы жарылысы

  • сапасыз вейп құрылғылары жарылып, күйікке ұшыратуы мүмкін.

Әлеуметтік және құқықтық қауіптер:

  • психологиялық тәуелділік пен қаржылық шығын;
  • құқықтық жауапкершілік;
  • қоғамдық жұмысқа тартылу немесе қамауға алыну қаупі.

UNICEF мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 18%-ы кемінде бір рет вейп қолданып көргені анықталған.

Мәжіліс назарындағы мәселе

Бұл мәселе Парламент қабырғасында да көтерілді. «AMANAT» фракциясының депутаты Ринат Зайытов вейптің жастарға зияны туралы былай деген:

«Ең алдымен, ертеңгі ел жастарының денсаулығын ойлауымыз керек. Салыққа пайдасы бар екен деп жасөспірімдердің денсаулығына зиянды заттарды саудалай беруге болмайды… Электронды темекі мен вейптен бас тарту – ертеңгі күнге жауапкершілікпен қарау деген сөз», – деді Р.Зайытов.

Вейп – сырт көзге сәнді, бірақ шындығында қауіпті өнім. Ол жастардың болашағына балта шабатын құралға айналып отыр. Заңмен шектеу – бұл мәселенің бір ғана жағы. Ең бастысы – ата-аналар, мұғалімдер, қоғам болып жастардың санасына салауатты өмір салтының маңызын сіңіру.

Тек шектеу емес, түсіндіру, қолдау, тәрбиелеу қажет. Жасөспірімдерге нақты мысалдар мен жанашырлықпен түсіндірілсе, олар зиянды әдеттерден арылып, өз болашағын бағалай бастайды. Вейпке емес, білім мен денсаулыққа таңдау жасайық!

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті