«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған басым бағыттардың бірі – елді мекендерді газдандыру. Осы мақсат аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры. Аталған жобаның арқасында Жетісу облысының Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 66 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ.
Қазіргі таңда газ құбырының желілік бөлігін салу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар күрделі табиғи бедерлер мен суасты өткелдері сияқты кедергілерден өтетін учаскелерде құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Жоба аясында 302,4 шақырым газ құбыры, 6 бұрма құбыр және «Жансүгіров», «Қапал», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай», «Үшарал» елді мекендерінде автоматты газ тарату стансаларын салу жоспарланған. Бүгінде барлық алты стансаның құрылысы қатар басталып, 2025 жылдың тамыз айына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Құрылыс жұмыстарына 148 арнайы техника мен 356 жұмысшы жұмылдырылған. Жоба ерекше бақылауға алынып, жоспардан ілгері жүріп келеді. Биылдың өзінде 6 елді мекенге газ жеткізу көзделсе, қалған 60 ауыл 2026 жылы көгілдір отынға қосылады. Газбен қамтылатын нысандардың қатарында Ақсу қант зауыты да бар.
Жалпы, Жетісу облысында 192 елді мекен газдандыруға жатады. Облыс жаңадан құрылған кезде бар болғаны 5 елді мекенде ғана газ болса, бүгінде олардың саны 84-ке жетіп, газдандыру деңгейі 58,2%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 126 елді мекенге жетіп, 71,4%-ға дейін артады деп күтілуде. Бұл – 500 мыңға жуық тұрғын газдың игілігін көреді деген сөз.
«Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының аяқталуы өңір халқының өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Елнар ЕЛТАЙ