Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында пәндік олимпиадаларда топ жарып, қаланың абыройын асқақтатқан оқушыларға арнайы құрмет көрсетілді.
Олимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетілді
308
оқылды

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында пәндік олимпиадаларда топ жарып, қаланың абыройын асқақтатқан оқушыларға арнайы құрмет көрсетілді.

Іс-шараға Қаратау аудандық филиа­лы­ның төрағасы Бауыржан Кеңесұлы қаты­сып, әртүрлі мектептерден жиналған 20-ға жуық дарынды оқушыға өзінің алғыс хатын та­быстап, бағалы сыйлықтар тарту етті. Марапаттау барысында ол білім бәйгесінде үздік шыққан оқушыларға сәттілік тілеп, олардың болашағына сенім білдірді.

«Бүгін біз тек үздіктерді ғана емес, бо­лашақтың жарқын иелерін марапаттап отырмыз. Ел ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Сіздердің жетістіктеріңіз – тек өз мектептеріңіздің емес, тұтас қаламыздың мерейі. Алда да осындай жетістіктеріңіз көп болсын», – деді Бауыржан Кеңесұлы оқушыларға арнаған сөзінде.

Марапатталған оқушылар негізінен қазақ тілі, математика, информатика, химия пәндерінен жоғары нәтижелер көрсеткен. Солардың қатарында №72 жалпы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Нығымет Құрбанбай да бар. Ол бұған дейін түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, 10-нан астам марапатқа ие болған.

«Мен болашақта ұстаз болуды ар­ман­даймын. Қазір орыс және ағылшын тілдерін тереңдетіп үйреніп жүрмін. Сонымен қатар қолөнермен айналысып, нарыққа тың дүниелер шығарғым келеді. Бүгінгі мара­пат – болашаққа деген сенімімді нығайтты. Осындай құрмет көрсетіп жатқан аға-әпкелеріме алғы­сым­ды білдіремін», – деді ол өз әсерімен бөлісіп.

Іс-шара барысында бірқатар оқушы­лар өздерінің робототехника бағытын­дағы жаңа жобаларын таныстырды. Олар ауыл шаруашылығына арналған авто­маттан­дырылған құрылғыларды ұсынып, бақша өнімдерінің өнімділігін арттыру және шы­ғындарын азайту жолдарын көрсетіп берді. Бауыржан Кеңесұлы оқу­шылардың еңбегіне жоғары баға беріп, бұл жобалардың болашағы зор екенін атап өтті.

Айта кетейік, Шымкент қаласының оқушылары түрлі пәндік олимпиада­ларда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында алдағы уақытта да осындай дарынды шә­кірттерді қолдау және марапаттау ісі жалғасын таппақ.

Елнар ЕЛТАЙ