Отандық спорт жұлдыздары Алматыдағы 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта жиналып, салауатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған жаңа «Чемпиондық рух» жобасын бастап берді. Спортшылар 200- ден астам адамға ашық аспан астында жаппай жаттығу өткізді. Іс-шараны Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырды.
Жобаның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Жоба шеңберінде тек жаттығулар ғана емес, түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Алматыда бастау алған жоба ел аумағында жалғасын табады.
«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, «Чемпиондық рух» тек спорттық жаттығулар мен жарыстар ұйымдастыруды көздейтін жоба ғана емес, ол – жастар қауымының денсаулығын нығайтуға бағытталған кешенді қадам.
«Чемпиондық рух» жобасы – спорт пен салауатты өмір салты ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі тануға, жауапкершілікке және рухани дамуға жетелейтін жол. Тұрақты жаттығулар, танымал спортшылармен кездесулер және белсенді қарым-қатынас жастардың өз-өзіне деген сенімін арттыруға, дұрыс әдет қалыптастыруға және қиындықтарды жеңе білуді үйренуге көмектеседі деген сенімдеміз. Бұл біздің мықты әрі дені сау ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесіміз», – деді ол.
Іс-шараға Мәжіліс депутаты, Alash Pride клубының президенті Данияр Қасқарауов, Алматы облысының мәслихат депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек және өзге де азаматтар қатысты.
Жоба амбассадоры, джиу-джитсу мен грэпплингтен спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров бұқаралық спортты дамытып, тұрғындар арасында насихаттаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол ашық аспан астында жастармен жаттығу өткізді.
«Спорт – өмір салты. Осындай жобалар арқылы біз жастардың көшбасшылық қасиетін, командалық рухы мен жеңіске деген ерік-жігерін қалыптастыратын кеңістік құрамыз. Бұл біздің ортақ болашағымызға құйылған инвестиция», – деді ол.
Таңғы жаттығудың ең жас қатысушысы 4 жасар Әли әкесімен бірге белсенділік танытып, жиналған көпшіліктің назарын аударды. Әлидің спортқа деген қызығушылығы мен энергиясы өзге де қатысушыларды ынталандырды. Белсенді қатысушыларға чемпиондардың қолтаңбасы бар арнайы сыйлықтар табысталды.
Осылайша, елімізде «Чемпиондық рух» жобасы бастау алды. Алдағы уақытта таңғы жаттығу, ашық аспан астында дене шынықтыру, шеберлік сағаттары, танымал спортшылармен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл жай ғана физикалық белсенділік емес, бұл – жас ұрпақты игі іс төңірегінде топтастыратын қозғалыс,
бұл – қайсар мінез қалыптастыратын күш. Әр қадам, әр жаттығу сайын рухы мықты, денесі сау, тек шаршы алаңда ғана емес, өмірде де жеңіске жетуге дайын жаңа ұрпақ шыңдалады.
Елнар ЕЛТАЙ