Ұлттық статистика бюросының есебінде айтылғандай, 2024 жылдың қорытындысында Қазақстандағы жалдамалы жұмыскерлердің 71,1%-ының немесе 3,4 миллион қызметкердің 2,4 миллионының еңбекақысы республикадағы орташа атаулы-номиналды жалақыға да жетпейді. Атаулы жалақының орташа мәні былтырғы 4-тоқсан қорытындысында 434 982 теңгені құраған еді. Бұл ретте еңбеккерлердің жартысына жуығы – 1,5 миллионы тіпті 250 мың теңгеден де аз алады.
Жұмыс берушілері елдегі орташа жалақыдан жоғары төлейтін жұмыскерлердің үлесі 30%-ға жетпейді. Ал көптеген қазақстандыққа арман болған 1 миллион теңге және одан көп жалақы алатындардың үлесі небәрі 3,3% немесе 112 мың адам.
Ұлттық статистика бюросы кедейлердің қай салада көп екенін атады. Мысалы, ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі, халықты асыраудағы стратегиялық рөліне қарамастан, ауыл шаруашылығындағы жалдамалы еңбеккерлер басқаға қарағанда өте аз алады. Соның салдарынан, елдегі орташа жалақыдан төмен еңбекақы алатын малшы, диқан-бақшашы, балықшы, орманшының үлесі 90,9% болды.
Жұмысшылары жарлы-жақыбай деңгейінде тіршілік ететін салаларға, сондай-ақ өнер, көңіл көтеру және демалыс (еңбеккерлерінің 88,7%-ы орташадан төмен табады), әлеуметтік қамсыздандыру және мемлекеттік қызмет (86,2%), әкімшілік және қосымша қызмет көрсету салалары (81,4%) жатады.
Ал 400 мың теңгеге дейінгі жалақы алатын жұмыскерлері санының аздығы жөнінен бірінші орында қаржы және сақтандыру (47,8%-ы аз алады), өнеркәсіп (54,1%) тұр. Айына 1 миллион теңгеден көп табатыны негізінен қаржыгер мен сақтандырушы (13,9%, 10,5 мың адам), ІТ саласы мамандары мен байланыс қызметкерлері (12,6% немесе 6,6 мың адам).
Статорган дерегінше, 2019 жылдан бері елде атаулы, медианды және модальды (ең жиі кездесетін) жалақының бәрі өсті. 2019 жылы атаулы жалақы – 186,8 мың теңгені, медиандысы – 112,3 мың, модальдысы 49 мың теңгені ғана құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше, 403,3 мың, 285,7 мың және 97,6 мың теңгеге жетті.
Ұлттық статбюро мәліметінше, соңғы 5 жылда қазақстандықтардың жан басына шаққандағы ақшалай табысы 2 есе өсті. Ақшалай табыстарға жалақы (жалпы көлемдегі үлесі – 66,1%), зейнетақы (16,6%), өзін-өзі еңбекпен қамту және кәсіпкерлік табыстары (9,2%), сондай-ақ жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі және АӘК (3,9%) кіреді. Соның ішінде мысалы, орташа атаулы жалақы 5 жылда 2,2 есеге, 186,8 мың теңге-ден биыл 423 мың теңгеге дейін өсіпті.
– 2025 жылғы I тоқсанда бағалау бойынша жалақының медианалық мәні 300 307 теңгені құрады. Ал орташа атаулы жалақы 2025 жылғы I тоқсанда 423 133 теңге болды, бұл былтырғы тиісті тоқсандағыдан 10,7%-ға артық. 2024 жылғы І тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі ақпарат және байланыс (31,3%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (17,3%), өнер, ойын-сауық және демалыс (16,1%) салаларында байқалды, – деді ведомство.
Әйткенмен, Ranking сарапшылары өскен жалақыны нарықтағы өскен баға «жеп қойып» жатқанына екпін түсірді: «Әрине, қазақстандықтардың атаулы жәрдемақысында жыл сайын өсім бар. Бірақ нақты жалақы индексі еңбек табыстарының өсімінің мейлінше шынайы индикаторы саналады. Себебі ол инфляцияны және халықтың тұтынушылық қабілетін есепке алады. Мұнда жағдай сонша оптимистік сипатта емес. Соңғы 2 жылда қазақстандықтардың жалақысының нақты тұтынушылық қабілеті еселеп емес, бар-жоғы 2,7%-ға өсті. 2019 жылы бірден 9,1%-ға өсіп еді. Ендеше 5 жылда өсім қарқыны қатты құлдырады», – дейді сарапшылар. Сандар мұның да шындық екенін растайды.
Ел ауқаты ауылдан басталады
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, халықтың табысын, соның ішінде ауыл халқының әл-ауқатын арттыру және олардың экономикалық белсенділігін ынталандыру үшін 2023 жылдан бері ауылдың бірыңғай бағдарламасы – «Ауыл аманаты» іске асырылып жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты – арзан несие мен тегін гранттар тарату арқылы ауылдықтардың өз бизнесін ашуына көмектесу, сондай-ақ түрлі курстарда оқытып, қайта даярлау, агро-экономикалық біліктілігін кеңейту арқылы оларды жұмыспен қамтып, табысын ұлғайту.
– Бағдарлама аясында 2023 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Бұл сол жылы 15,1 мың шағын несие беруге және 16,4 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Алайда 2024 жылы су тасқынын және бюджет мүмкіндіктерінің шектелуін ескеріп, 27 млрд теңге ғана бағытталды, бұл 2,1 мыңнан астам жұмыс орнын құруға ықпал етті. Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін биыл республикалық бюджетте 50 млрд теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ бюджетті нақтылау және басқа бағыттардың қаражатын қайта бөлу арқылы қосымша қаржыландыру пысықталады, – деді Серік Мақашұлы.
Өткен жылғы сияқты, 2025 жылы да ауыл тұрғындарының кооперативтер құруын ынталандыру мақсатында жылдық 2,5% мөлшерлемемен 8 мың АЕК-ке (31,4 миллион теңгеге) дейін жеңілдікті кредит таратылмақ. Мәселен, 2024 жылы 4,6 млрд теңге сомасына 182 кооператив қаржыландырылды. Былтыр кооперативтерге уақытша пайдалану шартымен 68,6 мың гектар жер учаскесі берілді. Бұл да ауылдықтардың табысын арттыруға бағытталған.
– Президенттің жоғары рентабельді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге баса назар аударып, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру тапсырмасына сәйкес, ауыл халқының экономикалық сауаттылығын арттыру шаралары қабылданып жатыр. «АӨК субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету» бағдарламасы қолға алынды. Ол фермерлердің білімі мен кәсіби дағдыларының деңгейін арттыруға, қазіргі заманғы агротехнологиялар және ағымдағы нарықтық жағдайды ескеріп, саланы дамытудың басым бағыттары туралы хабардар етуге бағытталған, – деді еліміздің бас экономисі.
Ауылдықтарды осы бағдарлама аясында оқыту «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» (ҰАҒБО) базасында өткізіледі. Оның барысында көкөніс және бақша дақылдарын ұтымды өсіру, мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде сиыр, құс, жылқы, ара және балық өсіру, олардың өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалай басқару туралы білім беріледі екен.
Бүгінде ҰАҒБО 29 білімді тарату орталығын (БТО) құрды, онда 100-ден астам сарапшы, ғылым докторлары мен кандидаттары жұмыс істейді. 2024 жылы білім беру іс-шараларын іске асыруға 350 млн теңге бөлінді, бұл мыңнан астам оқыту іс-шараларын өткізуге мүмкіндік берді. 2025 жылы 366 млн теңге қаржы берілмек. Серік Жұманғариннің айтуынша, алдағы уақытта осындай білім беру бастамаларын масштабтау арқылы 2030 жылға қарай жыл сайын 110 мыңнан астам адамды ауыл кәсібіне үйрету көзделген. Ол үшін ҰАҒБО оқу орталықтары желісін 40 БТО-ға дейін кеңейту жоспарланды. Әйтпесе, өз кәсібін ашпаса, ауылда жалдамалы жұмысқа тұратындай жұмыс орны көп емес екені мәлім.
Статистика түзелсе, мін де түзеледі
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, Үкімет халықты жұмыспен қамту жұмыстарын жандандыруға тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, Президент бір жылда 1 миллионға жуық қазақстандықты жұмысқа орналастыру, қолданыстағы сапалы жұмыс орындарының санын 2025 жылы 2,8 миллионға жеткізу жөнінде міндет қойды. Жыл болса, ортасына таяды.
2029 жылға қарай 3,8 млн сапалы жұмыс орны құрылуы қажет. Ұлттық жобалар, Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы, «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», уақытша және тұрақты жұмыспен қамтудың басқа шаралары осы міндетті орындауға жұмылдырылады.
Үкімет «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Оның шеңберінде, әсіресе жас мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру көзделген. Бүгінде колледж бітірген түлектердің 25%-ға жуығы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Үкіметке жаңа жұмыс күші қажет етілетін барлық жобаны қадағалап, жұмыс берушілермен бірге жұмыспен қамтудың цифрлық мониторингі арқылы өзара іс-қимылды жолға қою жүктелді.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев қазіргі күрделі заманда еңбекпен қамту және халық табысын арттыру – бірінші кезекті басымдық саналатынын нықтады. Бұл туралы Президент бірнеше рет айтты.
– Алайда осы басымдықты жүзеге асыруға жауапты министрліктердің әрекеті, сылбыр қимылы салмақты алаңдаушылық туғызады. Жұмыссыздықтың шынайы деңгейін әлі күнге төмендетіп көрсетіп келеді. Бұл еңбек нарығындағы нақты көріністі бұрмалауға, соның кесірінен қате шешім мен тиімсіз еңбекпен қамту бағдарламаларын қабылдауға соқтырды. Проблеманы кешенді шешіп, азаматтардың ұзақ мерзімге жұмысқа орналасуына жағдай жасау орнына шенеуніктер де, әкім-қаралар да бюджет қаражатын, мемлекет ресурстарын уақытша, көзбояу жұмыс орындарын құруға шығындап жатыр, – дейді депутат.
Еуразиялық экономикалық комиссияның хабарлауынша, Қазақстан тіпті ресми тіркелген жұмыссыздарының саны жөнінен Еуразиялық одақтағы барлық елді, Ресейдің өзін басып озды. 2025 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша, Қазақстанда жұмыссыздардың жалпы саны – 333,1 мың адамды, бүкіл Ресейде 283 мың адамды құраған.
Өйткені қазақстандық жауапты шенділер салада өзіне жүктелген міндетті толыққанды орындамаған. 2024 жылы 948 мың қазақстандықты еңбекпен қамту жоспары бекітілсе, іс жүзінде 845 мыңнан астам адам ғана «екі қолға бір күрек» тапқан. Жылдық жоспар тек 89%-ға орындалды. Сол себепті Үкімет басшысы Олжас Бектенов 2025 жылдан бастап, әрбір әкімнің жұмысын тұрғындардың тұрмысын жақсартудың және жұмыспен қамтудың нақты индикаторлары бойынша бағалауды (KPI) енгізді.
Елнұр Бейсенбаевтың пайымдауынша, жұмыспен қамтылғандар қатарына маусымдық жұмысшыларды, қоғамдық жұмыстарда уақытша еңбекпен қамтылғандарды, сондай-ақ тұрақты табысы жоқ 2 миллиондай өзін-өзі жұмыспен қамтушыны да қоса салады. Сондықтан депутат елдегі шынайы жұмыссыздық әлдеқайда жоғары және ең кемі 12%-ға жетеді деп тұспалдады. Себебі 3,5 миллион адам медсақтандырылмаған, 1 миллионнан астам еңбеккердің зейнетақы жинақтары жоқ.
Осыған байланысты «аманаттық» депутаттар Үкіметке ұсыныспен шығып, жұмыссыздық туралы нақты ахуалды білу үшін деректерді жинау мен талдаудың барынша дәл, әділ әдісін әзірлеуді сұрады. «Ауруын жасырған өледі» дейді халық даналығы, нақты симптомдарын білмей, дертті де жазу қиын. Мұның сыртында қалаулылар қазақстандықтарды лайықты жалақысы бар ұзақмерзімді және тұрақты еңбекпен қамтуға бағытталған жаңа кешенді стратегияны енгізуді ұсынды.
Қорыта айтқанда, Үкімет елді еңбекпен қамтуға, табысын арттыруға шындап кіріскен сыңайда. Осы мақсатта ел 5 макроөңірге бөлінді – Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық. Осы әрбір макроөңірдің еңбек нарығындағы сұраныс, демографиялық және инфрақұрылымдық ерекшеліктері ескеріледі, әрқайсысы үшін тұрғынын табысқа кенелтер басымдықты экономикалық салалары мен даму бағыттары анықталды. Бұдан не шыққанын уақыт пен тәжірибе көрсетеді.
Елдос Сенбай