Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, осы мерзім аралығындағы НКИ өсімі 4,3 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13,7%-ға артқан. Инвестицияның бұл түрі – елдің экономикалық дамуындағы маңызды индикаторлардың бірі. Өйткені осы арқылы қай өңір немесе сала ілгерілеп келе жатқанын, ал қайсысы артта қалғанын бағамдауға болады.
Ресми статистикаға сүйенсек, биыл негізгі капиталға бағытталған қаржының басым бөлігі – 67,5%-ы ғимараттар мен құрылыстарды салу және күрделі жөндеуге жұмсалған. Ал 27,6%-ы машиналар, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алуға кеткен. Бұл құрылым техникалық жаңғыртудан гөрі құрылыс жұмыстарының басым екенін көрсетеді. Инвестицияның құрылымы, яғни техникалық жабдықтарға емес, ғимарат салуға көбірек қаржы жұмсалуы, елдің технологиялық жаңару деңгейінің әлі де төмен екенін аңғартады.
Ал қаржыландыру көздері арасында ең ірі үлес – 66,2%-ы кәсіпорындардың меншікті қаражаттары. Мемлекеттік бюджеттің үлесі 22,1%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Бұл – мемлекеттің инвестициялық процеске белсенді қатысып отырғанының айғағы. Ал банктік несиелердің үлесі небәрі 3,5%-ы ғана болған, оның ішінде шетелдік банктерден алынған несие – 0,2%. Қалған 8,2% өзге де қарыз қаражаттарынан құралған.
Жекеменшік сектор белсенділігі жоғары болғанымен, банктік қаржыландырудың әлсіздігі инвестициялық нарықтың әлі де даму қажеттілігін көрсетеді. Мемлекеттік бюджет есебінен салынған инвестициялардың үлесі өскенімен, бұл ұзақмерзімді тұрақты даму үшін жеке сектордың рөлін күшейту қажеттігін жоққа шығармайды.
Салалық бөліністе инвестициялардың 39,5%-ы өнеркәсіп саласына бағытталған. Оның ішінде кен өндіру – 18,7%, өңдеу өнеркәсібі – 12,7%, электрмен және сумен жабдықтау салалары 4,9% және 3,2% құраған. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға – 20,9%, көлік пен қоймалауға – 13,2%, білім беру саласына – 9,7%, ауыл, орман және балық шаруашылығына – 3,8% инвестиция тартылған. Қалған инвестициялар сауда, байланыс, қаржы, денсаулық сақтау және өзге де қызмет көрсету салаларына бөлінген.
Аймақтық бөліністе инвестициялық өсім Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстары мен Шымкент, Алматы, Астана қалаларында айқын байқалды. Мәселен, Жамбыл облысында инвестиция көлемі 66,8%-ға, Жетісуда – 63,8%-ға, Түркістанда – 55,7%-ға, ал Шымкентте 54%-ға өскен. Алайда кейбір өңірлерде, керісінше, күрт төмендеу тіркелген: Атырау облысында инвестициялар көлемі 40,4%-ға, Ұлытау облысында – 29,3%-ға, Солтүстік Қазақстанда 9,9%-ға азайған.
Ал ел аумағындағы инвестициялардың ең үлкен үлесі Алматы (12,4%) мен Астана (11,6%) қалаларына тиесілі. Жалпы күрделі салымдардың жартысына жуығын ірі және орта кәсіпорындар жүзеге асырған. Шағын бизнес те белсенділік танытып отыр: 2025 жылы олардың инвестициялары 2,4 трлн теңгеден асып, барлық инвестиция көлемінің 54%-ын құраған. Бұл олардың санының көптігімен, икемділігімен және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаумен байланысты. Сонымен қатар ірі кәсіпорындардың инвестиция көлемі 2024 жылмен салыстырғанда аздап төмендеген.
Дегенмен Halyk Finance сараптама орталығының мамандары мемлекеттік шығындар мен жеке құрылыс салушылардың қаражатын есепке алмағанда, инвестициялар 2,6%-ға төмендегенін айтады. Бұл теріс динамика екінші жыл қатарынан байқалуда, және экономиканың ұзақмерзімді тұрақты дамуына қауіп төндіреді. Сонымен қатар өнеркәсіптегі инвестиция көлемі 2,5%-ға азайған.
«Құрылыс саласында өткен жылғы жоғары өсімнен кейін (+63,3%) биылғы жылы 14,2%-ға төмендеу тіркелді. Өнеркәсіптегі НКИ төмендеуі, ең алдымен, тау-кен өндіру саласындағы инвестициялардың қысқаруымен байланысты, бұл сала өнеркәсіптегі жалпы инвестиция көлемінің 47,4%-ын құрайды», – дейді орталық сарапшысы Салтанат Игенбекова.
Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткіші – экономиканың тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін технологиялық жаңару мен еңбек өнімділігін арттыру тұрғысынан маңызды.
«Мемлекеттік қаржыландырудың үлесі әлі де жоғары. Бұл 2024 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,6 есе өскен (сол кезде үлесі 10,0% болған). Ал кәсіпорындардың меншікті қаражатының үлесі 76,3%-дан 66,2%-ға дейін азайған. Дегенмен кәсіпорындардың меншікті қаражаттары құрамында квазимемлекеттік сектор қаражаты бар екенін ескерген жөн.
Сонымен бірге қарыз қаражат есебінен қаржыландыру да төмен деңгейде, сақталуда, бұл инвестициялардың ауқымы мен өсу қарқынына кері әсерін тигізуде», – дейді ол.
Маманның сөзіне сүйенсек, инвестициялық саладағы қазіргі үрдістер жеке кәсіпкерлікті дамыту мен жоғары өнімді секторларға инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл – экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Ел экономикасының ілгерілеуіне негізгі капиталдан бөлек, тікелей шетелдік инвестициялардың да маңызы зор. Дегенмен соңғы уақытта бұл бағытта да ауқымды өзгерістер жоқ емес. Мәселен, Ресей Қазақстанға инвестиция көлемін арттырып жатса, АҚШ үлесі керісінше кеміп келеді. Мысалы, Freedom Finance Global қаржы компаниясының сарапшысы Аңсар Әбуовтің айтуынша, соңғы бес жыл ішінде Нидерланд елі Қазақстанға ең көп инвестиция салған ел болып қала бермек – 30,3 млрд доллар. Екінші орында – Ресей (11,7 млрд доллар), ал инвестициялық белсенділігі төмендесе де, әзірге АҚШ – үшінші орында (10,3 млрд доллар).
«2023 жылы АҚШ-тан тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемі 80%-ға жуық төмендеп, 2024 жылы 870 млн доллар көлемінде таза капитал кетуі тіркелді. Керісінше, Ресейдің қазақстандық нарыққа қатысуы күшеюде: 2023 жылы бұл елдің инвестициялары 2022 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Бұл қаражаттың ең көп бағытталған саласы – тау-кен өндіру секторы, 2024 жылы ол 6,4 млрд доллар инвестиция тартқан. Соңғы жылдардағы үрдіс Қазақстан экономикасының әртараптанып келе жатқанын көрсетеді: былтыр 17 млрд доллардан астам ТШИ түрлі салаларға бөлінді», – деп атап өтті ол.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, сыртқы инвестициялардың көп бөлігі шикізаттық емес секторларға бағытталуда: автокөлік саудасы мен жөндеу ($5,3 млрд), өңдеу өнеркәсібі, телекоммуникация және қаржы қызметтері. Әсіресе, бөлшек және көтерме сауда саласы ерекше көзге түсуде – бұл ішкі нарықтың жандануын және халықаралық ритейлерлердің қызығушылығын білдіреді. Сондай-ақ елімізде инвестициялық климатты жақсарту бағытында нақты қадамдар жасап жатқанын да көруге болады. Мысалы, реттеуші рәсімдер жеңілдетілуде, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілуде. Демек, экономиканың басты индикаторы болып табылатын инвестицияның қай саласында да алға ілгерілеу бар. Дегенмен нарықтың басты талабы – мемлекеттің үлесі кеміп, кәсіп иелерінің өзі басты катализаторға айналуы қажет.
Кәмила ДҮЙСЕН