– Әлем чемпионатындағы қола жүлдеңізбен құттықтаймыз! Жарыс сіз үшін қалай өтті?
– Рақмет! Бұл жарыс мен үшін өте тартысты әрі жауапты сын болды. Париждегі Паралимпиададан кейін сәл үзіліс алған едім. Сол демалыстан кейінгі алғашқы үлкен жарысым осы Әлем чемпионаты болды. Шынымды айтсам, жаңа салмаққа ауысып қатысқан алғашқы бәсекем де – осы. Сондықтан әр белдесу мен үшін үлкен тәжірибе алаңы десек те болады.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кілем үстіндегі әр секунд, әр қимыл – көп нәрсені үйретті. Үлкен салмақтың жауапкершілігі мен айырмашылығын кеше ғана сезінгендеймін. Қарсыластарымның бәрі мықты, бұл салмақта жылдамдықпен қатар үлкен күш пен төзімділік те қажет.
Әлем чемпионатында қол жеткізген қола медаль – мен үшін бастама ғана. Тоқмейілсуге әлі ерте. Бұл нәтиже – болашақтағы үлкен жетістіктерге жасалған алғашқы қадам. Ендігі мақсатым – күш пен техниканы одан әрі жетілдіру. Алдағы уақыттарда бұл бағыттарға баса мән беріп, жаңа биіктерді бағындыруға тырысамын.
– Чемпионаттағы ең қиын белдесу сәті есіңізде ме?
– Нақты айтар болсам, бұл жарыстағы ең күрделі белдесу – екінші айналымда Франция спортшысымен өткен кездесу. Бірінші белдесуім қарсыласымның жарысқа шықпауына байланысты өтпей қалды. Ал екінші айналымда тәжірибелі француз палуанымен татамиге шықтым. Ол техникалық тұрғыдан өте мықты, салмақты басқара алатын спортшы екен.
Әрине, жарысқа үзілістен кейін келген мен үшін бірден қарқын алып кету оңай болмады. Осы белдесу үлкен сабақ болды. Жеңіліс – жеңістің басы дейді ғой, осы тұста өзіме не жетіспейтінін, қай бағытта жұмыс істеу керек екенін айқын түсіндім. Бұл белдесу мені шыңдады десем артық айтқаным емес.
– Бұл жеңіске жету үшін қанша уақыт және қандай дайындықтан өттіңіз?
– Әлем чемпионатына ұзақ үзілістен кейін тыңғылықты дайындалдым. Бұл жолғы жаттығу процесі ерекше жүйелі әрі жоспарлы өтті. Жеке өзім ғана емес, ұлттық құрама болып, барлығымыз бұл жарысқа үлкен жауапкершілікпен қарадық.
Нақтырақ айтқанда, жарыс қарсаңында үш оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Әр жиынның өз мақсаты, өз салмағы болды – бірінде физикалық дайындыққа басымдық берсек, келесісінде техникалық әрі тактикалық тұстарды жетілдірдік. Сонымен қатар тәжірибе жинау мақсатында Германияда өткен ашық турнирге, кішігірім Гран-при жарыстарына қатыстық.
– Парадзюдо спортына қалай келдіңіз? Бұл жолда кімдер қолдау көрсетті?
– Парадзюдомен айналысып жүргеніме көзді ашып-жұмғандай он жыл болып қалыпты. Бала күнімнен күреске ерекше қызығушылығым болды, спорт залда өскен ұлдардың бірімін десем де болады. Алайда жасөспірім кезімде көз жанарым әлсіреп, спорттан алшақтап кетуге тура келді. Себебі ол кезде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дзюдо бар екенін мүлде білмейтінмін.
2015 жылы тағдырымның жаңа парағы ашылды. Сол жылы парадзюдо спортын алғаш таныстырып, қолымнан жетелеп, осы жолға бағыт берген жан – алғашқы бапкерім Жандос Тыңғышбаев аға болды. Сол кісінің сенімі мен еңбегінің арқасында қайтадан татамиге оралып, бүгінгі жетістіктерге жетіп отырмын.
– Жалпы парадзюдоның ерекшелігі неде?
– Менің ойымша, әр адам өз ісін шын жүрегімен жақсы көруі керек. Сонда ғана ол істің шынайы мәнін түсінеді. Мен үшін сол сүйікті іс – күрес. Алғашында қарапайым күреспен айналыстым. Кейін тағдыр мені парадзюдоға алып келді. Қазір осы спорттың ерекше бір түрі – парадзюдо менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.
Парадзюдоның ең үлкен ерекшелігі – мұнда тек күш пен шеберлік емес, төзім мен жүректегі от сынға түседі. Қарсыласты жағасынан ұстап, иықтан тартып, әр қимылды есеппен жасау қажет. Татамиде әрбір сәт шешуші болуы мүмкін – қателесуге жол жоқ. Бұл жерде тек техника емес, жан дүниең де күресіп тұрады.
Қазақта «жағаласпай жан қалмайды» дейді ғой. Біз де сол татамиде жан алып, жан беріп күресіп жүрміз. Күрестің шаңын шығарып, әр белдесуде ел намысын абыроймен қорғауға тырысып келемін. Бұл – менің өмір жолым ғана емес, жүрекпен қабылдаған миссиям дер едім.
– Сіздің өмір жолыңызға негізделген «Өмір сәулесі» атты қысқаметражды фильм жарық көргенін білеміз. Фильм біраз адамға жігер, мотивация берді десек те болады. Ал сіз мотивацияны қайдан аласыз?
– Шыны керек, адам таңертең көзіңді ашып, аман-есен бір күнге аяқ басқанының өзі – үлкен шүкіршілік пен мотивация. Қарапайым дүниелердің қадірін білу – мен үшін күш-қуаттың басты көзі. Одан бөлек, әрине, мені үнемі демеп, қолдап отыратын анам мен отбасымның ықыласы алға жетелейді. Олар сенген сайын мен де өзіме деген сенімімді жоғалтпаймын.
– Болашақта қандай мақсаттар мен жоспарлар бар?
– Менің ең басты мақсатым – Лос-Анджелес Олимпиадасында жеңіс тұғырынан көк Туымызды желбірету. Бұл – жай ғана арман емес, мен күн сайын соған қарай қадам басып келе жатқан нақты мақсат. Әр жаттығу, әр жарыс, әр белдесу – сол арманға апарар баспалдақ.
Оған дейін, әрине, алда талай халықаралық, құрлықаралық додалар бар. Солардың бәрінен алтын жүлдемен оралып, елімнің намысын қорғау – менің басты парызым. Тек жеке жетістік үшін емес, маған сеніп жүрген жанкүйерлерім, отбасым және парадзюдо спортына енді ғана келіп жатқан жастар үшін де жеңіске жеткім келеді.
– Жас спортшыларға, сізден үлгі алғысы келетін жандарға не айтасыз?
– Ең алдымен, спорт жолында жүрген барлық жастарға сәттілік тілеймін. Бұл жол – оңай жол емес. Мұнда табысқа тек төзім, еңбек, тәртіп пен табандылық арқылы ғана жетуге болады.
Спорт – жай ғана дене еңбегі емес, бұл – мінезді, жігерді, адамдықты шыңдайтын өмір мектебі. Сондықтан әрбір жасқа айтарым – бос уақытты тиімді пайдаланыңыздар, ерінбей еңбек етіңіздер. Қиындықтардан қорықпаңыздар, өйткені әр қиындықтың артында үлкен жетістік тұрады.
– Жеңісіңізді кімге арнайсыз?
– Шыны керек, бұл жеңіс – тек менің емес. Бұл – Қазақстан ұлттық құрама командасының, мені қолдаған барша бапкерлер мен жанкүйерлердің, және ең бастысы – бүкіл Қазақ елінің жеңісі деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Әсет ҚАЛИ