Түбі бір түркі жұртының ынтымақтастығы күн санап артып келеді. Жаһандағы геосаяси ахуал сәт санап құбылған қазіргі турбулентті заманда береке-бірлік пен серіктестікті, бейбітшілікті ту еткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті сөз басындағы тұжырымға нақты дәлел болса керек. Көне Будапешт шаһарында өткен саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Түркі тұтастығы – жасампаздық бастауы
424
оқылды

Шығыс пен Батысты тоғыстырған саммит

Жиында  сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйы­мының бейресми саммитін көне Бу­дапешт шаһарында өте жоғары дең­гейде ұйымдастырғаны үшін Мажар­станның Премьер-министрі Виктор Ор­банға ризашы­лы­ғын білдірді.

– Бүгінгі алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз ма­жар жұрты­ның қарт құрлықта тұ­ғыр­лы мемлекет болып отыр­­ға­нына дән ризамыз. Бүгін бәрімізді түбі бір түр­кі бауырларым деп құшақ жая қар­сы алып жатсыз­дар. Мұны, шын мәнінде, мыз­ғы­мас достығы­мыз­дың айқын көрінісі деп са­­наймын. Біз ын­тымағы жарасқан елде­рі­міз­дің бірлігін бекемдеп, та­мыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлық­тап келеміз, – де­ді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» атауымен ұйымдас­тырыл­ған саммит алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүд­десіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай келе­ді. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Ұйым ая­сын­­дағы ынтымақтастықтың мәні тіпті артты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев түркі жұртының та­тулығы мен өзара байланысын нығайту, тұтас­тығын бекемдей түсу мақсатында Қазақстан қа­был­даған кешенді шараларға тоқталды.

– Атап айтсақ, Түркі мемлекеттері ұйымының жа­нындағы Қазақстанның Тұрақты өкілін та­ғайындады. Көп ұзамай Тұрақты өкілдік ашуды жос­парлап отырмыз. Астанада 11-12 маусым күн­дері Түркі мемлекеттері Парламенттік Ас­сам­блеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы ре­тінде жарияланды. Осы мәртебелі міндетті жо­ғары деңгейде атқару үшін нақты іс-шаралар қол­ға алынды. Қазақстанның бастамасымен өт­кен аптада Орталық сайлау органдарының кон­сультативтік платформасы құрылды. Оның ал­ғашқы отырысы киелі Түркістан қаласында та­бысты өтті. Ортақ келісім бойынша биыл маусым айы­нан бастап Алматы қаласы «Түркі мем­ле­кет­тері ұйымының жастар астанасы» атанады. Осы­лайша, біз түркі бірлігін нығайтамыз, – деді Президент.

Тәртіп пен ережені сақтау – өзекті мәселе

Мемлекет басшысы  саммитте сөйлеген сө­зін­де Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өзара қол жеткізген  келісімдерді сақтауы маңыз­ды екеніне тоқталды. 

– Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі бол­сын, саяси және экономика сұрақтары бол­сын – келісімдердің ережелерінің барлығын құр­меттеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына назар аударды. Президент мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатер тудырумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын алға тартып, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруа­шылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет ретінде атады. Бұл ретте Президент еліміз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы орайда  Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамытуға шақырды. Аталған жоба түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайтады.

Президент мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру ісінде Ұйымның әлеуетін пайдалану қажет екеніне назар аударды. Осы ретте Қазақстаннан Еуропа бағытында мұнай жеткізуді арттыру жобасын қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

Саудада береке бар

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта халықаралық сарапшылар Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасын талқылап жүргенін атап өтіп, мұндай жобалар өте ауқымды және трансұлттық деңгейдегі ықпалдастықты талап ететінін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Биыл еліміз Каспий теңізі арқылы оптикалық-талшықты кабель тарту жобасын жүзеге асыра бастады. Соның нәтижесінде аймақтағы цифрлық байланыс нығая түседі.

– Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай, сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын, – деді Президент.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса мән берілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде жиіле­ген табиғат апаттарына қарсы тұру үшін күш жұмылдыру мәселесі аса өзекті. Мәселен, соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі айтарлықтай төмендеп кетті. Бұл жағдай аймақтың экологиясы мен экономикасына, халықтың әл-ауқатына кері әсерін ти­гізу­де. Президент түркі елдерін осыған қатысты бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ жобалар әзірлеуге үндеді.

Қазақстан – түркі ынтымақтастығының көшбасшысы

Жалпы,  Түркі ынтымақтастығы ұйымының жұмысы соңғы жылдары  қарқын ала түсті. Ресми жиындардан бөлек, жыл сайын бейресми саммит өтеді. Қазақстан 2024 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына  төрағалық жасаған болатын. «TURKTIME!» ұранын көтерген еліміз  ұйымға төрағалық еткен жылда 80-нен астам іс-шара өткізген. Соның ішінде Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Әрі барлық бағытта да ынтымақтастықты  күшейтуге мүдделі екенін байқатып келеді.  

Жыл басында Аna tili газетінде жарық көрген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды» деген еді. Осылайша,  түркі әлемімен өзара серіктестік пен ынтымақтастық Қазақстан сыртқы саясатындағы  басым бағыттардың бірі екенін  ұдайы еске салып келеді.

Расында,  түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы саналатын Қазақстан  бауырлар арасындағы ынтымақтастықты  ешқашан назардан шығарған емес әрі ұйымның бастауында тұрды. Қазақстанның көптеген бастамасының  нәтижесінде ұйымға мүше елдердің табысы артып келеді. Будапештегі саммитте Қ.Тоқаев  былтыр Қазақстанның тек ТМҰ-ға мүше елдермен ортақ сауда айналымы 11,4 млрд долларға жеткенін айтса, 2024 жылы ұйымға мүше мемлекеттердің  өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты. Биыл бұл көрсеткіш 57 млрд долларға жақындаған жайы бар. Ұйым ішкі жалпы өнімнің ортақ көрсеткіші бойынша  әлемде 12-орынға шығып, мүше елдердің біріккен сыртқы тауар айналымы 850 млрд долларды құраған.  Ал ТМҰ-ға мүше елдердің біріккен ішкі жалпы өнім  көлемі 2,1 трлн долларға жеткен.  Әрі  ұйымға мүше елдердің көбі  «Орта дәліз» немесе Транскаспий  халықаралық көлік дәлізі  жобасы жүзеге асырылып жатқан аймақта орналасқан. Сондықтан ТМҰ әлемдік  деңгейдегі көлік-транзиттік, сауда-саттық, технология трансферті,  ғылымды дамыту жобаларында  маңызды  рөл ойнайтын деңгейдегі құрылым. Сонымен қатар ұйым жұмысының жетіле беруі аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке де  өз әсерін тигізеді. ТМҰ-ға мүше елдердің бірқатары «орта держава» статусына лайық екенін ескерсек, құрылым жұмысының жетілуі БҰҰ сияқты  халықаралық ұйымдардың қызметіне де оң ықпал етері сөзсіз. Ал ұйым тарихында алғаш рет Мажар жерінде  ұйымдастырылған бейресми саммитте көтерілген  мәселелер ТМҰ қызметінің жаңа белесі  болмақ.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешт декларациясын, Мемлекеттер басшылары кеңесінің Ауғанстан жөніндегі мәлімдемесін, «Өзбекстан Рес­публикасын Түркі мәдениеті және мұрасы қорына қосу туралы» шешімді, «Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының өкілеттілік мерзімін ұзарту туралы» шешімді бірауыздан қабылдады. Саммитте Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.

Ардақ СҰЛТАН