Шерзат ісі: күдікті Тоқтаубаев мінген көліктен қандай айғақ табылғаны белгілі болды

Шерзат ісі: күдікті Тоқтаубаев мінген көліктен қандай айғақ табылғаны белгілі болды
Бұл туралы тергеушінің айғақ материалымен танысқан мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай айтты.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесінде маңызды айғақтар жарияланды, – дейді Aikyn.kz сайты. 

Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сот отырысында күдікті Нұрбол Тоқтаубаев мініп келген Volkswagen Golf көлігіне жүргізілген тексеру хаттамасын оқып берді.

Марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев тергеу кезінде бұл көлік оқиға орнында болғанын растаған еді. Прокурор көліктің түрлі зақым алғанын айтты.

– Көліктің алдыңғы терезесінде сынған және тесілген іздер бар. Артқы терезеде де тесілген жерлер байқалды. Ал салонын қарап тексеру кезінде алдыңғы сол жақ орыннан үлкен пішінді тас табылды, – деді прокурор.

Бұл тас айғақ ретінде тәркіленген. Бұған қоса, көліктің жүк салғышынан тағы екі тас алынған. Сол жерде сабы қоңыр, ағаштан жасалған асүй пышағы да болған. Ол да айғақ ретінде тіркеліп отыр.

Тағы бір назар аударарлық жайт – көлік қобдишасынан Жантөре Байтұрсынның атына берілген психобелсенді зат қолдану және мас болу дерегі бойынша медициналық куәландыру қорытындысы табылған.

– Бұл құжат та іс материалдарына айғақ ретінде енгізілді, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Айта кетейік, Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесі қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Сот барысында келтірілген әрбір дерек пен айғақ істің мән-жайын анықтауға, кінәлілерді әділ жазалауға негіз болуы мүмкін.