Ауылға жұмыс істеуге барған мамандарға төленетін қаржы дәрігерлерге уақытылы төленбей отыр.
Ауылға жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 8,5 миллион теңге төленбеген
Фото: istockphoto.com
820
оқылды

Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT»  партиясының мүшесі Нұртай Сабильянов Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, мәселе көтерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Депутаттың айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген аса тапшы медициналық мамандықтар бойынша медицина қызметкерлеріне ең төмен жалақының бір жүз еселенген мөлшерінде (8,5 млн теңге) біржолғы ақшалай төлем төлеу қарастырылған.

Алайда 2024 жылы 17 облыстың 6-ында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге барған медицина қызметкерлеріне біржолғы ақшалай төлем төленбеген. 

Жоғарыда аталған Заңға сәйкес, облыс, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі ауылдық елді мекендердегі аса тапшы медициналық мамандықтарды айқындайды.

Бірақ Абай облысында осы уақытқа дейін бұл аса тапшы медициналық мамандықтар айқындалмаған. Осы себептен облыс бойынша ауылдық жерге жұмыс істеуге барған дәрігерлерге 8,5 млн теңге қаражат берілмеген. 

Мысалы, Абай облысы Аягөз ауданының Өркен ауылына жұмыс істеуге барған «жалпы тәжірибелік дәрігер» маманы Айжан Алпысбайқызы ең төмен жалақының бір жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемге қол жеткізе алмаған. Министрліктің ақпаратына сәйкес, 9 облыста «жалпы тәжірибелік дәрігер» маманы аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесіне енгізілген, ал қалған 7 облыста бұл мамандық енгізілмеген.

Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы (2023 жылғы 30 наурыздағы № 49) бұйрығына сәйкес, медицина мамандары халық санына сәйкес ұйымдастырылады. Онда:  жалпы тәжірибелік дәрігер халықтың 1 700 адамына 1 лауазым (ересектер мен балалар); дәрігер терапевт  ересек халықтың 2 200 адамына 1 лауазым бекітілген.

Көптеген ауылдық елді мекендерде халық саны аз болғандықтан, ол жерлерде тек бір ғана дәрігер жұмыс істейді. Аталған тізбеге «жалпы тәжірибелік дәрігерлер», «дәрігер терапевт мамандары енгізілмесе, ауылдық елді мекендердегі дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесі шешілмейді. 

Жоғарыда айтылған мәселелерді: 

1. Ауылдық елді мекендер үшін аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесіне «жалпы тәжірибелік дәрігер», «дәрігер терапевт» мамандарын енгізуді;

2. Абай облысы бойынша аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесін шұғыл түрде бекітуді;

3. Кемінде бес жыл мерзімге ауылдық жерге жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлеріне ең төмен жалақының бір жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем төлеуді қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды және шешуді сұраймын.