2025 жылғы 20 мамырда Қарағанды қаласының орталық саябағында «Жасыл мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатқа және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мақсатында танымдық, шығармашылық және тәжірибелік іс-шаралардан тұратын «ЭкоFEST» фестивалі өтті.
Экологиялық фестивальге Қарағанды қаласының «Жасыл мектеп» жобасының пилоттық мектептері №12 ЖББМ, №33 мектеп-бөбекжай кешені, Абай атындағы мектеп-гимназиясы оқушылары мен педагогтері қатысты. «ECO Network» ЖШС басшысы және негізін қалаушы Е.В Мухамеджанов шараның шымылдығын ашып, қатысушыларға «Жасыл мектеп» жобасы бойынша жыл бойы жасалған жұмыстар мен олардың нәтижелері туралы ақпарат берді.
Экологиялық шеберханада «Қайта өңделген заттан жасалған қолөнер» көрермен назарына ұсынылды және «Гүл өссе – жердің көркі» деген атаумен бөлме өсімдігін отырғызу бойынша шеберлік сағаты өткізілді. «Қалдықтан өнер туындысына» деген атаумен қалдықтан өңделіп жасалған бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар фестиваль аясында оқушылар табиғаттың ерекше тұстары бейнелей отырып, сурет салды. Оқушылар арасында «Жануарды табиғаты бойынша табыңыз» деген экологиялық ойын және әртүрлі дидактикалық тапсырмалары бар ойындар, экологиялық квест өткізілді.
Фестивальдің соңында іс-шараға белсенді қатысқан командалар марапатталды. «ECO Network» ЖШС негізін қалаушы Е.В Мухамеджанов белсенділік танытқан командаларға естелік сыйлықтар, ал мектептерге үстел сыйға тарту етті. Айта кету керек, сыйлықтар жыл бойы білім алушылардың өздері жинаған қақпақтарын қайта өңдеу арқылы жасалған.