Республикалық маңызы бар автожолдарда, әсіресе ашық далалы және жазық аймақтарда көлікпен жүрген кезде абай болу керек. Өйткені жолға жабайы жануарлар, әсіресе, киіктер кенеттен шығып қалуы мүмкін. Көктем мен күз мезгілінде киіктер топталып қоныс аударады. Сондай кездерде олар жол үстімен өтетін жағдайлар жиі кездеседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осы ретте «ҚазАвтожол» қауіпті жағдайлар мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін мынадай ережелерді сақтауға кеңес береді:
- «Жабайы жануарлар» белгісі тұрған жерлерде жылдамдықты азайтыңыз. Бұл әсіресе түнгі уақытта маңызды, өйткені қараңғыда жануарларды дер кезінде байқап үлгеру қиын.
- Таңғы және кешкі мезгілде барынша мұқият болыңыз. Дәл осы уақытта жануарлар жол бойында жиі көрінеді – бұл олардың белсенді қозғалатын кезі.
- Жол бойынан жануарлар тобын байқасаңыз: дыбыстық сигнал бермеңіз, оларды айналып өтпеңіз, жол шетіне тоқтап, олардың өтіп кеткенін күтіңіз.
- Көліктен түспеңіз. Киіктер үркек келеді. Кенеттен қозғалып, жол апатына себеп болуы мүмкін.
- Егер жол жиегінде торлар зақымданып жатса немесе жануарлардың жаппай жиналғанын байқасаңыз – тиісті қызметтерге дереу хабарлаңыз.
Есіңізде болсын: республикалық маңызы бар жолдардың бойында арнайы қоршаулар мен ескерту белгілері орнатылады. Бірақ көктем мен күздегі көшу маусымында бұл қорғаныс құрылымдары зақымдалып қалуы мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.