Ұлттық олимпиадалық комитеттің ақпаратынша, аталмыш шара бүкіл Қазақстанды қамтиды. Ал, биылғы жылдың финалдық кезеңі Астана, Алматы және Талдықорғанда ұйымдастырылып, түрлі өңірлерден келген жас спортшыларды біріктірді.
Ұлттық мектеп лигасының бағдарламасына бірнеше спорт түрі кіреді. Олар: үстел теннисі, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, футзал, жеңіл атлетика, гандбол, асық ату, шахматы және футбол.
Бұл республикалық спорттық шараға 5-11-сынып оқушылары қатысады. Бұл жас ұрпақтың спорттық қабілетін дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасайды. Жалпы, лиганың барлық кезеңіне 2 миллионнан астам оқушы қатысқан.
Биылғы жылы лига Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар аясында өткізілуде. Ұлттық олимпиадалық комитет бұл жобаның серіктесі ретінде жастарды спортқа тартуға бағытталған бастамаларды қолдап отыр.
Астанада волейбол, баскетбол және үстел теннисі бойынша Лига жеңімпаздары анықталды. Ал гандбол, асық ату және басқа жас санаттары арасындағы волейбол жарыстары әлі де жалғасуда.
Мектеп лигасынан бөлек, Олимпиада күні аясында су добынан, ашық суда жүзуден және триатлоннан жарыстар өтеді.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.