Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттерге стипендия мөлшері ұлғайтылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған студенттерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.
«Соңғы 5 жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өсті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінді. Сонымен қатар биылғы жылы 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясының өлшемі өседі. Бакалавриат үшін стипендияның өлшемі 52 372 теңге, магистратурада 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңгені құрайтын болады. Яғни, биыл бакалавриат деңгейінде стипендия көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура және докторантура деңгейінде 1,75 есеге артады», – деп атап өтті вице-министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі Заң қабылданды, ол азаматтардың жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз етудің қосымша тетігі болады және қолданыстағы қолдау шараларын біріктіреді. Бүгінгі таңда ашылған шоттар саны 102 мың салымды құрады.
Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылы 82 500-ден 2024 жылы 14 873-ке дейін азайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жатақханаларда орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті формат бойынша ұсынылады.
Сонымен қатар, 2025 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарында 177 мыңнан астам түлек оқуын аяқтайды деген вице-министр Үкімет отырысында еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы туралы баяндады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикада 122 жоғары оқу орны, оның ішінде 10 зерттеу жоғары оқу орны және 23 филиал жұмыс істейді.2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 624,5 мыңы бакалавриатта, 39,2 мыңы магистратурада, 7,6 мыңы докторантурада және 8,9 мыңы резидентурада білім алуда.Түлектердің ең көп саны келесі бағыттар бойынша:педагогикалық мамандықтар – 48,4 мың студент;бизнес, басқару және құқық – 24,6 мың.;инженерлік ғылымдар – 24,3 мың.;ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 13,4 мың.;денсаулық сақтау – 10,3 мың.;ауыл шаруашылығы –1,8 мың.
Бұл ретте, Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегі бойынша еліміздің жоғары оқу орындарында бүгінде 31,5 мың шетелдік студент оқиды. Алғаш рет Азиядан келген студенттердің саны ТМД елдерінен келген студенттердің санынан асып түсті, Азия елдерінен – 17 456 адам болса, ал ТМД елдерінен – 12 816 адам. Биылғы түлектердің саны 177 586 адамды құрайды. Студенттерді жұмыспен қамту аясында елімізде 30 мыңнан астам студентті қамтитын «Жасыл ел» жобалары мен құрылыс отрядтары іске асырылуда. Сондай-ақ 140 мыңға жуық студентті қамтитын оқу және өндірістік практика жүзеге асырылады. Кәсіптік тәжірибеден өту кезінде білім алушы белгілі бір еңбек міндеттерін орындайды, олар білім алушының еңбек өтіліне есептеледі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.