Алматы қаласындағы Нархоз университетінде «Цифрлық трансформация: құқық, басқару және халықаралық қатынастар салаларында жасанды интеллект пен үлкен деректердің рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара аясында Жапония, Польша, Дания, Түркия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінен мемлекеттік билік өкілдері, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес құрылымдар мен академиялық орта мамандары бас қосты.
Конференция Біріккен Ұлттар Ұйымының №16 Тұрақты даму мақсаты – «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» аясында және «Үлкен деректердің құқықтық режимін реттеу мәселелері: ұлттық және халықаралық тәжірибе» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты — цифрлық дәуірдегі құқық, мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар салаларындағы трансформациялық процестерді ғылыми негізде сараптау, жасанды интеллект пен Big Data-ның ықпалын талқылау.
Пленарлық отырысқа Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, ҚР Конституциялық Сотының судьясы Еркін Оңғарбаев және Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет қатысып, конференцияның мәні мен маңызын атап өтті. Олар цифрлық құқық саласында халықаралық ынтымақтастықтың қажеттілігіне тоқталды.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі Бақытжан Жарылқасынұлы өз сөзінде: «Жасанды интеллектің қолданысы қоғамдағы гуманитарлық өзгерістерді жеделдетуге көмектеседі. Үлкен деректер ғаламдық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бірақ басты мәселе жылдамдықтың ауқымдылығы мен күрделілігінде», – деп атап өтті.
Токио халықаралық университетінің профессоры Кристофер Ламонт жасанды интеллектің дипломатиядағы қолданысына арналған баяндамада жасанды интеллект қазірдің өзінде қақтығыстарды реттеуде, спутниктік бақылауда, әлеуметтік желілердегі белсенділікті талдауда қолданылып жатқанын айтты. Бұл дағдарыс жағдайларында шешім қабылдауды жеделдетеді. Профессор К. Ламонттың баяндауынша, «Адамның миы ақпарат көлеміне төтеп бере алмаған жағдайда жасанды интеллект ең күрделі міндеттерді жылдам шешуге қабілетті». Бұл жай құрал ғана емес, халықаралық қатынастар мен ішкі саясаттағы ойын ережесін өзгертетін фактор.
Келесі спикер академик Алмаз Шарман жасанды интеллектің адам өміріне ықпалын кеңінен түсіндіріп өтті. Ол өз сөзінде ЖИ-дің қазіргі уақытта қарқынды дамып жатқанын, әсіресе медицина саласында үлкен мүмкіндіктер ашып отырғанын атап өтті. Мәселен, күрделі диагноз қою, жеке емдеу жоспарын әзірлеу, созылмалы аурулардың алдын алу және пациенттермен қашықтан жұмыс істеу сынды бағыттарда ЖИ технологияларын тиімді пайдалануға болады. Оның айтуынша, мұндай жаңашылдықтар денсаулық сақтау жүйесін қолжетімді әрі сапалы етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде ғалымдар жасанды интеллекті атом қаруымен салыстырады: «Жасанды интеллект атом қаруына ұқсас — адамзаттың болашағына ықпал ететін күш. Бірақ атом бомбасына қарағанда жасанды интеллект технологиясы әркімге қолжетімді». Осыған байланысты реттеу және этика мәселелеріне жедел әрі жүйелі назар аудару қажет. Жасанды интеллект медицинада революция жасауда. Бұрын ондаған жылдар кететін нәтижелерге бірнеше күнде қол жеткізуге мүмкіндік берді. Дегенмен, адамдардың белсендігінің төмендеуі мен психологиялық тәуелділік сияқты кері әсерлер де байқалып жатыр.
Токио халықаралық университетінің профессоры Кристофер Ламонт жасанды интеллекті жаһандық саясатта қабылдаудың үш моделін ұсынды. Алмаз Шарман медицинадағы ИИ-дің қолданысын — диагноз қоюдан бастап жеке емдеу жоспарын әзірлеуге дейін егжей-тегжейлі баяндады. Бұл технологиялар медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыра алады.
Конференция аясында цифрлық құқық, мемлекеттік басқару трансформациясы, жасанды интеллект пен үлкен деректердің саяси үрдістерге әсері тақырыбында үш дөңгелек үстел жұмыс істеді. Цифрлы дәуірдегі адам құқығын қорғау, киберқауіпсіздік, цифрлық ізі заңнамалық реттеу және заңнаманы үйлестіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ғалымдар жасанды интеллект реттеудің күрделілігін, реттеудің ұлттық және халықаралық тәсілдерінің жоқтығын атап өтті. БҰҰ, ЕО, G7 ұсынған даму стратегиялары мен қауіп-қатерлер талқыланды. Аталған стратегиялар ЖИ-ге ғаламдық оңтүстік елдерінің қолжетімділігін арттыруға, адам құқығын, оның ішінде жеке өмірінің құпиялығын қорғауға, қауіпсіздік институттарын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мәселелері, оның ішінде АҚШ-тың технологиялық басымдылығы және жаһандық қауіпсіздікке ықпалы қаралды. Медицинада үлкен тілдік модельдердің (LLM) қолданылуы мен гендік терапия перспективалары талқыланды. Спикерлер ЖИ дамуын қамтамасыз ететін нормативтік базаны жетілдіруді, азаматтардың құқықтарын қорғау, әділеттілік пен этикалық мәселелерін шешу қажеттігін атады. Конференция нәтижесінде ЖИ мен үлкен деректерді құқықтық реттеу, ғылыми байланыстар мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған нақты ұсыныстар әзірленді.
Бұл конференция Нархоз университетінің цифрлық трансформация саласындағы ғылыми және практикалық бастамаларды қолдау жолындағы маңызды қадамдарының бірі. Іс-шара цифрлық технологияларды тиімді әрі әділетті пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, халықаралық деңгейде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға сеп болды.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,
профессор, Нархоз университетінің
Құқық және мемлекеттік басқару мектебі
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.