Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Жиын Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өтті.
Есірткі мен киберқылмысқа қарсы күрес күшейеді
186
оқылды

Іс-шара басталар алдында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров  Парламент делегацияларының басшыларын қабылдады. Ол ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Ұйым қызметін заңнамалық тұрғыда қолдаудағы рөлін жоғары бағалап, отырыстың табысты өтуін тіледі.

Ерлан Қошанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінде сөйлеген сөзінде Жогорку Кенеш Төрағасы Нурланбек Шакиевке 2025 жылы Қырғыз Республи­­касының Ұйымға төрағалығы аясындағы басымдықтарды жемісті жүзеге асыруына тілектестік білдірді. 

Қазақстан делегацияның басшысы әріптестерінің назарын ҰҚШҰ-ға мүше елдерде есірткінің заңсыз айналымы мен интернет алаяқтықтың өсуіне аударды. Ол мұндай жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы заңна­малық тосқауыл қою үшін күш біріктіруге шақырды. Мәжіліс Төрағасы миллиондаған адам осы қылмыстың құрбанына айналатынын, ал ұйымдас­­тырушылары көбіне шетелден әрекет ететінін атап өтті.

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы синтетикалық есірткі мен киберқылмысқа қарсы іс-әрекет саласында ортақ құқықтық кеңістік құруға ықпал ете алады. Қазақстан депутаттары осы жұмысқа белсене атсалысуға дайын. Бұл мәселелерде бізде бұрыннан қалыптасқан құқықтық тәжірибе бар. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша есірткі қылмыстарына қатысты жауапкершілік заңнамалық тұрғыда едәуір күшейтілді. Биылғы Парламенттік сессия­ның соңына дейін интернет алаяқтық үшін де жауапкершілікті заң жүзінде қатаңдатуды жоспарлап отырмыз, – деді Ерлан Қошанов. 

Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы ҰҚШҰ-ға мүше елдердің депутаттарын Ауғанстандағы жағдайды үнемі назарда ұстауға шақырды. Оның айтуынша, елдегі ахуал тұрақтанып келеді.

Ерлан Қошанов Қазақстан тарапының Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасын нығайту қажеттігі жөніндегі ұстанымын білдірді. Астанадағы саммитте қабылданған ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы да осы мәселені шешуге бағытталған. Екінші маңызды міндет ретінде Спикер Ауғанстанға көмек көрсету және елдегі өзекті гуманитарлық мәселелерді шешу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруді атап өтті.

Мәжіліс Төрағасы дәл осы мақсатта Алматыда Ор­талық Азия мен Ауғанстан елдері үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығы құрылғанын еске салды. Ерлан Қошанов сөзін қоры­тындылай келе, өзара құрмет пен сенім ҰҚШҰ Парламенттік Ассам­блеясындағы табысты ынтымақ­тастықтың кепілі екеніне назар аударып, қол жеткізілген барлық уағдаластықтың табысты жүзеге асуына тілектестік білдірді. 

Іс-шара аясында Парламент делегацияларының басшылары Бішкектегі Жеңіс монументіндегі Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Елнар ЕЛТАЙ