Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 22 мамыр күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ осы аптада өткізілетін іс-шараларды пысықтады.
Жайлы жол – сапалы өмір көрсеткіші
198
оқылды

Отырыс барысында бюро мүшелері «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республика­сының Министрлер Кабинеті арасындағы инвес­тицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды палата отырысының күн тәртібіне шығару жөнінде қаулы қабылдады.

Бұл заң екі ел арасындағы экономикалық ын­тымақтастықты нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, бір Тараптың екінші Тараптың аумағындағы инвес­тицияларын жүзеге асыру, сондай-ақ екі мемлекеттің аумақтарындағы инвестициялық қызметке байланысты мәселелерді реттеу үшін қолайлы режим құру тәртібі мен шарттарын айқындайды.

Сонымен қатар бюро отырысында Сенат комитеттері өткізетін алдағы іс-шаралардың тақырыптары тал­қыланды. Осы аптада республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға арналған шығыстары бойынша мемлекеттік аудиттің нәтижелері туралы және Қазақ­стандағы мемлекеттік-жекешелік серіктестіктің мәселелері мен перспективалары жөнінде отырыстар өтпек. Сондай-ақ депутаттардың мүдделі тараптармен жасыл технологиялар мен инвестицияларды дамытуға қатысты бірқатар кездесуі ұйымдастырылады.

Жоспарланған маңызды іс-шаралардың бірі – «Қазақстан Республикасында автомобиль жолдарын салу және пайдалану: ағымдағы жай-күйі, өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары» тақырыбына арналған Үкімет сағаты.

«Үкімет сағатында осыған дейін өткізілген кездесулерде сарапшылар айтқан ұсыныстарды ескере отырып, саладағы қордаланған мәселелерді жүйелі шешу жолдары талқыланады. Жолдың са­па­сы тек көлік инфрақұрылымы ғана емес, сондай-ақ ол – тұрғындардың қауіпсіздігі, экономикалық белсенділік пен өмір сүру сапасының көрсеткіші. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік-логистика саласын дамыту мәселелеріне, оның ішінде ірі инфрақұры­лым­дық-транзиттік жобалардың жай-күйіне назар аударды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық мақсаттар аясында нәтижелі жүзеге асыру – бар­шамыздың ортақ міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ бюро мүшелері бұған дейін Парламент Мәжілісі қабылдаған заңдарды жұмыс үшін Сенаттың комитеттеріне бөліп берді.

Елнар ЕЛТАЙ