Елорда төрінде «Опералия» халықаралық музыка фестивалі өтті. «Астана Опера» театрында салтанатты қызыл кілем төселіп, кеш қонақтарына қойылымдардан көркем үзінді ұсынылды. Сонымен қатар әйгілі хореограф Ролан Петидің үш бірдей туындысының премьерасы сахналанды.
«Опералия» – өнер мерекесі мерекесі
230
оқылды

Кеш көрермендері белгілі француз хореографының бір актіден тұратын үш балетін тамашалады. Дәлірек айтсақ, «Арлезианка», «Бозбала және Өлім» және «Кармен» спектаклі қойылды. Қойылымдар «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен сахналанды.

Аталған спектакльдерді әлемге танымал балетмейстер Луиджи Бонино мен суретші Жан-Мишель Дезире алып келді. Премьерада әйгілі балет жұлдыздары, труппаның жетекші солистері мен кордебалет әртістері өнер көрсетті. Ал оркестрдің дирижерлік міндетін Элмар Бөрібаев пен Руслан Баймурзин өз қолына алды.

Айта кетейік, фестиваль екі айға жалғасады. 6 маусым күні ресейлік тенордың қатысуымен Ж.Бизенің «Кармен» операсы ұсынылады. Бұдан бөлек, екі жарқын премьера – П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы аруы» мен В.Беллинидің «Капулетти мен Монтеккиі» бар. 29 маусым күні Қытай мен Ресейдің балет жұлдыздары қатысатын гала-балет өтетінін ескерсек, шілдеде елордалықтар мен қала қонақтары Дж.Пуччинидің «Богема» операсын тамашалау мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» және В.Цукеттидің «Souvenir de danse» қойылымы ұсынылады.

Фестиваль аясында Джакомо Пуччинидің әйгілі «Турандот» гранд-операсы Қазақстан мен Ресейдің опера жұлдыздарының қатысуымен сахналанады. Сондай-ақ К.Байсейітова атындағы Камералық залда бірқатар мазмұнды концерттер ұйымдастырылады. Атап айтқанда, болгариялық скрипкашы Павел Миневтің жеке кеші, Салауат Карибаев және Алияр Өтетілеудің қатысуымен өтетін виолончель концерті бар. Мәскеуден арнайы келген Елман Ернұрдың фортепианодағы соло бағдарламасы және түрлі вокал кеші өтеді. Жалпы айтқанда, бас-аяғы 30-дан астам іс-шара жоспарланған. 

 Ерсұлтан Алпысбай