ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Күдіктілер қатарында ректордың міндетін атқарушы, Қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, сондай-ақ серіктес ұйымдардың басшылары бар.
Тергеу нәтижесінде университет қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізуге қатысты жалпы сомасы 256 млн теңгені құрайтын жалған келісімшарттар жасағаны анықталды.
– Аталған жұмыстар іс жүзінде орындалмаған. Бюджет қаржысы жалған актілер негізінде байланысы бар компаниялардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.Қылмыстық жолмен алынған кірістерге күдіктілер 6 қымбат көлік (Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 және т.б.) пен Шымкент қаласының орталығынан құны 254 млн теңге болатын элиталық коттедж сатып алған. Оларға сот санкциясымен тыйым салынды, – делінген ресми ақпаратта.
4 күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.