Содан адам ақырғы демі шыққан соң өзіне соңғы рет құрмет көрсетілгенін, арулап ақиретке аттандырғанын қалайды. Қиямет қайымға шығарып салушы жұрттың оның сауапты істерін ауызға алып, иманын арттырып, жаны үшін жәннатқа жол ашуын тілейді. Бірақ бұқара үшін осы соңғы арман қолжетімсіз бола түсті. Жерлеу жоралғысы қызметтерінің құны қымбаттады. Депутаттар бұл көлеңкелі, аса табысты саланы мемлекеттік бақылауға алуды ұсынды.
Осы аптада әлеуметтік желіде дәм-тұзы таусылған кейуананы ақтық сапарға ақшадан шашу шашып, шығарып салып жатқан әулеттің видеосы тарап, саналы елді тіксінтті. 103 жастағы марқұмның ер-азаматтар иығына салған мүрдесін қоршай алған жұрт жапа-тармағай қолын көтеріп, бірін-бірі кимелеп, шашылған ақшаны бірінші болып алып қалуға тұра ұмтылды. «Адам өлімінде ақша шашып не көрінді?!», «Ел есінен ауысайын деген екен» деп адамдар жаға ұстады.
Сондықтан зиялылар, қоғам белсенділері және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көп жылдан бері республиканың барлық аймағына ортақ, шариғат шеңберіндегі әрі салт-дәстүрімізді де ескеретін, сондай-ақ бүгінгі заман талабына сай келетін, ең бастысы, отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын, ысырапқа жол бермейтін жоралғыларды бекітуді ұсынып келеді. Әйтсе де, күн сайын шариғатқа да, қазақы ұғымға да қатар жат, дінімізде нақты талап етілмеген, ақырет үшін пайдасыз, шындығынан гөрі жорамалы басым, иманынан гөрі зияны көп түрлі рәсім-ритуалдар ел арасында етек жайып барады.
Әбу Насыр әл-Фараби мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазановтың пайымдауынша, жаназа, жерлеу рәсімдерін және олардың айналасындағы жоралғыларды ретке келтіру, бір ізге түсіру, ел болып, бір қалыпты таңдау – бір жағынан, халықтың ауызбіршілігін, елдің тұтастығын арттыруға ықпал етеді. Екіншіден, әралуандылықты алауыздыққа айналдырып, бірлікке сына қағуды, діни ахуалға нұқсан келтіруді мақсат еткен деструктивті күштерге тойтарыс беріледі.
Бұл бағытта ҚМДБ исламтанушы, дінтанушы, теолог, этнограф сияқты түрлі мамандарды тартып, ауқымды да жүйелі жұмыстар атқарып жатқан көрінеді. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын басты. «Зират және зиярат мәдениеті» атты қазақстандық мұсылман жамағатына ортақ құжат қабылдады. Оның Шариғат және пәтуа бөлімі көптеген пәтуа шығарды. Себебі еліміздің әр аймағының өз салты болғанымен, шариғат үкімдері – күллі мұсылман үмбетіне ортақ. Бұл құжаттарда қарама-қайшылықтар мен талас-тартыстарға тойтарыс беріліп, жамағатқа бірдей жөн-жосық көрсетіледі, бірыңғай үкімдер келтіріледі.
Әйткенмен, Қазақстан Конституция бойынша зайырлы ел болғандықтан, ҚМДБ барлық қазақстандықтың орындауына міндетті заң шығара алмайды. Оның үкім, пәтуа, шешімдерінің бәрі нұсқаулық, кеңес мәртебесінде ғана қызмет етеді. Тиісінше, қазақстандықтар ұстанбақ түгіл елесе де еркі, елеусіз тастаса да ешкім қой демес.
Зираттар не үшін цифрландырылады?
Мұндай жағдай ҚМДБ атқарған кең ауқымды жұмыстың қадірін түсіреді, еңбекті еш етеді. Сондықтан бұл мәселеге заң шығарушы орган да назар аударды. Алайда Үкіметтің оң қорытындысын ала алмағандықтан депутаттар «Жерлеу рәсімдері және зиярат ісі туралы» заңының жобасын жұмысқа қабылдай алмай келеді. 2025 жылғы наурызда бұл мәселені сенаторлар қайта көтеріп, күн тәртібіне шығарған-тын, Үкімет «жоқ» деп кері серпіп тастапты.
Сенаторлар Үкіметке, біріншіден, ритуалды қызметтер көрсететін және зираттарға қызмет көрсететін кәсіпорындарды мемлекеттік бақылауға алуды, оларды жекешелендіруге тыйым салуды ұсынды. Екіншіден, жекеменшік зираттардың қаптауына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде бейіт-мола атаулының мемлекеттік меншік мәртебесін бекітіп, оларды тек қана мемлекеттік басқару объектісі ретінде тануды сұрады.
Үшіншіден, Сенат барлық қорым-зираттардағы жерлеу орындарының санын нақты есепке алатын бірыңғай, мемлекеттік цифрлық жүйесін құрған жөн деп санайды. Ол дерекқор мемлекеттік органдардың басқа деректер базаларымен интеграциялануға тиіс.
Қазіргі кезде мұндай жұмысты ҚМДБ өз бетінше мұсылман зираттары бойынша жүргізіп жатыр. Бас мүфти, ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Qamqor-Sharapat салттық қызмет көрсету мекемесі 2024 жылы республика бойынша зираттарды цифрландыру жұмысын қолға алған-тын. 2024 жыл қорытындысында 910 гектарға жуық мұсылман зираты цифрландырылыпты.
Былтыр жалпы ауданы 1 600 гектар зират учаскелері қоқыстан тазартылса, қоршаусыз тұрған жалпы алаңы 161 гектар зират учаскелері қоршалды. Өйткені ауқатты әулеттер жан тапсырған беделді тұлғасына биік күмбезді мазар, үлкен дуалды қабірстан-пантеон тұрғызғанда, мұны кейде «жайылған мал кіріп, таптап тастамауы үшін» деп түсіндіреді. Зираттың ортақ қоршауы болса, онда ҚМДБ тұжырымдауынша, әр моланы жеке қоршаудың қажеті жоқ.
Qamqor-Sharapat орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлының мәліметінше, енді бұрын қайтыс болып, мұсылман бейіттерінде көмілген марқұмдардың аты-жөнін жинақтап, деректерін бір орталықта сақтау, цифрлы жүйеге енгізу сияқты жаңа бастамалар қолға алынды. Мұндағы мақсат – қайтыс болған мұсылмандардың аты-жөнін ортақ базаға енгізу, мұсылман зираттары туралы республикалық ақпараттық жүйе құру, оларда жерлеу үшін бөлінетін жер телімінің реттілігін сақтау, өмірден өткен кісіге қажетті құжаттарды ортақ база арқылы рәсімдеу. Сондай-ақ зәулім күмбез, мазар тұрғызуға тоқтау салу, қарапайымдылықты сақтап, рәсімдерді бірізділендіру көзделіп отыр.
– Ата-бабасының қайда жерленгенін білмей, іздеу салған ұрпақтары бар. Зираттар базасын құру сол іздеу жұмысын жеңілдетеді. Бұл қызметті шетелдегі қазақтар да қолдана алады. Елдегі барлық облыс орталығындағы зираттарды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, ортақ база іске қосылып жатыр. Одан кейін аудан-ауылдардағы шағын мұсылман зираттары қамтылады, – деді ҚМДБ өкілі.
Сенатор Андрей Лукин ұқсас жұмыс барлық зират бойынша жүргізілгенін қалайды. Елде өзге дін өкілдерінің зираттары жетерлік. Оларда да тәртіп орнатылғаны абзал.
– Сондай-ақ ритуалды қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау күшейтілуге тиіс. Жерлеу бойынша негізгі қызметтердің шекті бағасын мемлекет орнатқаны дұрыс. Жерлеу рәсімдерімен байланысты қатынастарды реттеу, жерлеу ісін ұйымдастырудың баршаға бірдей құқықтық негіздерін бекіту үшін Үкімет мүдделі мемлекеттік органдарға «Жерлеу рәсімдері және зиярат ісі туралы» заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма беруі керек, – деді А.Лукин.
Оның айтуынша, ритуалды қызмет саласында жедел шешуші және мемлекеттің араласуын талап ететін көптеген проблема қордаланды. Заңсыз жерлеу бюролары қызмет етіп жатқан көрінеді. Соның салдарынан, сенатор бұл бизнестің соңғы жылдары экономиканың ең бақыланбайтын және көлеңкелі саласына айналғанын жеткізді.
– Тәжірибе көрсеткендей, ритуалды қызметтерді бәсекелі ортаға беру нарықтың монополиялануына, қылмыстық элементтердің пайда болуына соқтырды. Зираттар мемлекеттің меншігінде болғанына қарамастан, жерлеуге арналған жерді параға заңсыз бөлу, бір орынды бірнеше рет сату сияқты алаяқтық көріністері байқалады. Көрді қайта қазу, заңсыз эксгумациялау сияқты қылмыстар болған. Жерлеу қызметтері тоқтаусыз қымбаттайды. Мысалы, пандемия кезінде мемлекеттік құрылымдар қолжетімді бағаны қамтамасыз етіп тұрғанда, жеке операторлардың жерлеу құны 1 миллион теңгеге дейін барды, – деді сенатор.
Оның пікірінше, мемлекет лайықты күтіп ұстай алмай әрі бюджетті үнемдеу үшін болашақта зираттарды жеке қолға беріп қойса, онда елордадағы пантеон, ҚР көрнекті қайраткерлерінің аллеясы, жаңа қалалық зираттағы жасыл парк, Кеңсай және басқа зираттар «VIP-бейіттерге» трансформациялануы мүмкін.
Заң емес, ар соты айқындайды
Сенатқа қайырған жауабында Үкімет басшысы әзірге зираттарды бәсекелі ортаға беру қарастырылмағанын мәлімдеді. Сонымен бірге ол зираттардың «айрықша мемлекеттік меншік пен басқару объектісі» ретіндегі мәртебесін заң жүзінде бекітуді де артық санайды.
– «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының 82-бабының 1-тармағында жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікке зираттар да жатуы мүмкін деп жазылған. Ал 2021-2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарында ритуалды қызметтер көрсететін және зираттарға қызмет ететін мемлекеттік кәсіп-
орындар жоқ. Қорыта айтқанда, зираттардың мәртебесін анықтау мәселесі қолданыстағы заңнамамен реттелген. Зираттарды жекешелендіру рәсімдері жоспарланып отырған жоқ, – деп қысқа қайырды Олжас Бектенов.
Жерлеу саласын цифрландыруға қатысты түсініктеме берген ол қандай да бір елді мекеннің шекарасы аясында зираттарға жер бөлуді жергілікті әкімдік қала салу құжаттамаларын әзірлеу аясында жүзеге асыратынына екпін түсірді. Барлық жылжымайтын мүлікті есептеу, соның ішінде жерлердің санаты мен нысаналы мақсаты «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесінде (ЖМБМК АЖ) көрсетіледі.
Мұның сыртында әрбір әкімдік өңірлік геоақпараттық жүйе мен жергілікті-локальды деректер базасын пайдаланып, жергілікті зираттарды сол арқылы басқарады және жерлеу орындардың есебін өз беттерінше жүргізеді. Бұдан өзге, Премьер-Министр «Жария кадастрлық картаның» да барын еске салды (бірақ қарапайым адамның онымен жұмыс істеуі, түсінуі қиын). Бұл карта жерге қатысты мәмілелерді өткізу және қамтамасыз ету үшін ЖМБМК АЖ-дан жалпыға қолжетімді деректерді онлайн режимде алуға мүмкіндік береді. Қысқасы, ҚМДБ үлгісінде зираттардың мемлекеттік бірыңғай дерекқорын не ақпараттық жүйесін құруға Үкіметтің ниеті жоқ.
О.Бектенов жерлеу және ритуалды қызметтер саласына мемлекеттік бақылау күшейтілмейтінін хабарлады. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, монополия болмаса, кәсіпкерлер өз бағасы мен тарифін қалағанынша белгілейтінін айтып дәйектеді.
Қазақ халқында қайтыс болған адамды дәстүр бойынша арулап жуудан бастап, ақ матаға кебіндеу, жаназа намазын оқыту, шығарып салу, жерлеу, қоштасу, қазаның қайғысын бөлісу, ары қарай жетісі, қырқы, елу екілік, жүзі, жылы сияқты астарын беруге қатысты діни және ұлттық жоралғылар бар. Оның бәрі кейде ағыл-тегіл шығынға соқтырады. Оданда оқылған Құран, жасалған дұғаның аруаққа тигізетін пайдасы, сауабы молырақ болса керек.
«Ұлы ас бермесем, ел бетіне қалай қараймын, перзенттік парызымды жарға жығамын» деп дәйектегенде, өлілердің қамы емес, тірілер ризашылығы басшылыққа алынатын болса керек. Олай болса, бұрыс сенімдерден саналы түрде арылып, ысырап орнына, қанағат пен ынсапқа мән беретін кез жеткендей. Ал мұны ешқандай заңсыз-ақ жасауға болады. Құлық, тілек пен ниет болса болғаны.
Елдос Сенбай