Негізгі полигонды пайдалану мерзімі сонау 2000 жылы аяқталған. Ол кезде амалдың жоқтығынан тағы 25 жылға ұзартқан еді. Енді сол межелі уақыт та таяп қалды. Полигон өзі қолданысқа 1975 жылы берілген. 50 жылға жуық уақыт жұмыс істеп тұрған қоқыс полигоны қазір әбден тозған.
Орал қаласындағы Зашаған кентінен 10 шақырымдай жерде орналасқан бұл полигонға күніне тонналап қоқыс төгіледі. Полигонды ICMRecycling компаниясы 10 жылға сенімгерлік басқаруға алған. Қазір олар келісімшарт бойынша күтіп ұстап отырмыз деседі. Ал жалпы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және авттомобиль жолдары бөлімінің балансында.
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыста қатты тұрмыстық қалдықтардың 147 полигоны тіркелген. 145 полигон ауылдық округтердің орталықтарында, ал екі полигон Орал мен Ақсай қалаларында орналасқан.
Экологтардың айтуынша, еліміздегі полигондардың әлемдік деңгейдегі стандарттар мен заңға сай жұмыс істеуіне қомақты қаражат керек.
«Полигондарды дүниежүзілік экологиялық кодекстің талаптарына сәйкестендіру үшін оған қыруар ақша керек. Оралға полигон салу үшін қомақты қаражатты кім береді? Бізде заң әлемдік кодекспен реттелгенімен, ақша бөлуге келгенде әлемдік масштабқа сай емес. Сондықтан осы жерде қарама-қайшылық туады», – дейді қоғам белсендісі Дәуренбек Сахым.
Бұл полигон толып қалғаны аздай, жиі өртенеді. Одан шығатын күлімсі иісі тағы бар. Қала тұрғындары осы иіске көп шағымданады. Себебі кешкі уақытта сыртқа шығып серуендеу, үйдің терезесін ашу мүмкін болмай қалады. Әсіресе, жаз уақытында қиын.
Дәуренбек Сахым осы уақытқа дейін полигон өртенген кезде Экология департаменті өкілдерін жанып жатқан аймаққа ертіп барған. Айтуынша, сол сәтте ауаның ластануын тексерген департамент мамандары «Ластану көрсеткіші жоқ» деген. Экологтың сөзінше, мәселенің шешімі – полигонды жаңа орынға көшіру мен қоқысты дұрыс орналастыру.
Қала маңындағы қатты қалдықтар полигоны толып қалғанын, қолдану уақыты асып кеткенін қалалық әкімдіктегілер де мойындап отыр. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмей, жаңа полигон сала алмай отырғандарын айтады. Айтпақшы, жаңа полигонның жобалық-сметалық құжаты да дайын. Жоба құны 12 млрд теңгені құрапты.
«Полигон көлемінен асып кетті. Екі мыңыншы жылдан бастап, биылға дейін қайтадан мерзімі ұзартылды. Биыл соңғы жыл деуге болады. Барлық қоқыс көзге көрініп, жер бетінде шашылып жатыр. Қазір қолымызда жобалық-сметалық құжат бар. Сараптаманың оң қорытындысын алдық. Біз атқарушы орган болғаннан кейін жоғарғы өкілетті органнан жауап күтеміз. Облыстық Энергетика басқарамасына және Табиғатты қорғау басқармасына бюджетті қорғау өтінімі ұсынылды. Қазір қарастырып жатыр. Жобаның құны 12 млрд көлемінде болғаны қиындау болып тұр», – дейді аталған бөлімнің абаттандыру секторы меңгерушісі Дархан Еркінұлы.
Егер қаражат табылып, жаңа полигон салынса, ол барлық талапқа сай болуы керек. Себебі қазіргі полигон ол жай ғана қоқыс төгетін алаң ғана. Айналасында ең құрығанда қоршау да жоқ.
«Жаңа полигон Зашаған кентінен 15 шақырым жерде болады. Қазір қолданыстағы полигон сол кезде қалай бар, солай берілген. Былайша айтқанда, қазір сырты тек тормен қоршалып тұр. Қалдықтар жер бетінде шашылып жатыр. Ол жерде әкімшілік ғимарат та жоқ. Қалдық жинау үшін жағдай жасалмаған, қоқыс ашық орынға жиналып жатыр. Жаңа полигонда жұмыс істеу үшін қажетті әкімшілік заңнамалар қарастырылған, инженерлік инфрақұрылым толығымен тартылады. Қазіргі сұрыптау жүйесімен салыстырғанда, болашақта қалдықтардың соңғы көлемі әлдеқайда аз болады», – дейді Дархан Еркінұлы.
Біз полигонды күтіп ұстаушы мердігер компания өкіліне де хабарласып көрдік.
«Қазір полигон 95%-ға толды, тіпті одан көп те болуы мүмкін. Мердігер мекеме болғаннан кейін келісімшарт бойынша міндетіміз – полигонды күтіп-ұстау. Полигон аумағы – 35 гектар. 2019 жылы іске қосылған Green Servis Company сұрыптау кешеніміз бар. Қоқысты күнде сұрыптайды. Полигонға жылына 71-72 мың тонна қоқыс түседі. Күніне қаладағы және даладағы қоқысты жинайтын 70-80 көлік келеді», – дейді ICMRecycling компаниясының директоры Алмас Пішенбаев.
Орал қаласындағы қоқыс полигонының мәселесі қазір күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып тұр. Тұрғындардан түсетін арыз-шағым да көбейген. Экологтар да дабыл қағып жатыр. 50 жылдан бері қызмет атқарып тұрған полигон әбден тозған. Ал жоғары жақ жаңа полигон салуға ақша бөлінген жоқ деп ауыздарын құр шөппен сүртіп отыр. Әне-міне, жаз шығады. Қоқыс полигоны тағы шіріп, иістенеді. Ол аздай, өртенеді. Қаланы тағы көк тұман басады. Бұл оралдықтар бетпе-бет келетін жылдағы проблемаға айналды. Ал билік болса жаңа полигон салуға асығар емес.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы