Ақмола облысында кезекті егіс науқаны басталды. Түйткілді мәселелерді реттеуде жергілікті билік пен ауыл шаруашылығының құзырлы органдары қандай әрекет етті? Ауылдағы диқан қауымын алаңдатқан мәселелерді жіпке тізгенді жөн көрдік.
Астықты аймақ алаңдап отыр
133
оқылды

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ай­мақта биыл жалпы көлемі 5,5 миллион гектар жерге дән себіл­мек. Сонымен бірге өңірдегі астық өндіруші 664 аграрлық шаруа­шылыққа 100 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несие бері­ліпті. Облыс әкімдігінің мәліме­тінше, егістік жер көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 52 мың гектарға артқан. Облыс әкімі бұл өңірдегі аграрлық шаруашы­лық­тардың жоспарлы жұмысы мен ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақты динамиканың жемісі екенін атап өтті. 

– Диверсификация шеңберінде майлы дақылдар көлемі 430 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Жем-шөп дақылдары өткен жылдағыдай деңгейде себіледі. Жаздық егіс қазіргі уақытта 750 мың гектардан астам алқапқа себілді. Көктемгі егіс науқанын өткізу үшін барлық әзірлік шаралары толыққанды жасалды. Қысқы уақытта ылғалды жинау мақсатында 1,1 миллион гек­тар егістік даласында қар тоқ­татылған. 3 миллион гектардан ас­там жерде ылғал жабылды. Көк­темгі егіс жұмыстарының алдында екі миллион гектардан астам жер өңделді. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда үш есе жоғары, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ах­метжанов. 

Өңірде қажетті тұқым қоры са­қадай-сай әзір. Биыл ауамен ­жы­лытуға іс жүзінде екі есе көп тұ­қым жеткізілген. Өткен жыл­дармен са­лыстырғанда минералды ты­ңайт­қыштармен өңдеу де үш есеге жуық ұлғайтылған. 

Дегенмен өңір диқандарын тол­ғандырған мәселелер еш то­ластаған емес. Мәселен, «Аскоп» ЖШС басшысы  жеңілдікпен бері­летін жанармай алудың өзінде бірталай қиындыққа тап бола­ты­нын жеткізді. Атап айтқанда, көк­темгі дала жұмыстарын дер уақы­тында жүргізу үшін жанармай шы­ғындарына базалық нор­ма­тивтерді бекітуге қатысты өзекті мәселе көтерді. 

– Көктемгі егіс және егін орағы кезінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін мұнай өнімдерін бөлу және қалыптастыру қағи­даларына сәйкес егіс науқаны жұ­мыстарын атап айтқанда жер жырту, өсімдерді зиянкестерден қорғау үшін дәрілерімен өңдеу, қар тоқтату, күзгі дақылдарды себу бас­қа да кезек күттірмейтін жұмыс­тарды дер кезінде жүргізуге дизель жанармайын алу үшін ауылдағы шаруа gosagro.kz уеб-порталы ақпараттық жүйесінде өтінім қал­дыратын. Алайда былтырдан бас­тап, аталған пункте жоғарыда атал­ған жұмыс түрлерін жүргізу үшін жанармай шығынының ба­залық нормативі бекітілмеуіне байланысты шаруаларға қол­же­тімсіз болып қалды. Сондай-ақ ауылшаруашылық жұмыстарында келер жылдарға пар­ға қалдырылған жерлерді өңдеуге де жанармай қарастырылмай қал­ған. Бұл мем­лекет тарапынан ерек­ше назар аударуды әрі қолдауды қажет ете­ді, – дейді кәсіпорынның бас директоры Николай Сте­паненко.

 Диқан қауымын жылдар бо­йы жүйкесін тоздырған тағы бір жайт –  аймақта киік санының жылдағыдан көп болуы. Шаруалар жаңа ғана егілген бидай көгінің шықпай жатып, киік тұяғының астында тапталып, шығынға бел­шесінен батамыз ба деп қауіп­те­неді. ­Облыс әкімімен өткен жиын­да келтірілген нақты деректерге жүгінсек өңірдің бірнеше ауда­нында жағдай аса өткір. Шаруалар егіс алаңына жаппай кірген киік­тердің шабуылынан күзде мүлде өнімсіз қаламыз деп шырылдап отыр. 

Ақмола облыстық мәсли­ха­­тының депутаты, Егіндікөл ауда­нын­дағы «Қоржынкөл-А» ЖШС ди­ректоры Әбілқайыр Ошақ­баевтың айтуынша, қазіргі уа­қытта об­лыстың Целиноград, Қор­ғалжын, Егіндікөл, Атбасар, Астрахан, Жақ­сы және Жарқайың аудан­да­рында егістік алқапта­ры киіктердің тұяғына тапталып ке­туі мүмкін. Бұл өңірдегі бидай өні­мін 60-70 пайызға дейін тө­мен­детуі ықтимал.

– Ауылдағы егін егіп, нәпа­қасын айырған ағайынның шы­рылын ешкім естімейді. Киіктердің бидайды жемейтінін, таптамай­тынын айтатындар көп. Мен өз басым комиссияны шақырып, олар­дың егінді қалай таптап, қалай жеп кететінін көрсеттім. Егістіктің үстімен сағатына 50 шақырым жылдамдықпен бес мың киік ша­уып өтеді. Олардың таптап кеткен тұяғынан кейін не қалуы мүмкін? Биыл Мемлекет басшысы біздегі мәселені ашық айтып, шешім қабылдауды өтінді. Мәселе күзге қарай шешілуі де мүмкін. Бірақ киіктер жаз бойы егіннен түк қалдырмайды, – дейді Әбілқайыр Ошақбаев. 

Түйткілді мәселе көтерген «Қор­жынкөл-А» серіктестігінің басшысы оны шешудің жолдарын ұсынды. Оның алғашқысы – киік­тер санын ғылыми-биологиялық негіздеме бойынша реттеу. 

– Экология және Ауыл шаруа­шылығы министрліктері ауыл­шаруашылық тауар өндіру­шіле­рінің егістіктерін қорғау бойынша бағдарлама жасақтауға тиіс. Со­нымен қатар орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспек­циялары да шаруалармен бірге киіктер төлдегеннен кейін егіс­тіктерден бірлесіп қууын ұйым­дастыру қажет. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология министрлігі алын­баған өнім мен шығын көлемін өтеу бойынша тетіктер мен шара­лар жүзеге асыруы керек. Егер қа­жет болған жағдайда облыс ау­мағына өтетін жолдарын шарбақ­пен қоршаған жөн, – дейді Әбіл­қайыр Ошақбаев.

Қалай дегенмен де жылда қа­й­таланатын өзекті мәселе әлі де болса шешімін таппай келеді. Ке­рісінше, жыл өткен сайын күр­де­леніп, диқан қауымымен қоса, тұтас ауыл шаруашылығын демік­тіріп тұр. Салада сілкініс туды­­ратын әрі жағдайды реттейтін дұ­рыс қадам дереу арада жасалмаса, ас­тықты аймақтардағы ахуал қиын­­дап, нанның құны алтынмен пара-пар болатын күн алыс емес сияқ­ты...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы