Конференцияға қатысушылар жиын басталмас бұрын «Жастар» шағын ауданындағы мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы және Кенесары жасақтары жерленген «Бабалар қорымында» болып, бабалар рухына құран бағыштады. Қайраткердің ескерткіші маңына шырша егіп, айналасын абаттандырды. Одан кейін «Күлтегін» атриумында Смағұл Сәдуақасұлының және зерттеуші-ғалымдардың мемлекет қайраткері туралы жазылған кітап көрмесін тамашалады.
Шараға Парламент депутаттары, көрнекті тарихшылар, ғалымдар, ЖОО басшылары, мұражай директорлары, мектеп, БАҚ, партия өкілдері және басқалар қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Президент кеңесшісі, ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлы жеткізді. «Смағұл Сәдуақасұлы халқымыздың біртуар перзенті, ол күрделі кезеңде маңызды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, көптеген игі бастамаларға ұйтқы болды. Тұғырлы тұлға сөз руханиятын өркендетуге зор еңбек сіңірді. Халқымыз Смағұл Сәдуақасұлының есімін ешқашан ұмытпайды, оның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Конференцияға қатысушылар арнайы қарар қабылдап, жоғары деңгейдегі ғылыми басқосудың өрелі мақсатқа қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ шара аясында академик Дихан Қамзабекұлының «Смағұл Сәдуақасұлы. Қайраткер қағидаты» атты кітабы таратылды.